Өлеңдер ✍️
![](/uploads/shorttexts/author_image/13325737-1076639409094090-2542099575152818632-n-1526407912956.jpg)
Т...ға
Жапырақтар ғұмырын үзді маған,
Қарашықтың ішіне күз құлаған.
Тұстарына бақыттың жүріпті Шақ,
Тұспалына түндердің қыз жылаған.
Тұсады ма анда шу, мұнда дабыр?
Құшағына қараңғы түн қамағыр.
Тым ыстық жас жанарға үйірумен,
Тыныштық бермедік қой мұңға да бір.
Демеймін бақытымнан құтылсақ біз:
Нүктелі мұңдарыма үтір сап күз.
Әзірге шаттық менен шеттемеген.
Жанымда жүргеннен соң құтыршақ қыз.
Үзілме ерте өскен гүлім сабақ,
Жүзіңді ерке ескен жылу сабап.
Көзіңнің қырымен де қарай алмай
Өзіңді кетуші едің сұлу санап.
Солай сен жүре берші, асқақ қарап,
Алаулап алма жүзден бастапқы алап.
Жүремін дегенім ше, озып алда
Жүрегім жүрегіңе бастап барад.
Сезімнің салтын сақтап, ғұрыпты біз,
Жүргенде жанарыңа – тұныпты күз.
Бұйығы бұлттай болып өкпелемей,
Көктем боп жылай салшы қылықты қыз.
Мұңдардың меншігі боп алдырмаспыз,
Қайғымның құрдасы ма Тағдырлас күз.
Ақынға айналдырып дүниені,
Өлең боп өзің қалшы талдырмаш қыз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter