Өлеңдер ✍️
ЖОҚШЫ
Жазайын аз хикая қалам алып,
Бұл зеректің ісі екен ұқсаң нанып.
Әңгімені көрген соң көңіл кетті,
Зейінмен жүрсін жігіт сырды ойланып.
Пендеге бала бермек артық – Дана.
Әр істі байқап білер болса сана.
Көшпелі қазақ елі Сахарада,
Бір жігіт қырға шықты жалғыз ғана.
Жолықты қырда жүріп екі сартқа,
Қарайды олар төңірекке, әрбір жаққа.
-Түйе іздеп жүрсіздер ме,-деді жігіт,
Қарбалас көз салған соң әр тарапқа.
Екеуі жақындады сөзін сүйе,
Сұрады көрдіңіз бе, жалғыз түйе.
Түйең, соқыр, ақсақ па,- деді жігіт,
Рас дәлел мына сөз болды жүйе.
Жүгінің бірі бидай, бір жағы бал.
Рас, үкем, - деді сарт, шүйіншіңді ал.
Және айтты: - бір тісі түскен бе, -деп,
Біз іздеп жүргеніміз осындай мал.
Түйені анық көріп, жүкпен көзін,
Айтқаныңыз бәрі де дәлел сөзің.
Асығып, абдыраған ісіміз тез,
Әпенді түйемізді көрсет өзің.
Соқыр көз, ақсақ аяқ, түскен тісін.
Жүгін көріп бітірген ұқсайды ісің.
Тауып бер, шүйіншіңді ал, жөнін көрсет,
Бітіргін, жолаушының бұл жұмысын.
Тәмәм көріп, тексеріп түйені өзің,
Бір жерге қойған анық айтқан сөзін.
Болмаса барып тұрған орнын көрдің,
Сықылды жайластырған қол не көзің.
-Екі сарт, тура айтайын білгің келсе,
Айдап әкеп берер ем көзім көрсе.
Көргем жоқ, я біреуден естігем жоқ,
Нанған жөн ғой, анығын айтып берсе.
Түйенің жоғалғанын айттың өзің,
Пайда етіп жасырам ба, көрсе көзім,
Түйені көргенім жоқ алмақ түгел,
Мәнісі осы сұрасаң менің сөзім.
Сарт абдырап шығарды ашты сөзін.
Түйең соқыр, ақсақ па, деген өзің.
Жүгін, тісін, баршасын түгел айтып,
Құтылудың ойладың енді кезін.
Жағасына жабысты екі сарт кеп,
Өзің айтып, жеймісің, түйемді, - деп.
Қазының алып барды құзырына,
Қажы әпенді тексерді бұл істі бек.
Тексерді бұл жігітті әбден тінтіп,
Тәптіштеп іс, зәредей таппады түк.
Қауіп-қатер бір нәрсе болмаған соң,
Қазы айтты қайда, қазақ, түйе мен жүк?
Жігіт тұрды әуелгі сөзінде бір.
Қазы да жөн таба алмай абдырап жүр.
Түйенің кейпін, жүгін қайдан білдің,
Көрмепсің, естімепсің, бұл қандай сыр?
Түйе іздеп жүрсіз бе, -деген өзің,
Жүк: балын, бидай, асқақ, соқыр көзін.
Бір тісі түскен бе, деп тағы айтасың,
Сыртың көркем, сөйлеген қалай сөзің?
Жігіт айтты: Тұрағым-қырда жайым.
Қазы ғаділ ақылға әр іс дайын.
Пайымдап сыйын жүрек, көкірек көрсе,
Байқап істің біледі әрқандайын.
Мен бүгін ерте тұрып жолға түстім,
Бір түйе басқан екен құмның үстін.
Басқа хайуан, адамның еш ізі жоқ,
Иесі қашқан ғой деп ойлауым шын.
Жолмен жүріп бір жақтың жепті шөбін,
Білімі бар, пайымдар істің ебін.
Сол жақтың шөбін ыңғай жегендігі,
Ойладым оң жақ көзі емес тегін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter