Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  186


Автор: Бижан Қалмағанбетов

СЕНІҢ КҮЛКІҢ

Махаббаттың айтшы сен теңдесі не,
Жұпар шашқан осынау жер бетіне.
Серігімсің жанымды жадыратар,
Күлкі сенің жарасқан келбетіңе.
Сен күлгенде кеудеме нұр тұнғандай,
Асау жүрек тынымсыз бұлқынғандай.
Топ ішінде көзге оттай басыласың,
Санап басып аяқты сылқымдардай.
Сенен басқа елемей өзге ешкімді,
Шын ғашықтар төзіммен сезбес мұңды.
Қиялымда қонақтап сендей ару,
Жүруші еді періштем кездестірді.
Байлық емес өзіңсің бағым да шын,
Сүйген жүрек от болып жалындасын.
Қызғалдағым қырдағы бүршік жарған,
Аққуымсың сән берген қолымда шын.
Толық ашпас көркіңді шіркін өлең,
Хас сұлусың құлпырып, мың түлеген.
Келер жылдар сыйласын қуанышын,
Қарсы алайық әр таңды күлкіменен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу