Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
12.09.2022
172
Әншіге
Ән, кенет көтерілді көкке зулап,
Секілді діріл қаққан балғын құрақ.
Көмейден тәтті ән шығып тамылжыды,
Жайлаудың жасыл төсін алды баурап.
Шіркін, ән – тау суындай сылдыраған.
Бір нәзәк аңғартқандай сырды маған.
Көзге жас мөлдіретіп, бойды ерітті,
Ән біткен болсын сондай сорғалаған.
Үніндей дауысы бар бұлбұл құстың,
Сол бір үн жүрегіме қалдырды ұшқын.
Әннің де естісі бар деген Абай,
Болмайды бәрі бірдей алтын, мыстың.
Жұрт көзін түгел жұмып елбіреген,
Жүрегі әнге мас боп елжіреген.
Әлі тұр көз алдымда қарындастың,
Бұрымы қоңыр лепке желбіреген.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter