Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  230


Автор: Қыңырбек Қамашұлы

Ұлықпан Сыдықұлының 50 жылдық мерейтойына!

Өзімді жүріппін-ау ақынмын деп.
Көкірегі тұныған ақылмын деп.
Жазушыға, ақынға аралассам
Арқалап та кетуші ем батыл міндет.
Отырмын-ау, ғалымға қарым жетпей,
Түйте кездік секілді қалған өтпей.
Ауылын аңсап ақиық ғалым келді
Уа, Муза! Қайда жүрсің тебірентпей.
Жүйрігім ғой тайынан атқа қосқан,
Қайыспаған, ұмтылып өр таласқан.
Сан күдірлі жолдардан көктей өтіп,
Озып келді көмбеге халқы тосқан.
Әлі де талай түсер топқа тағы,
Сүтпен біткен күш қалай тоқталады.
Арысты жер аламан бәйгесіне,
Қорықпай қос, кекілін шоқта дағы.
Нар шынардай бойы озып шыққан нудан,
Жасынан әсерленіп өскен дудан.
Ауылдан асып – аймақтың мақтанышы,
Шоқан, Қаныш, Әлікейдің жолын қуған.
Атаң Сыдық, алдынан топ таратқан,
Дуалы сөз, аузына жұрт қаратқан.
Шөп те шыққан жеріне шығар деген,
Жүйрігімсің, қарағым, текке тартқан.
Атыңды қойып еді Ұлықпан деп,
Таза болсын мәңгілік былықтан деп.
Әулиенің атына кір келген жоқ,
Тілеп еді шапағат Ұлықтан тек!
Әлі талай жеміс бер, кең құлаштап,
Ер елуде – ақылға ақыл қоспақ.
Киелі Сыдық атаң жасын берсін,
Аман-сау жүр, еліңнің көшін бастап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу