Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  118


Автор: Бижан Қалмағанбетов

СЫЙЫНУ

Дәстүр демен қайта келіп, жаңарған,
Бірақ оны шығарма, дос, санаңнан.
Жұмыс, шаруа, кейде тіпті үй қамы,
Жігіт болсаң күтіп тұрар жол алдан.
Қуат етіп арайлы күн шапағын,
Батасын ап жаулықты әже, атаның.
Тіршілікте еңкейгенше тынбас бұл,
Алыс-жақын жақтарға ұзақ сапарың.
Жас жігітке түспес әсте қиынға,
Бу беліңді жұмсаса да қиырға.
Жігеріңді осындайда қайра, тек –
Мықтылардың білегіне сыйынба!
Құран сөзін демесек те жаттадық,
Мұсылмандық жолға түстік, қоштадық.
Қорым көрсең тоқтай қалып, сипа бет,
О дүниелік болғандарды еске алып.
Білгеніңді айт, бітемей кең көмейді,
Ешкім саған мұның қалай демейді.
Бабаларың жатар біліп, бір аунап,
Бар қауіптен солар қорғап-жебейді.
Бітер думан, у-дуы да жиынның,
Бала-шағаң, ертеңі үшін үйіңнің.
Ең алдымен жай қолыңды құдайға,
Содан кейін тек өзіңе сыйынғын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу