Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  102


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ӨМІР

Оңаша қап ойға салсақ саналы,
Тоқтамайды күндер алға ағады.
Сәби шағың, мектеп, оқу, үйленіп,
Әлпештейсің ертеңім деп баланы.
Отбасымның сөнбесін деп ошағы,
Сауыт кимей алтындалған шашағы.
Киім бүтін болсын дейсің әйтеуір,
Сөйтіп жүріп жас отыздан асады.
Бала күнгі бағынбайтын құрыққа,
Достарың да сылтау іздеп сыныққа.
Мансабыңа, креслоңа қарайлап,
Азаяды жеткен кезде қырыққа.
Өмір деген – бәрі сурет, шарайна,
Кетер өтіп байқатпайды алайда.
Екіжүзді, сатқындармен алысып,
Елуіңде қар түседі самайға.
Осылайша көріп өмір тартысын,
Бір ғасырдың өткіздім деп жартысын.
Жүргеніңде байқалмайды күйбеңмен,
Қолын созар асқаралы алпысың.
Жоя алмайсың болғанымен текті ісің,
Мықтылардың әлсіздерге тепкісін.
Осыны ойлап тағы да өтер он жылың,
Желкеңе кеп қонжияды жетпісің.
Сонда ғана даңғазадан ығыстап,
Өкінесің жылдарға өткен жылыстап.
Анамның да жанында боп бірер сәт,
Сөйлесе алдым ба екен дейсің дұрыстап.
Сездірмейсің, бәрін де іштей тынасың,
Қалды ма деп пенде мені ұғатын.
Кей достардың қынжылтады қылығы,
Беру емес алғысы кеп тұратын.
Етін қарпып, қалдыратын сорпасын,
Төрт аяқты аң ба деп те қорқасың.
Неге адамдар мәз болады, білмеймін,
Тойып ішіп, толтырғанға қалтасын.
Аңсайтыны бәрінің де басшылық,
Неге қойды мейірімге тапшы ғып?
Алғысын ап қарапайым жандардың,
Көмек беріп, жасады ма жақсылық?
Қандай пайда келтірдім деп халқыма,
Бас қатырмай алға ұмтылған алқына.
Сабаздарға қамшы үйіргім кеп тұрар,
Бір бұрылып көз салмаған артына.
Өтем бе деп сан қилы осы сұрақтан,
Дөңбекшімей ұйықтай ма екен ұзақ таң?
Көзін жұмып өткен жандар ұялмай,
Ертең орын дәмете ме жұмақтан?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу