Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  265


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ӨНЕР

Келе жатқан ата салты, қалыптасқан ежелден,
Құр алақан емеспін мен, ей, достарым өнерден.
Қызып кетсем топ ішінде тарсылдатып биледім,
Әуелетіп әнімді айтып, домбыра шертіп жөнелгем.
Қосыламын бұл қазағым тапқыр, шешен дегенге,
Атой салып алапат күш, қаным қызып денемде.
Ақын болып тебіренемін, ұйқас іздеп қаншама,
Мен ғашықпын сенсеңіздер, ей, адамдар, өлеңге!
Сынаптайын сырғып уақыт, бастан бір күн өтпей ме,
Шабыттансам көз тігемін көк майсалы беткейге.
Сол өнердің жайсаңдарын құрметтесем, біреулер,
Кінәлайды бостан-босқа шашыласың деп кейде.
Жымысқы емес, ризамын ниетіңмен шын күлсең,
Айтары бар қарт алдында іркілермін іркілсем.
Рухани жұтаңдығың байқалса жұрт алдында,
Сыртың бүтін, қуыс кеуде жан боласың –
кімсің сен?!
Аялаймын адал жарды, қаумалаған досты әсем,
Менің мынау сауалымның жауабынан қашпа, сен.
«Жігіттерге жүз өнер аз» деген бар ғой халықта,
Соның бірін меңгермесең бөріктіге қоспас ем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Нұрсұлу
Нұрсұлу 21.02.2023 22:03
Оте жақсы

Пікір жазу