Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  114


Автор: Қыңырбек Қамашұлы

ЖАЛҒАБАЙ ҮКІРДАЙҒА

Жәке, келдің жетпіске, қырыққа біз де.
Жете ме өміріміз біздің жүзге?
Екеуміз ел жегеннен айнымадық,
Түбі жақсы блмайды өзімізге.
Екеумізді көрген ел болды мезі,
Атыны да, тамақтан өтті жезі.
Зарлатып тентіреткенге разы ма?
Аллаға жетпей ме екен нашар сөзі.
Бір малың зорлық етсе бір малыңа,
Түзулік боп ұнай ма өз қалыңа?
Сүзсе, тепсе, өзіңді тістелесе,
Нашардың шықпас па едің оң жағына?
Баршаға жоқтан бар ғып жан бергені,
Адам ғып бір нәсілден теңгергені.
Нақақ жерде жылатып пәле салып,
Жапа тартып қайғыдан ел сенделгені.
Сүлеймен пайғамбар, хәм патша болды,
Биледі дүниені оңды-солды,
Ол дағы еңбек сүйіп адал болды,
Екеуміз қайдан таптық мына жолды.
Ғаламға болса дағы үлкен патша,
Кәсіп, ғаділдік іздепті жатса-тұрса,
Егер топқа шақырса барша халқын,
Шыбық кесіп алады, ел жиылғанша.
Пақыр, жетім, мүскіннің халін қарап,
Халқын түнде аралайды ел жатқанша.
Патшамын деп отырсам бойын балап,
Салтанатпен дүниені тамашалап.
Бос бекерге отырып жұта берсем.
Сұрақсыз бола ма ішкен-жеген тамақ?
Харакетпен ізденіп пұл табайын,
Мақшарды алдымдағы ойға алайын.
Хан болдым, қара болар уақыт келер,
Өзімді өзім аяп қорғалайын.
Шыбықты зәмбіл тоқып алады екен,
Кешке елеусіз базарға барады екен.
Зәмбіл сатып пұлына тағам алып,
Нәпақа алып шүкірлік, қылады екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу