Өлеңдер ✍️
КӘРІ КӨҢІЛ
Білмеймін аздан бері көңілім алаң,
Неліктен жабырқағыш болып барам.
Бағып жүрген малымды ұры әкетіп,
Бір күнде бос қалғандай болып қорам.
Әлде осылай бола ма кәрі көңіл,
Еңсені белгісіз бір басады зіл
Соңғы он екі ай сөлімді азайтқан ба,
Мұндай емес едім ғой былтырғы жыл.
Құрдастар да келді ғой сексен беске,
Ойды орып,қырды қырып,шапқан төске
Еңкейгенім солардан ұят болар,
Түрлентіп түсірейін сөзден кесте.
Алдымдағы биік шың тоқсан болса,
Шарықтап қыран көңіл соған қонса.
Жазып жүрген кітаптың кем қосы бар,
Тоқсанда бос парағы деймін толса.
Бұл ойыма Құдайым тоқтата ма,
Құрығын салам десе аттата ма.
Көк кілемге оратып көлденең сап,
Боздатып бәйбішеме жоқтата ма?
Ризамын оныңа да патша құдай,
Өзіңе танытпаймын бөтен рай.
Аманатты алдыңда табыс етіп,
Кету парыз көз жұмып,мойын бұрмай.
Әйтсе де жүргенім жоқ өлім іздеп,
Раббым жүрегімде жатқан ізет.
Пендемін алуан түрлі ой ойлайтын,
Кешіріп артық ауыз кетсем түзет.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter