Өлеңдер ✍️
Жетімдер
Исаның кітаптағы ертегісін,
Өлеңмен жазғым келді жетсе күшім.
Қарапайым нұсқамен айтылатын
Өлеңдік форма жасап бердім мүсін.
Әйгілі ертедегі Шынмәшінде,
Тұратын Шынмәшіннің халқы ішінде
Саудамен шұғылданған бір бай бопты,
Белгісіз аты-жөні, түр-түсі де.
Жүргізіп үзбей сауда оң мен солға,
Жыл тастап қайтады екен ұзын жолға.
Бірін он, онын жүзге айырбастап,
Кенеліп келеді екен молдан молға.
Бір жылы бәйбішесі дүние салып,
Арасы жақын тете екі ұл қалып,
Құдай дескен қосақтың жөні басқа,
Өткізді жыл уағын көңілі налып.
Мектепке берді екі жетім ұлын.
Зерделі жас күн санап алды білім.
Саудагер сан-саладан әйел таңдап,
Тапты бір Шынмәтіннің қызыл гүлін.
Осылай жас сұлумен сайран етіп,
Сарайда бір жыл жүрді есі кетіп.
Әрекетсіз берекет болмас деген,
Ойын бөлді сауданың кезі жетіп.
Тапсырып сүйгеніне дүние-мүлкін,
Шегелеп айта берді дүркін-дүркін.
Жыл бойы жас сұлуға көрсетпеген,
Құпия бір сарайдың берді кілтін.
Екеуі кеп сарайдың аузын ашты.
Бір шағын құс ішінде бармақ басты.
Сілкінді аяқ бауын сылдырлатып,
Жас сұлу тамашалап керді қасты.
Бай айтты: Мынау менің дәулет құсым.
Бұл құссыз оңалмайды қылған ісім.
Екі ұлымнан кейінгі қымбатым бұл,
Ерекше күтім керек, мұны түсін...
Тамағын пісіріп бер, таза баптап.
Баспасын бөтен адам бұлай аттап.
Айтпа мұны, көрсетпе бір пендеге,
Кілтін мықтап ұстай біл, бойда сақтап.
Балаларды оқудан үзбе, – деді.
Келермін келер жылғы күзде, – деді.
Құдай қосқан жарымсың, махаббатты,
Саған сеніп шығамын түзге, – деді.
Тоқал айтты: құп жаным, алаңдама.
Тірлік керек жақсыға, жаманға да.
Ашқа айналып, тоғыңа толғанармын.
Сен үшін бас тігермін аранға да.
Қош айтып, екі ұлы мен сұлу жарға,
Бет алып бай жөнелді ұзын жолға.
Байдан бұрын танысқан танысы бар,
Тоқал үшін салып жүр басын шарға.
Бай кетті, кешікпей сол келіп жүрді,
Тоқал да тосырқамай мойын бұрды.
Қылымсып қырық құбылған қылық жасап,
Тоқалды осылайша құдай ұрды...
Сарайда екі антұрған сайран етті,
Әр түрлі қиянатқа көңілі кетті.
Кез болып жігітке бір бақсы кемпір,
Бал ашып төменгідей баян етті:
Кемпір айтты: Бақытты жан екенсің,
Өз құрбыңнан артылған дана екенсің.
Айтқанымды аудармай орындасаң,
Кешікпей Шынмәтінге хан екенсің.
Бар екен бір жақсы әйел көңілдесің,
Ол сенің, сен де оның көңіліндесің.
Баққаны екі өгей ұл, бір дәулет құс,
Айтқанды ұқ, басқаға ойың бөлінбесін.
Құпия сарайда тұр баққан құсы.
Ерекше оны танып, тапқан кісі.
Жүрегін жеген адам патша болмақ,
Кімнің келмес, тақ мініп мақтанғысы.
Және де оң топшысын жұтқан адам,
Артылмақ мәртебесі бұл дүниеден.
Ұшқан құс, жүгірген аң, құрт-құмырсқа,
Тілін түгел білмекші бақа-шаян.
Айтқанды орындасаң, бірден бастап.
Бос әуре құмалақтың бәрін тастап.
Түкіргенің түйме алтын, қақырғаның,
Қайма алтын боп дәулетің мүлдем аспақ.
Кемпірдің айтқан осы сөзін ұғып,
Тоқтамастан тоқалға келді жігіт.
Қара бұлттай түнеріп, тіл қатпастан,
Көзін жерден алмастан отыр бұғып.
Ақ білегін жігіттің мойынына асып,
Тоқалдан тағат кетті, жанталасып.
Айтшы сәулем, алдым ба өкпелетіп?
Кінәлі болдым ба әлде, жаза басып?
Жігіт айтты: әрине, өкпелеттің,
Сарайда біз жүргелі өтті көп күн.
Дәулет құсын жасырып, сыр бермедің,
Құр қызығын бұлдайсың екі беттің.
–Япырмай, қалай білдің дәулет құсты?
Кетерде байдың айтқан шарты күшті.
Бөгде адамға болмайды көрсетуге,
Көңіліңе бұл алалық қайдан түсті?
Жігіт айтты: Санайсың жай адамға.
Зор бақыт қор болмақшы кей жаманға.
Сол құсты саған арнап жараттым деп,
Түсімде аян берді Құда-уанда.
Сол құсты көз алдымда бауыздасаң,
Етін түгел асуды уағыздасаң
Пісіріп, таза баппен алдыма әкел,
Себебін сонда айтам, сен сұрасаң.
Тоқал айтты: бұл сөзің сойқан, – деді.
Көңіліңді бұзды қандай сайтан, – деді.
Сапардан кеп сұраса дәулет құсын,
Байыма не бетімді айтам, – деді.
Бұл жайлы өкпелеме, сәулем, – деді.
Ауыр тиер бұл маған әурең, – деді.
Махаббаттың базарын бос өткізбей,
Жетпей ме ойнап күлген дәурен, – деді.
Жігіт айтты: ендеше күдеріңді үз,
Айырылмастай тату дос болмадық біз.
Енді сенің баспаймын маңайыңды,
Жаңа гүлі ашылған болсаң да қыз.
Мұны айтып жігіт шықты, есікті ұрып
Күл беттенді тоқалдың дымы құрып.
Үш тәулік көрмегені күйік болып,
Жігітке өзі барды ерте тұрып.
– Тәуекел, айтқаныңды орындайын.
Амал не, сен не десең болдым дайын.
Сүйген сәулем, тезірек жүре қойшы,
Алдыңда дәулет құсты бауыздайын.
Осылай дәулет құстың басын кесті
Көкіректері желденіп, көңілі өсті.
Тапсырып дайындауды аспазшыға,
– Піскен кезде хабарла, жейміз, – деді.
Бақырда ет қайнады, бу бұрқырап,
Ғашықтар гүл бақшаны қылды тұрақ.
Түс қиып балалар да келді оқудан,
Қыңқылдап мазалады еттен сұрап.
Аспазшысы мейірімді ана, жасы келген
Бабына балалардың көңіл бөлген.
Дәулет құстың жүрегін – үлкен ұлға,
Оң топшысын – кіші ұлға алып берген.
Жігіт келді, ет дайын алдында тұр,
Жемейді шанышқымен аударып құр:
– Жүрегі қайда, – деді, – оң топшысы?
Аспазшыға қадалды, өңі сұп-сұр.
– Құс жүрегі не болмақ – бір мысқалдай,
Топшыда ет бола ма, сіз ұрысқандай?
Ет сұраған екі ұлға беріп едім,
Қалды ма мұным әлде дұрыс болмай?
Сөзге келмей, табақты жігіт тепті,
Мына қылық тоқалды қайран етті.
Орнынан оқ жыландай атылды да,
Есікті жауып жігіт, шығып кетті.
Сорлының көкірегі күйді қатты,
Басынан бақыт тайды – жанға батты.
Ашумен ширығып, шыдай алмай
Шыққан бетте балгерді іздеп тапты.
Балгерге болған істі баяндады,
Ойланып, балгер біраз аялдады.
Бал ашып, көзін жұмып отырды да,
«Ісің оңай түзелер» – дей алмады.
Бал ашып, балгер отыр көзін жұмып,
Бозарып жігіт отыр іштей тынып.
Балгер бір кез ұйқыдан оянғандай,
Сөйлеп кетті: таптым, – деп, санын ұрып.
Кемпір айтты, – екі ұлды сойғыз, – деді
Тамырыңа тәлкекті қойғыз, – деді
Екеуінің жүрегін өз қолыңмен,
Пісір де, оқпаныңды тойғыз, – деді.
– Қасиет сонда саған аумақ, – деді
Басыңа бақыт нұры қонбақ, – деді.
Балымның маған айтқан сөзі осылай,
Отырғам жоқ, көңіліңді аулап, – деді.
Жігіт келді тоқалға кезіккелі,
Ниетін көңіліндегі сөз еткелі:
– Екі ұлды сойып, маған жүрегін бер, –
Дегенде тоқал шошып безектеді.
– Ойпырмай, әлде қалай жұтқыш па едің,
Өзімді, байымды әлде құртқыш па едің.
Адамды адам жейді деп естімеп ем,
Адамның кебін киген жыртқыш па едің?
Сойғыздың тектен - текке дәулет құсын,
Жемек түгел тиген жоқ етке тісің.
Сен де маған тату дос бола алмадың,
Болсаң мұндай көрер ме ем сенен қысым.
Ұлдарды өлтірмексің арам ет қып,
Мені де жұрт алдында қара бет қып.
Мынадай қиянатқа бара алмаймын,
Мәңгі көрмей кетсең де мейлің серт қып.
Бірін-бірі көрмеуге серт байласып,
Мәңгіге ажырасты екі ғашық.
Тоқал қайтсін, көңілі тоқырамай,
Жандай көрген ғашықтың ойы пасық.
Күндер өтті бір түні бір жылға тең,
Барған сайын тоқалдан кетті ірең.
Түн болса алағызып ұйықтамайды,
Көрер таңды көзге ұрып, атырды әрең.
Бір ойы – нәпсіңді тый, болсаң мықты,
Кісі өлетін дерт емес одан тіпті.
Обалына екі ұлдың қала көрме,
Ада қыл, дейді ойыңнан арамдықты.
Бір ойы – бос өтпесін қызық шағың,
Түңілтіп, сындырмағай ғашық сағын.
Көп ойланба, айтқанын істе дейді,
Жібермес кезің осы жар құшағын.
Он бес күн өтті осылай, әуре-сарсаң,
Әдет-ауру бойыңа үйір қылсаң.
Несі бар ібілістің сенен басқа,
Алдында басыңды иіп, құрақ ұшсаң..
Үйренген тастай алмай ескі әдетін,
Жігітті шақыруға бұрды бетін.
Қап, бәлем, дауасыздың қылығын-ай,
Азғынға жем болады-ау, екі жетім.
Жігітке «Мақұл» – деді бұл антұрған,
– Не десең де, жолыңа басым құрбан.
Біреуді жалда дағы, өзің өлтірт,
Мен оларға көрінбей кейін тұрам.
Бір ұры бар, баукеспе, Қанды дейтін,
Момынның зар жылатып малын жейтін.
Шот маңдай, дөңгіш қабақ, сетік мұрын,
Ел қорқар еңгезердей көрсе кейпін.
Адам еді, қандының жолы қатты,
Екеуі ақылдасып, соны тапты:
Екі ұлды сойып, бізге жүрегін бер, –
Деп ұсынды алтын толы бір табақты.
Қандының алтын көріп, көзі тұнды,
Алтынға азған періште болған мінді.
– Ертең түсте үйіңе барам, – деді,
Ғашықтардың осылай көңілі тынды.
Түс ауып, мектебінен келді екі ұл,
Нұр тамған екі беті жайнап гүл-гүл.
Жабықта екі торғай шиық-шиық етіп,
Тынымсыз қанаттарын қақты дүр-дүр.
Кіші ұл айтты: қос торғай кеңеседі,
Кеңесін ұқтың ба, аға, не деседі.
Үйіне екі жетім кіріп барса,
Жарқ етіп алмас қанжар бас кеседі.
Шешесі өгейлікпен тамырына еріп,
Азды дейді кеудесін сайтан керіп
Екі ұлды өлтіртпекші басын кесіп,
Қарақшыға бір табақ алтын беріп.
Ағасын ұстай алды «кірме үйге,
Біле тұрып түспейік мұндай күйге.
Қос торғайдың кеңесі түршіктіріп.
Жан жүйкеме қадалған секілді ине».
Ағасы айтты «Қой қалқам, балалықты.
Ойыңнан кетір мұндай алалықты.
Бізге қылған өгейлік мінезі жоқ,
Мұндай сөз сенбейтұғын жала тіпті».
Ағасы осыны айтып үйге кірді.
Інісі ойға кетіп аз кідірді.
«Бірге туған, бірге өлер» деген осы,
Қоса кірді, білсе де анық сырды.
Қолында жасыл қанжар, түсі суық
Қос білегін сыбанған, белін буып.
Еңгезердей шой қара есікті іліп,
Түйіліп балаларға келді жуық.
Алды кеп үлкен ұлдың алқымынан,
От шашты көздерінен қанталаған.
Қанжарын жарқылдатып жанындағы,
Сарайға ажал толды – анталаған.
Ақ алмас көтеріліп қайта төнді,
Үлкен ұл көзін жұмды, үміт сөнді.
Қанжарлы қолға кіші ұл жабысты тез:
– Ағажан, ақырғы дәт, тыңда енді.
Зыр қағып айта берді кіші ұл дәтін,
Ажалдың алдын кесті, тапты сәтін.
Ерекше өзінде бір өзгеріс бар,
Таниды әр нәрсенің айтпай затын:
– Ағажан, сен ұрысың, біздер – жетім.
Жетімнің қанын төксең күйер бетің.
Шешемізден бір табақ алтын алдың,
Кенелер көп алтынға келді кезің.
Он табақ алтын алып, босат бізді.
Жүктеме мойыныңа қанымызды.
Кетейік Шынмәтіннің қаласынан,
Сұраймыз сізден сауға жанымызды.
– Алтын болса төгілмек тамшы қаның,
Алтынсыз құтылмайсың, жан шырағым.
Соқпасы бар ұры иттей олжалы боп,
Өзімді қан төгуге қамшыладым.
Кіші ұл айтты: тос онда етегіңді,
Бағың жанды, дәулетің көтерілді.
Алтын үшін қолыңды қанға малып,
Білсең дүние түбіне жетеріңді.
Қарақшы сөз ұға ма, тосты етегін,
Тер төкпей мол дүние келді тегін.
Кіші ұл сонда түкірді етегіне –
Толды алтын, Қанды кері бұрды бетін.
Құтылып осылайша бір ажалдан,
Безініп сәнді сарай, жиһаз-малдан.
Иенге кетті шығып екі жетім,
Көрмек боп не болса да Тәңірі салған.
Ашығып, қарындары қабысқанда,
Қаңысып, таңдайға тіл жабысқанда.
Көрінді шөл далада екі құлан,
Қалжырап, өлуге аз қалысқанда.
Бой жиды, кіші ұл сонда билеп өзін,
Иегін сәл көтерді, қадап көзін.
Күңгірлеп екі-үш рет дыбыс берді,
Аңырап тұрды құлан ұғып сөзін.
Тағы бір күбірледі, қолын бұлғап,
Қос құлан қарсы шықты, оқтай зырлап.
Екі құлан екі ұлды мінгізіп ап,
Жөнелді қара терге бойын алғап.
Жануар жабағы жал, құлын құйрық,
Шаңдатып, жердің бетін шапты құйғып.
Өлімші, шөлде қалған қос жетімді,
Мөп-мөлдір көлге әкелді, үлкен сый ғып.
Құлан кетті, қос жетім көлде қалды,
Кіші ұл мерген – садақпен бір құс атты.
Атқан құсын ауқат қып отырғанда,
Дабырлап түсіп жатты үш салт атты.
Үшеуі де жас жігіт өрім талдай,
Ибалы, қыз мінезді, сөзі балдай.
Үшеуінің арасы дау-мажыра,
Биге салмақ болыпты, келісе алмай.
–Үшеуміз бір әкеден, бір шешеден,
Таласпай тағам жедік бір кеседен.
Әке өлді, үш зат қалды арамызда,
Осыған талас болдық біз кешеден.
Бір тақия, бір кілем, бір қобдиша,
Кілем сияр қалтаға жерден жиса.
Жерге жайып, үстіне отырып ап,
Кілем ұшар, «Көкке ұш» – деп бұйырса.
Сенбесең, көр кілемді жерге жайып,
Қасиетін айтқаным болмас айып.
Мына бір тақияны киген адам,
Дәл қасында тұрса да, көзден ғайып.
Айтайын қобдишаның кереметін,
Балалар, билік айтар келді ретің.
Алтын бітсе, төңкеріп қайта түзе,
Сары алтынға толтырып тұрар бетін.
Ішінен бұл қобдидың алтын кетпес,
Тауысам дейтін пенденің ғұмыры жетпес.
Жасым үлкен – үш затты алсам деймін,
Билік айт, жапан түзде болдық көктес.
Осылай жасы үлкен айтып шықты,
Қызбасыз, сөзі ширақ, өзі ұқыпты.
– Сендер айтқан билікке тоқтаймыз, – деп,
Бас изесіп, баладан билік күтті.
Кіші ұл айтты: үш затты алдыма қой...
Біреуіңе бұйырар, болса – абырой.
Бірің алсаң, жетеді бәріңе де,
Өзімшілдік кеселді көңілден жой.
Үш тарапқа тартамын, үш қалауық,
Билік әділ болмас деп қылма қауіп.
Кім бұрын тауып келсе, соған берем,
Бірі бұрын табылып келуі анық.
Зырлатып, кіші ұл тартты қалауықты,
Қалауық бұлтқа жетіп қарауытты.
Үш жігітті жүгіртіп, үш тарапқа,
Бұрын тауып келуін бала күтті.
Жөнелді үш тарапқа үш желаяқ,
Не қылсын бұл сынақтан жанын аяп.
Өкшесі жерге тимей тыпырлады,
Қалауық түскен тұсқа барды таяп.
Көздері жерді тесті аласұрып,
Түлкі індеткен тазыдай, құлқы құрып.
Үшеуі бірдей тауып, бірдей келді.
Жұмсарып бір-біріне бермейді ырық.
Бұлардың көрді мына қияпатын,
Түрі жоқ, бір-біріне қия алатын.
Жүгініп, билік айтты кіші ұл сонда,
Не қалды би болған соң аянатын.
– Бұл үш зат: көздің құрты – талас дүние.
Күлкі қылар, беттерің болар күйе.
Тілімді алып, осыдан құтылыңдар,
Бәріңе қырсық, егер бірің болсаң ие.
Бұл үш зат тұра-тұрсын бізде қалып,
Қайтыңдар, көтергенше алтын алып.
Тұрған қала, үйіңді жаздыр бізге,
Табармыз іздеп түбі бір айналып.
Үш жетім басын қосып ақылдасты,
Ақыры бұл билікті мақұлдасты.
Қалдырып қасиетті үш дүниені,
Көп алтынмен еліне қадам басты.
Құсын жеп, көлдің мөлдір суын ішіп,
Қуанды қос жетімнің күйі түсіп.
Зардабын жаяулықтың тартып еді,
Қуанды кетеміз деп, көкпен ұшып.
Кілемді жайды жерге екі жетім,
Көкке ұшып, көрмек болды жердің шетін.
Отырды, кілем көкке көтерілді:
«Ал, ұш» – деп сипап еді кілем бетін.
Заңғар тау, құзар шатқал, көлден өтті,
Екпіні тас қопарған желден өтті
Қос жетім ұйықтап кетіп аңғармады
Қалдырып неше шаһар, елден өтті.
Бір мезгілде оянса көзін ашып,
Бір қаланың келеді үстін басып.
“Жерге қон” – деп кілемді сипап еді,
Кілемі аласарды, арынын басып.
Қайнаған қала халқы, ұлы жиын,
Ың-дыңсыз, сөйлеуге де салған тыйым.
Сенделген, сең соққандай еңсесіз жұрт,
Бір жағдай болса керек, өте қиын.
Жасырып кілем, тақия қобдишасын,
Көрмекке мынау топтың патшасын.
Жақындап топ шетіне сәлем берді,
Оң қолын төске қойып, иіп басын.
Қалың топ қос балаға назар салды,
Сәлемін ықыласпен қабыл алды.
Тұғырда алтын баулы бір құс отыр,
Балалар көріп мұны қайран қалды.
Ұқсайды әкелері баққан құсқа,
Келуі мүмкін емес мынау тұсқа
Күміс сақал қариядан жөн сұрады,
Жиын жайын қария айтты қысқа.
Бар еді патшамыздың Дәулет құсы,
Патша болмақ Дәулет құс қонған кісі.
Қырық күн ұшырғалы жанға қонбай,
Торықты халқымыздың құрып мысы.
Кіші ұл айтты: атажан, тұрсыз ба алдап,
Құсыңды ұшырт, сенейін сөзді қолдап.
Шынымен, топты айналып ұша ма құс,
Құс сайлаған патша қандай болмақ?
Уәзірге қария барды маң-маң басып,
Ол дағы отыр еді көңілі жасып.
Дәулет құсты соңғы рет ұшыр, – деді,
Біреуге болмас па екен хандық нәсіп.
Уәзір тартты құстың томағасын,
Құс білсе неге адамды талғамасын.
Үлкен ұлға қонып құс, сілкінді бір,
“Таптым” деп шаттанғандай, топ ағасын.
Теңіздей толқыды топ даң көтеріп,
Құпия болды халық таң етерлік.
Қуанған жұрт дүрлігіп ақ киізбен,
Үлкен ұлды әкетті Хан көтеріп.
Бұл қалаға үлкен ұл патша болып,
Алтын таққа отырды ауы толып.
Үш затпен жиһан кезіп келейін деп,
Аспанға ұшты, кілемге кіші ұл қонып.
Кілемі келе жатыр бұлтты тіліп,
Желдетіп көк аспанға салды бүлік.
Кез болып керемет бір сәнді қала,
Жерге қонды кетпеске жөнін біліп.
Қаланың шетінде жүр талай халық,
Жылаған ызың-зарлы күйге салып.
Көзі жас, көкірегі шер, өңі қашқан,
Ас батпай, қуат кеткен, өзек талып.
Күңіренген әлдекімге қарғыс айтып,
Қарғысы сай-сүйекті сырқыратып.
Ботасы өлген інгендей зарлаған жұрт,
Жүйкені шымырлатты шым-шым батып.
Үрпиіп топқа кіші ұл келді таяу,
Топты көріп көңіліне түсті қаяу.
– Бұл не қылған күйзеліс? – деп сұрады,
Біреуі жауап берді, сөйлеп баяу:
Қалайша жөн сұрайсың? – деді бала,
Біздің жайды біледі бүгін қала.
Сен әлде бұл қаладан емессің бе?
Саған таныс емес пе біздің жара?
Бала айтты: бұл қалаға келдім шеттен,
Бұл жағдай түсініксіз сол себептен.
Олай болса айтайын, тыңда, балам,
Тыңда дағы хабар тап, біздің кептен.
Бар еді патшамыздың жалғыз қызы,
Әлдекімнің жанады бақ жұлдызы.
Алты жыл болды шартпен үйленбекке,
Шартқа толған жігітпен бұл қырмызы.
Жеңіл емес қыз шарты ауыр салмақ,
Ауыр шартпен талайды жатыр жалмап.
Бірінші шарт – жігітпен құмар ойнап,
Ұтқан сайын өлшемді алтын алмақ.
Құмар ойынын ойнайды жылға ұзартып,
Құмарға асқан шебер бұл қыз артық.
Жыл бойы ұтқан ұтысқа алтын жетсе,
Сол жігітті сүймекші көңілі тартып.
Екінші шарт – бір түнде қырық кебіс,
Тоздырады себебін тапсын тегіс.
Әкесінің алдында шарт жасайды,
Қыз тимейді екі шарт болса кеміс.
Жігіт алар бұл шартты берсе тауып,
Қырық күн жасалмақшы ойын-сауық.
Егер де екі шартты таба алмаса,
Қыз алады жігіттің басын шауып.
Бұл шартқа түсті талай бай-бағлан,
Алтынды асықша атқан сайып қыран.
Жылды қойып, үш айға алтын жетпей,
Қызыл қанға боялды сан жас ұлан.
Мына жүрген солардың ата-анасы,
Аға, жеңге тілектес баталасы.
Мен де сол қайғылының біреуімін,
Жем қылған жауыздықтың тайталасы.
Ойнады ұлым қыз үшін алтын тастап,
Алтын болды қоймада бір мың баспақ.
Алтын түгеп артынан қам жасадым,
Мал-мүлікті алтынға айырбастап.
Мал-мүлік, алтын кетті, бала кетті,
Үмітімді қоса үзіп ала кетті.
Мына жүрген халықтың бәрі сондай,
Көңілі қара, қайғылы жара бетті.
Қызынбай бұған балам, сақтан, – деді,
Бәрінің басын жойған мақтан, – деді,
Азуы алты қарыс айбарлының,
Дымы құрып, сілесі қатқан, – деді.
– Жоқ ата, көрсет маған қыз сарайын,
Қыз шартын орындауға мен барайын.
Аузын ашқан айдаһар болса да қыз,
Тас қаптырып, табайын бір орайын.
Анау тұрған, – деді қарт, – қыз сарайы,
Құралды күзетпенен тұр маңайы.
Қызды осал жау деме, әліңді біл,
Әрине көтерілсін ер талайы.
Барды да қақты бала қыз есігін,
Қыз қабылдап жасады өз кесімін.
– Алтыны мол азамат келе берсін,
Керегі қанша бізге өзгесінің.
Деді де қыз ойнады, қызды құмар,
Үш күн бойы тең түсті, ұмар-жұмар.
Төртінші күн қарасын мүлдем үзіп,
Қыз жеңісі басталды ұзын сонар.
Қанша жеңсе, сонша алтын ала берді,
Ойынға қыз шеберін бала көрді.
Қыз да көрді баланың кереметін,
Алты ай болды, алтынды сала берді.
Бұл бетінде алтынға бала мықты,
Қыз жасқанды, жүрегі болды күпті.
Алақандай қобдидың не сыры бар?
Алты айда алты жылдық алтын шықты.
Сол қалада бар еді кемпір-мыстан,
Пәле шығар мыстандар жүрген тұстан.
– Шебер тап,дәл өзіндей қобди жасат, –
Айырбаста, – деп қызға ақыл қосқан.
Қыз міне, мыстан сөзін орындады,
Шебер де қобдиды дәл порымдады.
Қобдиын төңкерді де, ашты бала,
Бос қобди қаңыраған қолындағы.
Бос қобдиға түкіріп тағы ойнады,
Тағы ұтты, тағы да алды: қыз тоймады.
Түкірігі түйме алтын түгесілмес,
Бала тегін емесін қыз ойлады.
Тоғыз ай төкті алтынды тарықпады,
Алтын үшін пиғылын тарылтпады.
Қыз көңіліне қорқыныш күдік кіріп,
Мыстаннан ақыл алды барып тағы.
Мыстан тағы салды екен қандай қырға?
Қыз көңілді оралды, қанып сырға.
Мыстанның айтқанындай қылық жасап,
Жігітті түсірмекке тартты шырға.
Қыз бүгін опа жаққан асыл киіп,
Камзолы алтын түйме, оқалы иық.
Қарайды қара көзін төңкерілтіп,
Қандай жан жерге тастар сөзін қиып.
Томпитып омырауда қос анарын,
Тұнытып мөлдіреген көз жанарын.
Балаға қарсы жүріп келе жатыр,
Танытып айтатын бір сөзі барын.
Қыз айтты: серуендейік, шарап ішіп,
Тоғыз ай қалған шығар ішің пысып.
Мен де отырдым тоғыз ай көз алдыңда,
Байлаудағы жүйріктей кеудем қысып.
Бақшаға шықты екеуі қол ұстасып,
Иықтасып келеді маң-маң басып.
Баланың кеудесін бір толқын керіп,
Жүректің жиі соқты қаны тасып.
Кез еді жаңа туған маусым айы.
Дала кілем, тотыдай, тау сыңайы.
Көк шалғын белуардан, гүл бақшаның,
Сипатын қанша тізсең таусылмайды.
Нұр төгіп шұғылалы күн, ашық аспан,
Қаланы күміс көлдей сағым басқан.
Білдірмей бай-кедейін бар адамның,
Бас жарған шұғынықтай көңілін ашқан.
Сымпылдап ұшты көктің аққу-қазы,
Сыңқылы бейне сұлу жардың назы.
Айнала түрлі гүл мен бүрлі тоғай,
Садаға кетсін бұдан хан жиһазы.
Көсіліп отыр бұлар көк шалғында,
Тізіліп түрлі тағам тұр алдында.
Әр елдің алтын сауыт, күміс тығын
Мақтаулы шарабының бәрі мұнда.
«Іш, же» – деп пейіл беріп қонағына,
Қыз отыр қарап қонақ қабағына.
Қу мыстанның дәрісін беріп тынды,
Байқатпай қосты, ішкен шарабына.
Баланың басы айналды, кеуде қысып,
Жер мен көк араласты, дүние көшіп
Дәулет құстың тобығы түсті аузынан,
Күшпенен лоқсығанда бала құсып.
Қыз құсықтан көз алмай отыр қарап,
Қолында бар орамал және қорап.
Құсықтан тобықты алып жұлды дағы,
Қорапқа салып қойды жібекке орап.
Серуеннен бала қайтты бойы зілдей,
Қыздың ішкі жауыздық сырын білмей.
Көңіліне жастыққа тән желік кіріп,
Дөңбекшіп таңды атырды кірпік ілмей.
Қыз бастады ойынды білек түріп,
Көңіліне күпірлік кесел кіріп.
Бала ұтылып, қобдиға түкіргенде,
Алтын жоқ, түсті көбік көп түкірік.
Қыз жеңді осылайша шарт бұзылды,
Алтын жоқ, амалы жоқ үміт үзілді.
Қаланың халқын жиып дара ағашқа,
Баланың басын шаппақ патша зілді.
Жендеттері қанжарын жалаңдатып,
Жетім міне, сорламақ қанға батып.
Шаттанып, шалқақтаған хан қызына,
Халық түгел зілденді, қарғыс атып.
Бала айтты осы кезде: Хан-еке дәт,
Хан айтты: – дәтің болса қане, тыңдат.
Халықтың ортасына тұрғыз мені
Бір ауыз сөзден кейін дарыңа тарт.
Хан көнді, халық отырды қораланып,
Ортаға бала шықты дараланып.
Кілемін жайды, киіп тақиясын,
Көрмей тұр жұрттың көзі тағаланып.
Міне, көрді кілемін желпілдетіп,
Жел соқтырды қаланы селкілдетіп.
Зымырап атқан оқтай шықты көкке,
Ел қуанды, патшаның серті кетіп.
Сол бойда түсті келіп ну орманға,
Адам жете бермекші қай арманға.
Кез болып бір көк алма үзіп жеді,
Айналды теріс азу көк арланға.
Өкінді бұған жігіт, назаланды,
Аяусыз тағдырынан жазаланды.
Есі дұрыс, ұлиды, кейпі қасқыр,
Даусынан тау жаңғырып мазаны алды.
Суыр тұмсық, тік құлақ, жасыл көзді,
Қасқыр болып, тоғайды тағы кезді.
Тоғайдан күрең алма тауып жеп еді,
Сауысқан боп өзгерген сиқын сезді.
Қасқырдан тәуір дейді сауысқаным,
Көкте ұшатын құс болып ауысқаным.
Адам едім арындап арман қуған,
Қанеки, арман жолын тауысқаным?
Ұшты-қонды, шықылықтап шошаңдады,
Жын мінезді сауысқан қашандағы.
Нарттай қызыл бір алма тағы тап боп,
Оны дағы жеп салды тасанбады.
Қайта өзгерді бір сұлу жігіт болып,
Бойы сұңғақ, сомдалған, сүйек толық.
Ауызбенен сымбатын айтып болмас,
Тастан қашап ойғандай шебер жонып.
Көкірегі қуанып, шаттық керіп,
Алмалардың әр түрін алды теріп.
Алмаларды кезекпен тағы да жеп,
Қасқыр, сауысқан, жігіт боп көрді өзгеріп.
Қалталарға алманы алды басып,
Қыз жеңді деп жүрмек пе, бекер жасып.
Қыз тұратын сарайға келді жуық,
Көңілінде алуан түрлі ой ұласып.
Бұрыннан хан қызының күтушісі,
Бір әйел сары кідір тартқан кісі.
Суға келді, таныды бала соны,
Қуанды бітетіндей бар жұмысы.
Келді бала әйелдің дәл қасына,
Жараса әйел бала қолқасына.
Жасырынған баланы көрмейді әйел,
Қасиетті тақияның қалқасында.
Әйел суға толтырды қос ыдысты,
Біріне нарттай қызыл алма түсті.
Иен дала, өзінен басқа жан жоқ,
Таң болды, көріп мына құбылысты.
– Ау, байғұс, алманы же, мейірің қанып,
Бақытқа кенелесің, көңілің жанып.
Тәңіріңмін, сыйладым соны саған, –
Деген үн құлағына естілді анық.
Әйел сонда тәңірге құлдық ұрып,
Жалбарынды құбылаға бетін бұрып.
Шелектен алманы алып жеді дағы,
Күндей сұлу қыз болып кетті жүріп.
Суды алып ханшаға жылдам жетті,
Қан теуіп, нұрландырған екі бетті.
Ханыша қайран қалып, сұрап еді,
Бұл істі болғанындай баян етті.
«Құдай сені ерекше жарылқапты,
Күндей күлген сипатың таңырқатты.
Мені дағы жасартсын, сұрап келші,
Аяма де, ханышадан мархабатты».
Суға қайта келеді күтушісі,
Айтылды ханышаның тілек, ісі.
Шелекте су бетінде қалқып тұрған,
Күтуші көрді алманы күрең түсі.
«Ау, байғұс, тілегіңді бердім сенің.
Айтқанымды айнытпай істе менің.
Бұл алмаға қолыңды тигізбей бар,
Ханша өзі алып жеп, бассын демін».
Ғайыптан тағы естілді осындай сөз,
Шелекті алып, күтуші жеткізді тез.
Алманы ханша жеп, сауысқан болды,
Ала қанат, қара бас, құйрығы кез.
Қыздың бұлай болғаны ханға жетіп,
Хан қайғырды, намыстан есі кетіп.
Бақсы ойнатып оқытты, молла жиып,
Бұл азғындық қалар деп, бойға бекіп.
Бақсылар бура болып зіркілдеді.
Моллалар сүре оқудан іркілмеді.
Сауысқанды қалпынан өзгерте алмай,
Жүрегі май ішкендей кілкілдеді.
Аяғында оюлы кебіс-мәсі.
Қолында жалтылдаған таспиық тасы.
Бала келді шапаны сүйретіліп,
Ақ бәтестен ораған сәлде басы.
Бала айтты: «Хан, көшеге халқыңды жи,
Бірде-бір шақырылмай қалмасын үй.
Халық алдында оқып мен қызды жазам,
Ханекем, маған қандай тартасың сый?»
Хан айтты: «Қызды жазсаң берем, саған,
Жаза алмасаң өкпелі болма маған.
Қызымды жариялап жұрт көзіне,
Жаза алмасаң өзіңнің басыңды алам».
Бала айтты: «Жеті күнде қызды жазам,
Жаза алмасам, өзіңнен болсын қазам.
Аурумен алысып жеңгенімше,
Сабыр, тағат қыларсың, кетпей мазаң».
Жиылды хан – көшеге халық қайнап,
Әкелді сауысқанды жіпке байлап.
Ши аяқ, жұдырықтай қара-ала құс,
Мұңын шағып қарайды, көзі жайнап.
Сауысқанның қасына барды бала,
Көкшолақ қасқыр болды, бара сала.
Ар-ұр етіп талады, жүнін жұлып,
Қауырсынын сындырды пәрә-пәрә.
Азап тартты сауысқан шықылықтап,
Қасқырдың азуынан қайда шықпақ.
Жазғаны сол – қызымды өлтірер деп,
Хан ұмтылып қасқырға қанжар сұқпақ.
Уәзірлер тоқтатты, ханды тежеп,
Басу айтты бәйек боп, кезек-кезек.
Қасқыр болған бұл адам тегін емес,
Десіп жатыр бәрі де тілін безеп.
Екінші күн: сауысқан қасқыр болып,
Жігіт өктем қасқырға тағы қонып.
Құйрықтан ап ұрып жүр басқа-көзге,
Тарқамастай өштікпен алған төніп.
Жетінші күн жегізді қызыл алма,
Нұрдай сұлу қыз болды, белі талма.
Қызды қолдан жетектеп ханға әкелді,
Берсең қызыңды аламын деп «бала молла».
Қыз сауығып тасыды, хан қуанып,
Өңіне қан жүгірді, көзі жанып.
Жұрт алдында: «Қызымды бердім» – деді.
Баланың қасиеті болды қанық.
Бала барды қызды ертіп сарайына.
Істің жөні келді енді орайына.
Сұрады қыздан: мені танимысың?
Танымай қыз тесілді райына.
«Танымасаң, айтайын жөн-жосығын,
Тоғыз ай құмар ойнап салдың шығын.
Шарт бұзып, қобдиды алдың айырбаспен,
Тобығымды және алдың, жөн бе осының?»
Қыз қымсынды, мін көріп қылған ісін.
Ұяты сыртқа теуіп, бұзды түсін.
Қобдиы мен тобықты қайтып берді,
Жеңіліп, «Жасап ем» – деп намыс үшін.
Қобдиды алды, тобығын қайта жұтты,
Арамдықты адалдық ақыры жықты.
Қызды қолдан жетектеп келді дағы,
Халықтың қарсы алдына алып шықты.
«Халайық, көрдің мынау ханның қызын.
Тоғыз жарым ай бойы бақтым ізін.
Сиқыршы мыстанменен тізе қосып,
Тауысты талай жастың дәм мен тұзын.
Бір түні жолға шықты мыстанды ертіп,
Тас басып, таудан асты, көлден өтіп.
Жұлығы түскен кебісті лақтырып,
Жаңалап жүре берді желе жортып.
Осылай жиырма кебіс жолда қалып,
Бір иен тауға келді өліп-талып.
Сол тауда дәу перімен әуей екен,
Еркінше мауқын басты, сайран салып.
Түн ауып, жамбасқа үркер түскен кезде,
Қалдырып дәу періні қайтты кезбе,
Тоздырып, жолда тағы жиырма кебіс,
Қалаға таңмен кірді түспей көзге.
Сол дәудің ебін тауып басын кестім,
Таптым деп, қыз жұмбағын желдей естім.
Ханға да, халыққа да көрсетуге,
Басты алып, сайқалдарға мен де ілестім».
Бұны айтып, лақтырды басты ортаға,
Домалап ханға барды, бас қорқа ма?
Жамыраған жұрт көзі баста болды.
Тер басып, қыз түсіп тұр, қан сорпаға.
Хан қызы дегеніміз сайқал екен,
Түн барып дәу періден қайтады екен.
Қанішер қыздың басын мен кесемін,
Мыстанға хан нендей жаза айтады екен.
Мұңайтып, қыздың бала басын шапты,
Намыс боп қыз қылығы ханға батты.
Жұрт қуанды, бала ұшып көкке шықты,
Ұяттан хан қызарып бара жатты.
Сол беті түзу тартты ағасына,
Жақсының кім жармасар жағасына.
Кілеміне ағасын қондырып ап,
Түсті кеп Шынмәтіннің қаласына.
Қуанды өз мекенін көзбен көріп,
Безінген бала кезде болмай ерік.
Қасиетті үш затын жиып алып,
Қос жетім, кірді үйіне сәлем беріп.
Отырды әкелері сәлем алып,
Танымай қарай берді назар салып.
Әлденеге көкірегі қарс айырылды,
Күрсінді тереңірек тыныс алып.
Жігіт айтты: «Құдайы қонақпыз, – деп,
Шығалық үйіңізге бүгін түнеп.
Таң атқан соң табармыз жолымызды,
Қондыруға ризалық тұрмыз тілеп».
Безілдеп тоқал айтты: «Қонбайсыңдар,
Шық үйден, неге тілді алмайсыңдар?
Ешкімнің күтушісі бола алмаймын,
Қаңғырып қайдан жүрген мұңдарсыңдар?
Шал айтты: «Қума қатын, қонағыңды,
Берсең де менің ішер тамағымды.
Қонаққа ренжіген күнә дейді,
Жадырат астан бұрын қабағыңды».
Менің де өстіп жүр ме қос арысым.
Көкірек қайғы-шерден босармысың?
Ешкімнің ала жібін аттамап ем,
Құдай-ау, басымызды қосармысың...?»
Еріксіз екі жігіт қонып отыр.
Қонса да, іші мұздап тоңып отыр.
Қазан-ошақ, ыдысты салдырлатып,
Тоқалдың жүрген жері болды топыр.
Шал айтты: «Сөйлей отыр екі бала,
Қатынның қырсық сөзін көңілге алма.
Көрген-білген, естіген, түйгеніңді айт,
Әңгіме – құлақ құрышы, ойға – сана».
Кіші ұл сонда әңгіме кетті бастап,
Тоқал да құлақ салып жүрді ойқастап.
Құлағына тоқалдың жақпай қалып,
«Тоқтат» – деп өктемсіді тыйып тастап.
Кіші ұл айтты: «Көп заман өтті алда,
Иенде кезікті бір екі бала.
Айтысы: шешесі өліп әкелері,
Екінші бір жас тоқал алған және».
Мысалдап айтты өткен оқиғасын.
Тыя алмай отырды шал көздің жасын.
«Япырмай, қандай күйге кез болды» – деп,
Өксіді алдындағы ішпей асын.
«Әкесі ұзын жолға сауда қыпты,
Тоқалды иектепті басқа мықты.
Жүрегін жеп, тобығын жұтпақ болып,
Тоқалға Дәулет құсты үйткізіпті».
Және де айтты: «Сабақтан үйге келдік,
Ет асқан күтуші апа, оны көрдік.
Жүрегі мен тобығын Дәулет құстың,
Әперді – біз жедік те жүре бердік».
Кішісі айтты: «Тілін білдім хайуанаттың,
Және де түкіргенде алтын аттым.
Дәулет құстың жұтып ем оң тобығын,
Осындай қасиетті содан таптым.
Тоқалдың тамыры енді бізді сойып,
Жемекші жүрегімізге әбден тойып.
Қанды дейтін жауызға өлтіртпек боп,
Сый қылыпты бір табақ алтын қойып.
Бұлардың екі торғай сырын естіп,
Бар сырын айтты бізге қылып достық.
Торғайларға сенбедік, үйге кіріп,
Қанжарлы Қандыменен басты қостық.
Қандыға біз он табақ алтын беріп,
Қаладан бездік – жанды олжа көріп.
Кеткелі Шынмәтіннен талай заман,
Бұйырған ырыздықты жүрміз теріп.
Осылай айтып еді сол екеуі,
Рас па, өтірік пе бұлай деуі?
Ақсақал Шынмәтіннен естіп пе едің,
Бала жоқтап жар салған бар ма іздеуі?»
Тоқал сонда тасыраңдап сөзді бөлді.
Тепсініп, қонақтарға тағы келді.
«Сандалған қайыршылар, үйімнен шық,
Әңгімешіл екенсің, ауызы желді».
Шыдамай кіші ұл сонда шығып кетіп,
Тоқалдың тамырына барды жетіп.
Желкесінен бүркіттей бүріп ұстап,
Әкелді әкесіне дедектетіп.
«Ал, әке, танымадың, біз балаңыз,
Есті жи, ақылға кел, енді алаңсыз.
Тоқал мынау, тамырын міне, әкелдім,
Бұларға қандай жаза бұйырасыз?»
Шал айтты: «Сендерге өлім бермек залым,
Істері енді маған болды мәлім.
Екеуін дар ағашқа апарыңдар,
Берейін өз қолыммен мен ажалын».
Шал сонда, екі сұмның басын кесіп,
Табысты ұлдарымен көңілі өсіп.
Екі ұлға – екі баймен құда болып,
Жасанып келін түсті елдей көшіп.
Баяғы үш жетімді іздеп тауып,
Қырық күн ойын-той ғып, құрды сауық.
Қасиетті үш затын қайтарыпты,
Асылдан үшеуіне шапан жауып.
Жасымнан жақсы сөзге жаным жақын,
Болмасам да ұқсауға бар ғой қақым?
Әсеттің сүрлеуіне түсіп едім,
Сүрінбей келе алдым ба, айтсын халқым!?
Шаңқандай ашық түсті кез болмаса,
Сөздерді жаратпаушы ем қара барқын.
Қозғалдым бір сапарға осылайша,
Шәкірт боп жаңғыртсам деп, ақын артын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter