Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  160


Автор: Қыңырбек Қамашұлы

Алтын той

Уа, қадірлі халайық,
Сөзге құлақ салайық!
Алтын той міне басталды,
Мадақтауға лайық!
Отасқалы 50 жыл,
Жылында айтып санайық!
Мұқаметқали, Манарды,
Ду шапалақ қол соғып,
Құттықтап бір алайық!
Найманнан құлдап келгенде,
Байыс биден бөлгенде.
Ну тоғай сынды Байжігіт,
Екпіні қатты желден де!
Бабасы Мәмбет-Қожақұл,
Мекені сары белден де.
Қазақта асқан Қабанбай,
Қайраты тасқын селден де.
Әлі әулие Кішкентай,
Пірлері бата бергенде,
Шәумен Жынса атасы,
Дәулеті терең көлден де.
Жорға жүйрік мініскен,
Тұрманы түгел келіскен.
Иықтас пенде келген бе?
Осылардан жаралған,
Ұрпақ болып таралған.
Қасиетті салт-сана,
Тәртібінен нәр алған.
Бүгінде жақсы екеуі,
Бақыт, ырыс оралған.
Мұқаметқалидың жолдасы,
Жынса қарттың төл басы.
Бүгінде жақсы Манарың,
Бір ауылдың қолбасы.
Қолдаған шығар рухы,
Гүлденіп тұр артында,
Жынса қарттың ордасы.
Тіл-сұқтан құдай аман қып,
Дөңгелей берсін ілгері,
Түзу жолмен арбасы.
Иіріліп аққан дариядай,
Тола берсін арнасы.
Ұлағатты кісі еді,
Сәсен деген атаны,
Бала кезде көріп ек,
Той йесі Манарың,
Сол Сәсеннің жалғасы.
Алтындай таза сақтаған,
Асыл сөздей қаттаған.
Ақ сұңқардай баптаған,
Зейнеғали бастатып,
Алты ұл, бес қыз өсіріп,
Қабағына қақпаған.
Көңіл-күйін бұлардың,
Манардай ешкім таппаған.
Көп балалы ана боп,
Алтын, күміс медальдің
Қалғаны бар ма тақпаған.
Балалары тәртіпті,
Жері жоқ шалыс аттаған.
Күш көмек болып ұл мен қыз,
Мұқаметқали-Манардың,
Зор үмітін ақтаған.
Немерені әркім сүйеді,
Мұқаметқали, Манарың,
Шөбере сүйген жақсы адам.
Айтылса сөз жүйелі,
Ақынды халық сүйеді
Жүректі жарып шықса сөз,
Нысанаға тиеді.
Күләш келін бастаған,
Қыз-күйеулер қостаған.
Бақайымен жүгіріп,
Қызмет етті келіндер,
Өңшең жақсы өрімдер,
Тойы тойға ұлассын,
Той қызығын көріңдер!
Елу жыл бұрын осыдан,
Қыз, жігіт болып қосылған.
Кездескенде ең алғаш,
Сөз таба алмай тосылған.
Отаға бүгін бәйбіше,
Соңында қанша із жатыр.
Сан алуан жосылған.
Қарттыққа жетті демеңдер,
Көңілдері басылған.
Әлі де талай бақыттың,
Есігі алда ашылған.
Әлі талай бар шығар,
Ырыздығы шашылған.
Алтын тойдың иесі,
Соларға деген сый осы,
Мұқаметқали-Манарың,
Ортаға келіп отырсын,
Киініп тойға асылдан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу