Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  168


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ЖҰМЫЛАЙЫҚ, АҒАЙЫН!

Дегендей сенімсіздеу бір дүрмек пе,
Бөленіп ел алғысы, құрметке.
Руы кім, қай жерден екен дейміз,
Келсе біреу басшылық қызметке.
Сынау, әлде деме бұл асылдығым,
Ақиқатты айта алсаң батылдығың.
Той-тобырда төске ұрып отырады,
Үш жүздің бірі айтып басымдығын.
Жігіттер-ау ісіңде кідіріс көп,
Жақсы жаққа өйткені жүгініс жоқ.
Бөлінгенше кеп ортақ мәмілеге,
Жұмылайық қауқарлы жұдырық боп.
Шаттық ойнап әрдайым жүзімізде,
Шықсын десек қазақтың үні бірге.
Тату-тәтті болайық, жеткен жоқ па,
Рушылдық, жершілдік түбімізге.
Тірлікке көш заманға сай кемелді,
Салт-дәстүрің оралды, қайта келді.
Егемендік желбіреп туы биік,
Құлпыртайық осынау байтақ елді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу