Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  241


Автор: Қыңырбек Қамашұлы

Жетпіске жеттім желкілдеп

Алыстап кеткенің бе, жастық албырт.
Тартыпты ойым марғау, бойым салғырт.
Көретін жердің жүзін тебінгендей,
Май шамдай сығырайған көзім шалғырт...
Жастық шақ баянсыз ба ең әуел бастан,
Берік деуші ем таңбадан тасқа басқан,
Дау-шарсыз ділгір қылып кеткенің бе?
Түлкідей жарқ етіп бір қырдан асқан.
Атпал сүйек, арбаның білігіндей.
Жұқарыпсың қоянның жілігіндей.
Арыстандай адуын қару-қайрат,
Күйге түстің қоңыздың тірлігіндей...
Ыстық-суық дүниеге құштар көңіл,
Болып-ақ тұрушы еді, жолы жеңіл.
Оның да, күй сандығын кеміріпті,
Уақыттың көртышқаны дейтін жемір...
Күн-жел қаққан шыт бұлдың қиқымындай.
Жетпісіңнің болғанда сыйқы мындай.
Сексен бе, сексен бес пе, көрінбессің,
Қарындаштың қажау жойған цифрындай..!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу