Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  99


Автор: Әлімқұл Данияр

Өлі өң

Азалы айды аспандағы көрем деп
Түнге апарар іңір ізін аңдыдым
Тереземе телміреді өлең кеп
Кеше… Кеше…
Кеше дағы һәм бүгін
Сол өлеңнің тініндегі жасырын
Сенің мұңың секілді ғой сүрленген.
Ғазалыма бейне болған ғашығым
Қашып шығам қарабасқыр «түрмеңнен»
Түнгі клуб төріндесің білемін,
Кектенемін кеткеніңе биші боп.
Санам сыңсып сала берді, күле мұң
Сезіміңнің сіңіп қалған исі жоқ.
Түнгі… Түнгі…
Көбелексің. Қиналам.
Сүйреп жүрген сал үміттің денесін
Шағын шаһар қондырмады миға мән
Ескі күннің қалықтатып елесін,
Қала… Қала…
Қаланы да ұшықтап…
қалайын ба қиялымның қонағы?
Қара түннің қанатынан түсіп қап,
Менің мұңым терезеңе қонады.
Көше… Көше…
Көше бойы тола мас,
Соның бірі – жанарыңның танысы.
Мендік мұңның жұпарына жоламас,
Сенің әсем көңіліңнің ғарышы.
Назды күннің нала нұры еседі,
Ашытады күбі-көңіл боза-мұң.
Жүрегімнің жүрмін іздеп кешегі,
Кірпігіңе қонып қалған тозаңын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу