Өлеңдер ✍️
САУАЛ
Пендесің ғой сан сауал тұрады алда,
Не тұр дейміз білмесек сұрағанға.
Жолаушылап бір жаққа шыққан кезде,
Тап боласың әйтеуір бір адамға.
Ренжісін, жайдары күлсін мейлі,
Алып-ұшып жүрегің дүрсілдейді.
Киіміңді бір шолып, ру сұрап,
Сұрағыңа сұрақпен кімсің дейді.
Тірегенмен бұл жаққа атбасыңды,
Сезеді ішің апталап жатпасыңды.
Баяндайсың әуелі қызметіңді,
Түгел атап шығасың отбасыңды.
Елемейсің сырт көзге таңданарлық,
Айта алмас ек қазаққа ол даналық.
Қатардағы жан болсаң қайрылмайды,
Бұл мәселе қалған бір қордаланып.
Қарағандай мансапқа, қолға «майлы»,
Бұл қылығын деймісіз аңдамайды.
Құлы болып кетуге аз-ақ қалып,
Басшы десе алдында жорғалайды.
Көрінбес те оғаштық, айыбы да,
Ойлантады пенделік жайы мына.
Көзің кейін жетеді сәл ойлансаң,
Кімсің деген сауалдың байыбына!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter