Өлеңдер ✍️
Өлеңге құмар қылдың...
Өлеңге құмар қылдың, патша – Құдай.
Шіркінді құмарлана сүйдім құлай.
Қалам, кетпен, шалғы, орақ, таяқ бердің,
Алуан түрлі бейнетке салдың ұдай.
Жасымнан өлең қудым, ой ойладым.
Аясы аз, шолақ ойға көп бойладым.
Сүйеніп ақ таяққа шың басында,
Жаңғыртып тау мен тасты құрайладым.
Әлімше ой өрнегін кестеледім,
Орақ ордым – ақ бидай дестеледім.
Шалғымды күн нұрына жарқылдатып,
Теңіздей көк шалғынды еспеледім.
Егінге су жібердім, құлақ байлап.
Қайда жүрсем өлеңді жүрдім ойлап.
Балақты қара саннан түріп тастап,
Күш қылдым құрылысқа ылай айдап.
Мұнымды біреу – күліп, біреу күндеп,
Сөзімен кекесінді жүрді міндеп.
Өзінің шама-шарқын білсе екен-ау,
Көкірегін тасқараңғы алған індет.
Сонда қалай, өлеңді қоя аламын,
Жақсы сөз тапсам, сергіп бой аламын.
Кім білсін, сөздің пірі қолдап жүр ме?
Түсімде өлең айтып оянамын.
Кім кетіп, дүниеге кім келмеген...
Не шешен келді дұрыс тіл білмеген.
Өлеңнің де құралын тапқызбады,
Қысқа тұрмыс – қысқа жіп күрмелмеген.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter