Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  109


Автор: Қыңырбек Қамашұлы

Эпилог

Қызылжар, Кереку ме әлде қайдан,
Өлең жыр думанында салып сайран
Қайтыпты ақын Әсет үш ай жүріп,
Жүлде алып, жүйрік ақын талай тойдан.
Көруге Таңшолпанды асығады,
Сәт сайын құмарлығын асырады
Елге кеп Таңшолпанның жайын естіп,
От көңілі су сепкендей басылады.
Күңіренеді жас ақын көлді айналып,
Жүрекке өкініштен шер байланып
Таңшолпан батты деген тұсқа келіп,
Зарланды көкірегі ылайланып.
Таңшолпан естимісің дауысымды,
Сындырдың бала қанат қауырсынды
Туғалы түк көрмеген бала жүрек
Өртеніп бұл қайғыны ауырсынды.
Баянсыз осы ма еді дүние жалған,
Мақсатқа жеткізбейтін көңілге алған
Не жаздым жас басымнан жасағанға,
Жаралап жүрегімді қайғы салған.
Жас ақты жанарымнан алты тарам,
Зел-зала бір мен үшін дүние ғалам
Айырылған Ләйлісінен Мәжнүн сынды,
Телмірдім түпсіз көлге боп есалаң.
Жоғалттым таңдап тапқан сыңарымды,
Сыр шертіп тарқатпадым құмарымды,
Таңшолпан енді қалай айықтырам,
Іштегі от көзге қонған мұнарымды.
Тұсыма тура туып ер жетіп ең,
Тұңғиық жатқан ойды тербетіп ең
Жалт еткен жанарыңнан ұшқын түсіп,
Ұйқыдан оянғандай селт етіп ем.
Жоқ екен ауыр салмақ өкініштен,
Барады еңсемді езіп өртеп іштен,
Сен кеттің тәуекелге белді буып,
Мен қалдым қасіреттің уын ішкен.
Тірідей көкке Ғайса, Мәді жерге,
Кетіпті қысылғанда батып жерге.
Теңізге тірі кеткен сен болдың ғой,
Үшінші аңыз болып тірілерге.
Қылықпен балдай тәтті шөлдетіп ең,
Көркіңмен көңілімді желдетіп ең,
Қасыңа жақын жүрмей әттегене!
Алысқа қай жын айдап мен кетіп ем...
Зарланып күн кешермін Таңшолпаным,
Қайғымен батып күнім, атар таңым,
Сақтармын жүрегімнің түкпіріне,
Кеудемнен шыққанынша шыбын жаным.
Таңшолпан қошым осы айтқан саған,
Келмеді құтқаруға менің шамам,
Астында Мұхаммедтің ақ туының,
Болғанда кезігейік ақыр заман.
Көп заман зарланыпты ақын Әсет,
Бауырын суық қара жерге төсеп,
Ғашығын ұмыта алмай күңіреніпті,
Жырымен іште жанған отты көсеп.
Әсеттің “Қызыл гүлім” деген әні,
Арналған Таңшолпанға оның мәні,
Дерегі шежіренің дәл осылай,
Жөн шығар мұның дағы айтылғаны.
“Қызыл гүлім” әнінің қайырмасы:
Қызыл гүлім, сен бұлбұлым,
Мезгілсіз суық сорып, солды-ау гүлің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу