Өлеңдер ✍️
Кейбір жолдастарға
Ағайындар айта берме ұсақ-түйек жоқтықты.
Көрдіңдер ме, өзек талып, аштықтан кім оптықты?
Тоздырып елді, талқандап жерді отаршыл,
Өздері үшін жасамап еді тоқтықты.
Хабар тап сонау отыз екінші жылдардан,
Сұрап көр сонда ес тоқтатқан ұлдардан.
Саршұнақ аяз, топалаң қойдай қырылды ел
Шулаған даусы мұңды еді әсте ұлардан.
Көшенің бойы ыңырсып жатқан ер-әйел,
Сүрініп кетіп, үзіліп, сынып жатты бел.
Ісініп кеткен аштықтан дене көнек боп,
Тірілердің жылаудан көзін басқан шел.
Ең азы малдан: қолында тауық қалмаған.
Қалмады пенде бір сынық дәнін салмаған.
Аштық пен аяз аралап жүріп қазақтың,
Санақта анық: екісін үштің жалмаған.
Өзегі талып, үзілген сан мың аналар,
Иесіз үйде тас болып қатқан балалар.
Есігі шойын, тас ірге темір терезе.
Түрмеде өлген күн сайын мыңдап саналар.
Арылып еттен, сүйекке тері жабысқан.
Іш-бауыры беліне жетіп қабысқан.
Су алып жағы, қос үңгір болып көздері,
Харамды жеді, айрылды ақыл-намыстан.
Осыны айтып, Сталинге шағынған,
Ардагер ұлы – Тұрардың тауы шағылған.
Міржақып, Сәкен бастатқан қанша кемеңгер,
Оққа ұшып па еді: «ұлтшылдық» аты тағылған.
Қалғаны елдің қасқайып аузын аша алмай,
Ішінен жылап, өксігін жүрді баса алмай.
Аштықтан ауып, әр елге кеткен қазақтар,
Зарығулы әлі, еркімен басын қоса алмай.
Шабандап неге, шындыққа ойың іркілді?
Ұмыту жөн бе, сорлаған қалың жұртыңды?
Тауыңды көрмей, көксейсің басқа төбені.
Келе ме бергің, қолыңнан тағы ырқыңды?
Шықтың ғой әрең алапыт қанды отардан,
Дербес ел болып орныңды алдың қатардан...
Іргеңді бекіт, елдікті енді жаса өзің,
Болашақ ұрпақ мақтансын архив қопарған.
Сақтасын Құдай, бетіңді шалған алаудан
Жақсыларыңды кісендеп алып санаудан.
Ел менен жерді сақта де ұлы тұманнан.
Қолына жаттың мүдуар болып қараудан.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter