12.09.2022
  404


Автор: Қыңырбек Қамашұлы

Ел қорғаған ер баба – Қаракерей Қабанбай

Аңызда аңыз, аңыз, бар,
Ертегі емес аңыздар...
Бұл аңыздан ойымда,
Шиырлы емес соны із бар.
Соны жырлап беруге,
Бүгінгі өскен өрендер,
Мен Сіздерге қарыздар!
Сөз асылын өрейін,
Сұлуын таңдап терейін.
Алыссынбай жыр ауылын,
Мен де бір іздеп көрейін.
Қазақтың болған ұраны,
Батырлардың қыраны,
Қабанбай атты Бабамның
Жас кезін жырлап берейін...!
Үш жүз жыл бұрын осыдан,
Босқын боп қазақ жосыған.
Асулы қазан қалыпты,
Шәугімі түспей мосыдан.
Жоңғарлар шауып халықты,
Нәресте жұртта қалыпты.
Аш-жалаңаш шұбырып,
Көздері жасқа қарықты.
Иесіз малдай тоздырып,
Боялған қанға боз құрық...
Қоныстан елді қуыпты,
Аранын ашқан озбырлық.
Осыны көріп ашынған,
Жоңғардан күшін асырған,
Қабанбай атты батырды
Берейін біраз сөз қылып.
Қаракерей бабасы,
Төрт Бәйжігіт ел екен,
Жер сауыры – мекені.
Сарыбел дейтін жер екен.
Бәйжігіттің кенжесі,
Мәмбет бабаң ер екен.
Досқа дархан – даладай
Асқан мырза сері екен.
Әділ би Мәмбет атанып,
Отырған орны төр екен.
Өмір, Дәулен, Қожақұл,
Туған екен Мәмбеттен.
Батырлықпен бәрі де
Елін қорғап өмірі өткен.
Алаңдаумен ас ішіп,
Ата жаумен алысып.
Ат жалы, түйе қомында
Балалары ер жеткен.
Қожақұлдан үш ұл боп –
Есенаман, Есенбай,
Ерасыл еді кішісі –
Лақап аты Қабанбай.
Ол кезде қазақ қалмақпен,
Атысып талай шабысқан.
Ерлерін құл қып, аруын
Ат артына салысқан,
Бір-біріне құн төлеп,
Талай рет табысқан.
Жеңілген жағы қырылып,
Қан-жоса болып қалысқан.
Бәйжігіттің батыры,
Есенбай еді арыстан
Ел шетіне жау келсе
Көк сүңгісін ала ұшқан.
Дабысын естіп дұшпаны,
Тітірепті алыстан!
Есенбай үшін күйетін,
Қабанбай еді інісі.
Батырға біткен тұлға бар,
Адамның аса ірісі.
Жас болса да сабырлы,
Тиянақты әр ісі.
Ер жетіп батыр аттанса,
Кеңір еді елдің тынысы.
Есенбайдың Ерасыл,
Көңіліне тоқ еді.
Қасына ерсе найза алып,
Екеуі қалың топ еді.
Он төртте, бірақ, Қабанбай,
Толысып жеткен жоқ еді.
Дегенмен қалың қайратын,
Байқатқан жері көп еді.
Айтқанынан қайтпайтын,
Қажымас, қайсар боп еді.
Шүкірлік қылып Есенбай,
Тіл-көзден сақта деп еді.
Есенбай бірде жылқысын,
Жүріп еді аралап,
Қабанбай басып мінетін
Ат таңдады саралап.
Әрбіріне бір тоқтап,
Көңілі толмай Есенбай,
Сұркиікке келеді,
Қайта-қайта жағалап.
Қабырғалы, белді екен,
Өкпесі қандай желді екен.
Алысты тілеп шабатын,
Ат болар деп шамалап.
Төрт аяғы тіреудей,
Сан еті құшақ білеудей.
Қолтықтағы ойынды ет,
Нығыздалған сіреудей.
Бейне дүлдүл сияғы,
От орнындай тұяғы,
Тасты басса үгеді.
Асылдан соққан егеудей,
Омырауы шаңырақтай,
Құлағы жұқа жарғақтай,
Құндыздықтың түктері,
Күздегі қатты селеудей.
Мөлдіреген көздері,
Отты екен нұрлы өшпестей.
Бос қойса қашан, қай жерде,
Иесін тастап кетпестей.
Төсі төмен, шоқтығы,
Ұсынса, қол жетпестей.
Қалың екен сүйегі,
Шапса, қылыш өтпестей.
Тақтайдай екен сауыры,
Жазық екен бауыры.
Бөкен қабақ, қаз мойын,
Жүйткісе, жел жетпестей.
Есенбай сонда қуанды.
Ерге жарар ат туар.
Кішкентайдан Қабанбай,
Болып еді атқұмар.
Аман бол, өзің бауырым,
Сұркиік, сірә, қатты ұнар.
Баладай бағып, кежімдеп,
Мойынына тақ тұмар.
Арманымнан шығар ем,
Бұл ниетке құмар ем.
Қабанбай жаудан ел қорғап,
Топты сен жарсаң, жануар.
Ауылға қайтты Есенбай,
Көңілінде мақтан бар.
Әттең шіркін, сезбейді-ау,
Құрулы жолда қақпан бар...
Жер астынан жасырынып,
Батырдың жолын баққан бар.
Ту сыртынан тістеніп,
Садағын кезеп жатқан бар...!
Жайлау – Сарыжұрт болған кез,
Шаттықпен ауыл зуылдап,
Қымызға қызған қарттардың
Сөзінен сөзі туындап,
Ауылдың іші – той-думан.
Өрісте малы шуылдап.
Қарақат көз аруға,
Сал-серілер жүр ымдап.
Бұрала басқан бойжеткен,
Өргізген шашын бұрымдап.
Көлденеңдеп боз жігіт,
Бой көрсеткен қырындап.
Дайындалып жас күйеу,
Аттанбақшы ұрындап.
Тұмағына жеңгесі,
Тағып тұр үкі ырымдап.
Осы кез біреу аттандап:
«Жау шапты, ойбай, сақтан!-дап»
Сең соққандай суық сөз.
Құлаққа ұрды батпандап.
Мінген аты көк теңбіл.
Көк қияны қапталдап,
Келе жатыр көсілтіп,
Артында қалып ақшаңдақ.
Үдере ауыл дүрлікті,
Есі кетіп, жан шығып.
Аттандап келді Есенбай,
Қызыл қанға малшынып.
Қос жауырынның түбінде,
Көк жебе тұр шаншылып.
Жас жауып ата сақалын,
Аналардан зар шығып...
Қабанбай келіп алады,
Көк жебені суырып.
Жарасына басады,
Құрымды шоққа қуырып.
Кансырапты Есенбай,
Тұла бойы суынып.
Жан алқымның тұсында,
Қан жолдары буылып.
Мұны көрген Қабанбай,
Қайратын ұстап қала алмай,
Көзінен аққан жасына
Өңірі кетті жуылып...
– Асқар тауым ағажан,
Көрсетер сыртқа – айбыным,
Өткел бермес түпсізге,
Салатын желді қайығым.
Зілзала болса жер мен көк,
Адастырмас ай-күнім.
Оңынан соққан дауылым.
Айдаған бұлтын қайғының.
Жиырма бес жас көп пе еді,
Ойын салар тай күнің.
Тілге бір келіп айтшы аға,
Қанды торын жайды кім?!
Есенбай сонда сөйлейді:
Жасыңды тый, ер болсаң!
Қайғыменен үгіліп,
Таусыларсың бор болсаң...
Жасырын қалмақ мерт қылды,
Кегімді ал, туыс, ер болсаң,
Күңіренбей көрде жатармын,
Еліңнің қамын жер болсаң.
Жау айдады жылқыңды,
Айырып қал ер болсаң.
Үміт қып жастай баулып ем,
Амал не, қара тер болсам!...
Жылқыда кетіп барады,
Сұркиіктей қазанат.
Серігің сол, Қабанбай,
Жегізсең асын тазалап.
Сауыт-сайман асынбай,
Жауға түспей – жасылдай,
Мерт болып келдім қапыда,
Өзімді-өзім жазалап,
Жау қорлығы шыдатпай,
Өзімді аттан құлатпай,
Жан ұшырып кеп тұрмын,
Қиналған жанды мазалап.
Жау соңынан жетіңдер,
Қоныңдар атқа, азамат.
Теңбілге тез мін Қабанбай!
Еліңнен алма жаман ат.
Қош бол, маған қарама,
Тіріге мені санама...
Қабанбайдай қарағым,
Елім саған аманат!
Ата салты ежелден,
Аттанға – қазақ ширайды.
Аттана шапса жауына,
Жер менен көкке сыймайды.
Аттандап, атын тұрмандап,
Аттандап қолын жинайды,
Аттандап жаумен айқасса,
Қиратып, не қирайды!
Ат ойнатып батырлар,
Шығысты бетке алады.
Ұран салған дауыстар,
Көк жыртып жерді жарады.
Шоқ-шоқ болып әр тұстан,
Қою шаң борап барады.
Жылқының кеткен ізімен,
Бағдарлай қарап барады.
Ұйысқан тобы жазылмай,
Сарыны – күйдің сазындай.
Дауылды күнгі теңіздей,
Толқып кетіп барады.
Бөріге түсер қырандай,
Шүйіліп кетіп барады.
Батыры өліп, мал кетіп,
Күйініп кетіп барады.
Кейде өксіп, кейде күрсініп,
Күңіреніп кетіп барады.
Ашу-ыза, айбатпен
Түрленіп кетіп барады.
Күн еңкейіп кеткенде
Неше белден өткенде
Бүйірі қызған Көктеңбіл
Шүмектеп терін төккенде
Жылқыға жетті Қабанбай.
Қиялап шалар Қабанбай,
Ақырған дауысы қақыратып,
Өткен де ары, көктен де.
Ұмтылды қарсы, қалмақтар
Жиыны жүз қаралы,
Азулы арлан бөрідей,
Талайдан асқан амалы
Өз-өзіне сеніскен,
Қарулары келіскен,
Кеуделері есіктей,
Бұлар да батыр бағалы.
Топты жарды Қабанбай,
Тауысып әбден тағатын.
Көбік шашып, қарсы ұшқан,
Бурадай кісі алатын,
Қолындағы көк сүңгі,
Қалың етті қабатын.
Қайқы қылыш, көк, жасыл,
Қайтпай тасты шабатын.
Сегіз қырлы сұр жебе,
Тисе, сүйек шағатын.
Шойын шоқпар – шәугімдей,
Ұшырып басты қағатын.
Ұйқы-тұйқы қалмақтар,
Ортаға алды топтасып.
Тау бұзардай екпіні,
Кететіндей таптасып,
Қою-қошқыл түтіндей,
Шаң болды маңай баттасып,
Жел кірместей араға,
Желімдей қалды қаттасып,
Дуылдаған дыбыс бар,
Дүбірлеген шабыс бар.
Не күйде болып жатқанын,
Көре алмайсың тап басып.
Шақыр-шұқыр ұрылған,
Найзаның даусы естіліп,
Күбініскен адамдар,
Біріне-бірі сес қылып.
Бірінде мығым күш жатыр,
Біріңде бар ептілік.
Қызыл жоса қан қылған,
Кім бұларды өш қылып?
Өкіріп адам құлайды,
Шыңғырып аттар сұлайды,
Таласқа түсіп жатқандай,
Есірік пен естілік...
Жылқының алдын қайырып,
Алған соң жаудан айырып,
Батырлар судай тасып тұр,
Тірі қалған қалмақтар,
Ұйлығып тұр бір шетте,
Үрейі кетіп қаймығып.
Іштерінде жас бала,
Жеті-сегіз жастағы,
Ақ күмістей жарқырап,
Дулығасы бастағы,
Дөңгелек көз, қыр мұрын,
Қиылған қою қас тағы.
Ақша жүзі алмадай,
Өңдінің қиын аспағы.
Шақтап сауыт кигізген,
Әлемдеп атын астағы,
Найза, садақ, қылышы,
Бойына шақ – бәрі ісі.
Қанжығада байлаулы,
Жол азық салған баспағы.
Жаңағы өткен топырда,
Болған кезде сапырма,
Қабанбайға ұмтылып,
Шайқасты бала-батыр да.
Қол жұмсамай Қабанбай,
Басқаға да ұрғызбай
Осы бала өлімнен
Аман қалды ақыр да.
Білуге жөнін батырлар,
Жауына бетті бұрады.
Орғытып көкке аттарын,
Ойнатып кеп тұрады.
Егделеу бірін шақырып,
«Шыныңды айт» – деп ақырып,
Баланың жайын сұрады.
Сонда қалмақ: – «Айтайын,
Қанымызбен аталас
Тілегі бір баталас
Әрі ханмен бақталас
Дарғын дейтін биіміз
Осы бидің інісі,
Долығыр дейтін батыр бар,
Жүрегі батып еш батыр,
Бұған қарсы аттамас.
Тыңдасаңдар батырлар,
Сөзімнің жоқ шаласы.
Сол батырдың бұл тұрған,
Тұңғыш ерке баласы.
Сейіл құрып келсін деп,
Қазақтың жерін көрсін деп,
Бізге қосып жіберген.
Көзінің ақ пен қарасы,
Бұл баланы мерт қылған,
Жазылмас болар жарасы.
Баласын батыр іздесе,
Қан болар қазақ даласы».
Бұл сөзді ерлер тыңдады,
Сөз бұларды шыңдады.
Он бесін түгел байлады,
Жылқымен қосып айдады.
Бітімсіз егес жасауға,
Батырлар солай шындады.
Баласынан айырылған,
Қанатынан қайырылған,
Долығыр қандай күйде екен?
Көрінер екен қай қырдан?
Асыл ма екен ақпайтын,
Жасық па екен майырылған?
Аласұрды Долығыр,
Жорықшылар кешігіп.
Қараумен болды батысқа,
Күндіз-түні тесіліп.
Арыстандай айбатпен,
Жататын ер көсіліп,
Баласын ойлап таусылды,
Қауындай түскен есіліп.
Аяздай сорып ауыр ой,
Еңсесін басып батпандай,
Көзін жұмса баласы,
Алдында тұрды ақмаңдай.
Жаттың қолы шыңғыртып,
Қыл бұрау салып жатқандай,
Не қалды енді қол жиып
Баласын іздеп аттанбай?!
Шапқыншы жетті абынып,
Аттары терге малынып.
Суық хабар айтары,
Түстерінен танылып.
Сөз бастады біреуі,
Ділмарлыққа салынып.
Дірілдей шықты дауысы,
Қаймығып, қатты қамығып.
Тыңдасаң сөзді, батырым,
Айтқалы келе жатырмын.
Талай рет қазақтың,
Қанын судай сапырдың...
Тұман ғып таңын атырып,
Дауыл қып күнін батырдың.
Балаңнан хабар ала алмай,
Аюдай елге ақырдың.
Балаңды қазақ әкетіп,
Ақыры, міне, қапы ұрдың...
Біздің ерлер өлтірген,
Қазақтың бес батырын.
Жылқысын тиып айдаған,
Қалайда, тауып ақылын.
Қуғыншы жетіп соңынан,
Желдері есіп оңынан,
Жиырма бесін қырыпты.
...Құс шоқып жатыр алқымын!
Он бесі тірі, қолда екен.
Білмедік, қандай халде екен?
Жалының қайтып батырым,
Басылды міне, алқының...
Жан-жаққа кісі шаптырып,
Жинады би мен бектерді.
Көсем де шешен, көреген,
Аталас асыл тектерді.
Кім келді, кім келмеді?
Мұны-дағы тексерді.
Келгендермен келісіп,
Келмегенді бөксерді.
Қазаққа ойран салуға,
Кімде-кімнің ақылы,
Сарапқа түсіп, екшелді.
Жиналып билер кеңесті,
Кеңескенде не десті?
«Қырамыз, – деп қазақты,
Өршітеміз егесті.
Қарақұрым қол жисақ,
Баланы бермен демес-ті.
Қазақ қашан қалмақпен,
Терезесі теңесті?»
Дарғын би айтты: – «Жараңдар!
Мына маған қараңдар.
Сендер күшке сенсеңдер,
Көңілімде менің алаң бар...
Қолында жатқан қазақтың,
Бізден тұтқын адам бар.
Жыланның басып құйрығын,
Асқынып тұрған жараң бар.
Қазақта батыр жоқ деме,
Аш бөрідей жалаңдар!
Соғыссаң, басын шабады,
Тұтқында тұрған балаң бар!
Басқа бір айла табалық,
Елшілікке баралық,
Құрақ ұшып алдында
Мойынға бәрін алалық.
Батырына құн төлеп,
Амалды асыр, білтелеп.
Айыпқа бәйге жетелеп
Жал-құйрығын күлтелет.
Елшілік жолын салған соң,
Тұтқынды аман алған соң,
Көрерміз тағы ар жағын,
Көңілдегіміз болған соң».
Осыған сөзді байласты.
Арадай дулап қайнасты.
Алтын жамбы, тай-тұяқ,
Құнға көп мал айдасты.
Жаз ауып қоңыр күз еді.
Қара құмақ кез еді.
Есенбайға құн кесіп,
Бітім жасар сөз еді.
Қарсы болып Қабанбай,
Өртенулі өзегі
Баласынып кеңестен,
Сырт қалдырған билерге.
Батырдың айтқан сөзі еді.
Қазақтың ханы Абылай,
(Үлкен Абылай)
Талаттың жауға елімді,
Құнға неге бітесің?
Қорладың ба еріңді?
Жауды аяған – жаралы
Босағада қаларсың
Босатып беріп төріңді,
Сен көнсең де, мен көнбен,
Алмай қойман кегімді.
Қанды – қанмен жуамыз,
Құн алып біту – жөн емес,
Қалмақтың жисаң бар малын
Есенбайға тең емес.
Хабар сал, алты арысқа.
Бітісем жасап, қанды егес!
Өмір батыр сол кезде,
Рулы елдің ағасы.
Тиянақ болған еліне,
Асқар таудың сағасы,
Сексеннен жасы асыпты,
Кәріліктен қайтып шамасы
Асқынып тұрған секілді,
Жүрегінің жарасы.
Келелі ойдың сабасы,
Төгілді сөздің сарасы.
– Ерасыл қалқам, жас едің...
Қабырғаң бекіп қатпаған,
Қан майданды қақыратып,
Шайқастың дәмін татпаған.
Қар жастанып, мұз төсеп,
Жортуылда жатпаған.
Сарша тамыз, шілдеде,
Сен емессің Хас батыр,
Маңдайын күн қақтаған,
Есенбайдың өлімі
Дейсің бе, маған батпаған?
Жастығыңды ойлап қарағым,
Әр қиялға тоқталам...
Талабыңа ризамын
Еліңнің кегін жоқтаған.
Енді өзіңнен айрылсақ,
Боламыз ғой қалмаққа,
Шұбырынды, ақ табан?
Есенбайдың құнына,
Себебім осы тоқтаған.
Қабанбай сонда долданып,
Сыртына теуіп, сомданып.
Өтпесін біліп сөзінің
Таласпады зорланып.
Бұл емес еді тілегім,
«Басқа еді алған ойыма:
– Нақақ жала жаппаймын,
Жарлының жалғыз тайына.
Алмаса жұртым сөзімді,
Бұлдамаса өзімді,
Кетейін шығып ортаңнан,
Жүрейін өз жайыма».
Осылай деп Қабанбай,
Үйден шығып кетеді.
Қадалған көзі адамның
Өңменінен өтеді.
Адымдай басып қасына,
Сұркиіктің жетеді.
Орындауға өз ойын
Бұрылып алған беті еді.
Сұркиікке бөктерді,
Сауыт-сайман, беренді.
Тақымына басады,
Ақ найза қадап, еменді.
Аларта көзбен бір шолды,
Жоғары мен төменді.
Ашуға сыймай денесі
Жүріп кетті ауылдың,
Сыртындағы асып белеңді.
Барды дағы отырды
Бір төбенің басына.
Қарағанға байлады,
Сұркиікті қасына.
Екі жүзді қанжарын,
Қайрап отыр төбенің
Көк малта қайрақ тасына...
Айқастырып байлаған,
Кермеде самсып саңлақтар,
Құйын соғып әр жерден,
Көтерілген шаңдақ бар.
Бейсауат сыртта адам жоқ,
Есенбайға құн кесіп,
Үйде отырған заржақтар,
Құпия түгел сызылып,
Басылды мұдық бармақтар,
Талма түстің кезі еді,
Қайтқалы жатқан қалмақтар.
Қабанбай келіп кермеге,
Сұркиікті байлады.
Ойындағы жұмысын,
Орындауды ойлады.
Үзеңгісін қиды аттардың,
Басталды ерлік жоралғы,
Мінер жақ түгел сымпиып,
Қиылып түсті таралғы.
Аттана қуса, көпшілік,
Сұркиік бауырын жазғанша,
Болсын деді оралғы.
Қанжарын алды қолына,
Қарады оң мен солына,.
Қан төгем, қазір, құдайым,
Арамдыққа жорыма.
Қан жылаған ел үшін,
Тарқамай жүрген жер үшін.
Төгілген қан кеппеген,
Қазақтың байтақ жері үшін,
Дүние қуған арамдық
Тиылсын деп жамандық.
Дарғын биді жарамын,
Жан көкемнің кегі үшін!
Осы оймен Қабанбай,
Құн кескен үйге беттеді,
Қиялға көп қамалмай,
Қозғалды үйден қалмақтар.
Айдары түскен иыққа,
Май жиналған миыққа,
Селдір сақал, қызыл жүз,
Бастап шықты қария,
Қатерден бойын жиып па?
Біріншіңді жібердім,
Құдай жолы – қонақсың.
Екінші шыққан Дарғын би,
Сен жауыма тарапсың.
Деп Қабанбай Дарғынның
Желкесінен бүреді.
Айыр етек шапанын,
Айыра басқа түреді.
Шаптан сұғып қанжарын,
Кеудеге бірақ тіреді.
Қарғып мінді атына,
Қарамады артына.
Балаң ойы уланған,
Келгендей болды шартына...!
Бұзау тіс, дырау қамшысын,
Сұркиікке басады.
Бұлдырап көкше қояндай,
Белдерден небір асады.
Қорымды жердің шағылын,
Гулетіп көкке шашады.
Сарыбел-Алтай арасын
Боз бұйра тұман жасады.
Бетке алып ылғи төтені,
Артында қалып мекені,
Тарбағатай, Қалбаның
Қолқасын жарып өтеді.
Өкпелеген Ерасыл,
Осылай елден кетеді,
Алты күн, алты түн қатып,
Өр Алтайды жайлаған,
Жездесіне жетеді.
Бауырын көріп апасы,
Биіктеп қалды жотасы,
Есенбайды ойлап егілген,
Жеңілдеп көңіл-қапасы:
Арысым еді Есенбай,
Бермеген жауға есемді-ай,
Өлтіріп дұшпан тынды ма,
Ел бастаған көсемді-ай!
Келмеске кеткен Есенді,
Қуып қалай жетейін,
Аман бол өзің, бауырым,
Аһ ұрып, тәубе етейін...
Сабыр ет, апа, жылама,
Көзіңнің жасын бұлама,
Болмасқа болат бол депті,
Бұрынғы өткен ғұлама.
Кегін алдым бауырыңның,
Ел кегін тағы алармын,
Басқасын менен сұрама!
Ойлана қарап Ерасыл,
Айбарлы Алтай төріне,
Шыңдарын шыған балады.
Таулардың дара піріне,
Ат басын келіп тіреді.
Сол пірлердің біріне.
Тауда ұлы құдірет бар,
Мекен болар жатсынбай.
Бірдей әлсіз, іріңе,
Момын, жыртқыш, аң-құстың
Тиянақ болған бәріне.
Өр Алтай десе, дегендей,
Маралдай сұлу керілген.
Оңнан солға созылып,
Шыңдары көктен көрінген.
Қойнауы бейне масаты,
Шым жібектен терілген,
Жасыл бұйра қарағай,
Етектен өрге өрілген.
Сай-саласы бал-бұлақ,
Түсті гүлге көмілген.
Қарақат, жиде, өрігі,
Мәуелеп жерге төгілген.
Бөктері толған қалың ел,
Мыңғыртып малын айдаған,
Ақ төбе үйлер жамырап,
Дөдегесі жайнаған.
Тоты құс түсті киімі,
Аққудай әсем иіні,
Әр үйдің алды арулар,
Самаурыны қайнаған.
Таңнан ашып ұйқысын,
Өрістен жиып жылқысын,
Ақ құрығы жарқылдап,
Жігіттер құлын байлаған.
Шыңдағы ұшқан қыранын
Құздағы жүрген бұланын,
Күнде көріп Ерасыл,
Құмары қанып тоймаған.
Үш жыл салып артына,
Елмен, жермен танысты.
Көңіл жетер, сыр ашар,
Құрбылармен танысты.
Ойын-сауық, той-думан,
Қатар түзеп барысты.
Аз жүріп қонақ, көп сынап,
Білді жақын, алысты.
Бір күні үлкен той болып,
Қыз қуар ойын басталды.
Жүйріктерін сынасып,
Жігіттер ойда астарлы.
Бір мырза: «Мына қара» – деп,
«Неге тұр құда бала» – деп,
Ерасылды шақырды.
«Бір құдаша қала» – деп.
Ерасыл сонда бөгелмей:
Шықсын, – дейді, – Ақмаржан!
Ақмаржанға жүректе,
Сөзі бар-ау сақталған.
Ақ жүзі айдай толысып,
Қылықты қимыл-бұлықсып,
Атқа мінді Ақмаржан,
Тартынған жоқ сынықсып.
Ұялы қара көздері,
Қарақаттай мөлдіреп,
Сызылып әсем қастары,
Ерні гүлдей үлбіреп.
Маңдайы жазық керіліп,
Елжіреп езу тартқанда,
Тізіліп тісі көрініп.
Қолаң шашты қос бұрым,
Жалт-жұлт еткен өріліп.
Кәмшат бөрік үкілі,
Зерлеген таспен теріліп.
Құралай көзі мөлдіреп,
Аққудай бұрып мойынын,
Көк шыбық талдай солқылдап,
Көздердің алып тойымын.
Қаракер атын жайнатып,
Жібекпен кекілін байлатып,
Ерасылдың келді қасына,
Жүрісін аттың ойнатып.
Қатарласты екеуі,
Иіндері тиісіп,
Шамдығы жоқ мұндайда,
Алса-дағы сүйісіп!
Ақмаржан бір сәт қарады,
Ерасылға ұрланып.
Аққұба өңі ашылып,
Келеді екен нұрланып.
Шаралы кең көз, кең маңдай,
Қою қара қастары,
Ақ жүзге ұнам тапқандай.
Жалт қараса, жанары,
Отты екен ұшқын атқандай.
Толықсып туған айдай бір,
Толғамды ақыл жатқандай.
Төсі шалқақ, кең иық,
Әдейілеп мүсін шапқандай.
Еңгезер бойлы, сом сүйек,
Шар болат, шойын салмақтан.
Қағырға ізі батқандай.
Салалы, жұмыр саусақты,
Ашқанда мынау алақан,
Қос серперлі қақпандай.
Бозбала күнгі бұл мүше,
Толысар әлі тоқталмай.
Ер бітімін осылай,
Жасырын шолды жас сұлу,
Сұқтануға дәт бармай.
Аттардың тежеп тізгінін,
Аяңдатып барады.
Ақмаржанның жүзіне,
Ерасыл тіктеп қарады.
Ақмаржан сонда қызарып,
Кірпіктері ұзарып,
Көзін төмен түсірді.
Ұяңдық пен тазалық...
Ерасыл айтты: «Құдаша,
Жүрегім сыймай кеудеме,
Қуанып келем балаша.
Өзіңдей асыл қалқаға,
Айып па көңілім құласа.
Арқаға алып кетермін,
Бір құдайым қаласа».
Ақмаржан айтты: «Естіп ем,
Бір елден келген батыр деп,
Қалмақтарды жаулайтын.
Мінезіңде бар ма еді,
Қыздарды да аулайтын?»
«Қыздар өсер алаңсыз,
Қалмақтарды жауласам.
Сенесің бе сертіме,
Уәдеден аумасам.
Біреумен даулы болам ба,
Өз басыңды ауласам?»
Бұл сөзді естіп Ақмаржан,
Езу тартты қысылып.
Ду етіп өңі қызарды,
Бара жатты ысынып.
Жүректің сөзін кім айтып,
Көрген бұрын ысылып.
Сөз емес, көзбен ұқтырып,
Жауапсыз қалды тосылып.
Көмбеге жетіп қайтысты,
Мақсатқа қысқа айтысты.
От жүрекке әр сөзден,
Шыжитын бір май түсті.
Сұркиік пен Қаракер,
Оқтай зырлап келеді.
Екі жастың жүрегі,
Оттай маздап келеді.
Сұркиік шықты суырылып,
Апшысын жердің қуырып.
Келгенде жерге межелі,
Ұялар деп Ақмаржан,
Қатарласып келеді.
Ерасылдың мұнысын,
Сыйлауы деп біледі.
Ақмаржан қамшы көтермей,
Бұлбұл жанып реңі.
Көмбеден қатар өтеді.
Мұны халық көреді.
Екеуі де көргенді,
Бала деп баға береді.
Жалт-жұлт етіп қарасып,
Қалғандай көңіл жарасып.
Серттесіп көзбен кетеді.
Қалмайын деп адасып.
Бар еді бір бай Керейде,
Қолына ұры ұстаған.
Осы бай бірде аттанып,
Барған екен қалмаққа.
Өрістегі жылқысын,
Айдатып түнде алмаққа.
Жылқысын қалмақ алғызбай,
Ұрыға олжа салғызбай.
Алтауын ұстап алыпты,
Тұра ма бұған қан қызбай?
Мұны естіген Қабанбай
Бір күні ерте тұрады.
Сауытын киіп сайланып,
Батырлық салтын құрады.
Қалмақтардың мекенін,
Қайсы тұста екенін,
Жөнін біліп алмаққа,
Ат басын байға бұрады.
«Алты ұрың қалған қолды боп,
Сапарың қалай болды деп.
Жорықта кімдер кезікті»,
Деп батыр байдан сұрады.
Байдың көзі шатынап,
Қабанбайға қарады.
Қамшысын білеп батырға,
Ақыра сілтеп қалады.
Ел кезіп жүрген келімсек,
Кемітуге келіп пе ең,
Көсемситін тегінде,
Төрге шығып көріп пе ең?
Құл пішінді теңім бе,
Сен секілді желіккен.
Сенен сауға сұраман,
Көтере алмай жүрсің-ау,
Қаспағымды семірткен.
Мына сөзі ұрының,
Сүйегін ердің жасытты.
Намысын қатты қыздырып,
Бойдағы қанын тасытты.
– Бұлданғандай кім едің,
Тегімді неге мінедің?
Қаныңды шашып кетейін,
Алты арыстың бірі едің,
Білдірейін білмесең,
Қабырғалы ежелден,
Қаракерей елі едім!
Сойылыңды соғып жауыңды
Жауласайын деп едім.
Керей-Найман туысқан,
Бауырымсың демедің,
Көк ауыз сендей ауруды,
Ұшықтаушы мен едім! –
Осылай деп Қабанбай
Қамшымен тартып қалады.
Аударылып атынан,
Талықсып бай құлады.
Көтеріліп Керейлер,
Жездесіне батырдың
Зікініп, зікір салады.
– Асыранды аюың,
Кісімізді талады,
Деп айдатып жылқысын,
Керейді Керей шабады.
Жездесінің жылқысын,
Жиып айдап барады.
Қылыққа мынау шыдамай,
Ешбір айла таба алмай,
Жездесіне келеді,
Жөн айтпаққа Қабанбай:
«Қас жауым болса егерде,
Көрсетер ем көзіне,
Аспанын түнек мұнардай!»
Үйден шығып апасы,
Батырдың келді қасына:
«Ашуды қой, бауырым,
Дау тілеме басыңа.
Қызғыш болып қайтесің,
Ағайынды адамның,
Алдындағы асына.
Айдағаны өз малы,
Түбі бір, туыс бір-бірін,
Ушықтырма арасын,
Тілімді ал, барма қасына...!»
«Кетемін онда, апатай,
Қалмақтың қалың еліне,
Бес қаруды бойдағы,
Сілтеймін жаудың еріне.
Өкпеме кірді бір желік,
Кезіккендей періме,
Бір ауыр жүк көтермей,
Жарылып ішім кетердей,
Бұл долық мені шыдатпас,
Шығармай жаудың жеріне.
Жылқысын жаудың әкеліп,
Құлынын байлап берейін,
Қаңырап қалған желіңе».
Осыны айтып Қабанбай,
Сұркиікті тебінді,
Батыр адам қозғалса,
Болмас, сірә, тегін-ді.
Тозаңына Сұрының
Сауырдың жоны көмілді.
Жер ойылып ошақтай,
Қорым тас құмдай егілді.
Апасының көз жасы,
Көл-көсір боп төгілді.
Қандай да күйге түсер деп,
Қабырғасы сөгілді:
«Айналайын, жасаған
Адасқан қаздай қалқамның
Жорығын қылғай көңілді».
Ұлы таудың бетінде,
Қалмақтың бергі шетінде,
Жер қайысқан көп жылқы
Жатыр желдің өтінде.
«Жылқыға алдым толсын, – деп,
Барымталы жолсың» – деп,
Жылқыны жиып айдады,
«Қуғыншы болса, келсін» – деп.
Қарсыдан біреу кескінді
Көрініс беріп сес қылды.
Ақырған айбат айғайы
Тау жаңғырып естілді.
Қапсағай тұлға қаңқиып,
Тарбиған танау таңқиып,
Алақандай шегір көз
Ашты күндей шаңқиып,
Тайқазандай басы бар,
Етектей ерні салпиып.
Қастары бұйра, қоғадай,
Тебінгі құлақ қалқиып.
Екі беті көнектей,
Қасқа тісі күректей
Соғады санын айдары,
Жіберген өріп білектей.
Солқылдап қарны сабадай,
Үйіндісі обадай,
Жерді сызған аяғы,
Етігі қайқы шанадай.
Найзасының сабы бар,
Бөрене болар теректей.
Мұны көрген батырдың
Қалар ма екен, япырмау,
Ет жүрегі дір етпей.
Абыржып, өзі саспайды,
Атына қамшы баспайды.
Жылқы айдаған батырға,
Алартып көзін тастайды.
Көлденең келіп тоқтайды,
Әлденеге бастайды,
Дүркіретіп жылқыны,
Жүре берді Қабанбай.
Кес-кестеген қалмаққа,
Назар салып қарамай.
Іштегі шықпай долығы
Ашуы бойдан тарамай.
Жылқының есін шығарып,
Жосытты жалғыз қарадай.
Батыр қалмақ ұмтылды.
Тебініп қалып күреңін.
Қаны қайнап құтырды,
Түнектей бұзып реңін.
Қос көзіне қан толып,
Сыбанып екі білегін,
Найзаны бірден жұмсады,
Кернеді қаны жүрегін.
Екеуі де кел батыр,
Бір-біріне бел батыр,
Менсініспей басында,
Қарама-қарсы келді ақыр.
Найзаны да салысты,
Ат үстінде алысты.
Шоқпармен де қағысты,
Қылышпен де шабысты,
Екеуі де дауыл күш
Екендігін танысты.
Бірін-бірі жұлып ала алмай,
Тебініп атын жанысты...
Сап етіп бір шақ Қабанбай,
Айдардан басты тақымға,
Келтірді жауды қапылға,
Тақымда кетті лақтай,
Ат бауырында мойынын,
Қиды қылыш қияқтай.
Кесілген басты айдардан,
Қанжығаға байлады,
Жас батырдың қимылы,
Жай жүрген бейне саяттай,
Апасы мен жездесін
Жылқыға батып байытты.
Көкірегін кернеген,
Қапалық аздап айықты.
Ұзаққа кетіп қалдым ба,
Күдірге әлде салдым ба?
Тоқтықта дәмі болмайды,
Жая менен жалдың да.
Тұнық су, шүйгін шөп болса,
Масайрар жаны малдың да,
Өткендер үшін бұрынғы,
Өрендер үшін бүгінгі,
Ұрпақтар үшін кейінгі,
Бір міндет тұр алдымда.
Сол үшін жырды төгейін,
Керейде жүрген батырдың
Елінен хабар берейін.
Тынышым кетіп түнімен,
Бүлкілдеп шықты көмейім.
Бәйгеге қосқан жырымның,
Асыра көр мерейін.
Алтай-Арқа арасын,
Ағыза шауып жөнейін.
Елден кетіп Ерасыл,
Ел көңілін басты зіл.
Арыстан ұлдан айырған,
Кез болды қандай әзәзіл.
Үш жыл болды бұрылып,
Еліне көңіл бөлмейді,
Алты рет кісі жіберіп,
Шақырғанға келмейді.
Үш жыл бойы аңыраған,
Анасын бір көрмеді.
Іздеп барған туысқа,
Бір ауыз жауап бермеді.
Назын айтса, қиылып,
Қабағы тастай түйіліп,
Тіл қатпай тұрып орнынан,
Қолын бір-ақ сермеді.
Сырына ердің үңіліп,
Шақырушылар түңіліп,
Тауаны қайтып бәрінің
«Болмайық қара тер» – деді.
Бұл іске қатты күйініп,
Арнайы халық жиылып,
Аталы ойлар айтылды,
Іздеуге тас түйініп,
Ерасылдың анасы,
Сөйледі сонда егіліп.
Мөлдіреген ыстық жас,
Қос бұлақтай төгіліп:
«Осыдан кетсе Ерасыл
Керейге бауыр басады.
Сүйекке таңба іс болып,
Араларыңды ашады.
Бала да болса бойында
Бар ма деуші ем киесі.
Бүгінгі жас демесең,
Ертеңгі елдің иесі.
Жерге тимей денесі,
Туғанда түсті тонымен,
Әне отыр кіндік шешесі,
Жырта алмай тонды қолымен,
Пышақпен тонды кесуге,
Әйелдер кіндік кесуге,
Пышаққа жұмсап бір-бірін,
Біреуі былай қылды ырым:
«Сауытпен туған бұл бала,
Батыр болар» – десуде.
Бұл сөзге денем ду етіп,
Жүрегім де зу етіп,
«Пышаққа» деген суық сөз.
Алғызбадым пышақты,
Бұрынғыдан жол қуып.
Қолымда алтын жүзіктің
Бауырын дереу жаздырып,
Тигізбей жерге алғыздым,
Алтынмен тонын жарғызып.
Ойлаушы едім Ерасыл,
Алтындай таза болар деп.
Жорушы едім ер жетсе,
Қырандай шыңға қонар деп.
Мінезіне тең еді,
Уыздай, майда тәттілік.
Шар болаттай қаттылық.
Ақылмен бабы табылса,
Осыдан болам үміткер.
Намыспен қатқан жүрегін,
Ойлаңдар, ақыл жібітер».
Осылай жоба көрсетті,
Ерасылдың анасы.
Бірінен өлі, бірінен,
Тірі айрылып ананың,
Асқындап еді наласы...
Қандай істің түйінін,
Көп жиылса табады.
Көптен қағыс қалған ба,
Сәтті бір істің сабағы.
Мына ақылға тоқтады,
Жиылған жұрт жаңағы:
– Ерасылдың сыйласы,
Көңіл жықпас қимасы,
Он бес жігіт жинаңдар,
Болмасын мінезі қиғашы.
Аяқтары шырмалған,
Болсын бәрі үй басы.
Келіншектері тектіден,
Бар болсын ақыл ибасы.
Куйеуімен егесіп,
«Е»-дегенде, «ме»-десіп,
Шайпау мінез, шақпа тіл,
Болмасын жасын тыймасы.
Тал шыбықтай иіліп,
Өңінен нұры құйылып,
Құрбысына назданса,
Сырын айтса қиылып.
Қабағын, сірә, шытпаса,
Достары келсе жиылып,
Құрбы алдында күйеуін
Ықтырмаса түйіліп.
Ашық болса жайдары
Отырмаса бұйығып,
Осылар сырды сақтайды,
Тапсырып айтса бұйырып.
Керейге көшсін осындай,
Он бес отау таңдалып.
Жайнатып жасау артылсын,
Түйелері қомдалып.
Еншісін толық беріңдер,
Алдына барсын мал салып,
Көшіп барған жерінде,
Жұрт қарасын тамсанып.
Тай-тай теңдер шешіліп,
Қараған көздер тесіліп,
Көкке жайған асылдар,
Жиылсын қайта шаңдалып.
Дүние малы сай болса.
Алаңсыз көңіл жай болса,
Туысын қимай келді дер,
Біржолата қамданып,
Іздесін солай жан салып.
Сағындық десін жар салып,
Өзіңмен десін Ерасыл,
Бірге өскен кезді аңсадық.
Жыл жүрсін, мейлі, көп жүрсін,
Ойдағы қамын жей жүрсін.


Сыйласын кәрі-жасымен,
Сыр алдырмай тек жүрсін,
Судай сіңіп ішіне,
Үйренсін елдің үлгісін.
Пір тұтып қатты сыйласын,
Сұңғыла сөзді білгішін,
Ел ішінен байқасын,
Түлкісі мен кірпісін,
Керек болар түбінде,
Күтіңдер сөздің ілгішін.
Ел болған соң той болар,
Той болса, түрлі ой болар.
Аз атаға көп ата,
Көрсететін бой болар.
Тойдан түрлі топ шығар,
Той ойыннан от шығар.
Толқымайтын сабаз бар,
Шырық бұзар тапшы бар.
Осындай кезде жігіттер,
Аямай бассын намысқа.
Ашуын сыртқа шығарсын,
Өрт тигендей қамысқа.
Ұрандап топтан бөлінсін,
Найман боп тобы көрінсін.
Қаракерей Қаптағай,
Ұлы аруақтар терілсін.
Елін ойлап Ерасыл,
Жерінен жүрген жерінсін».
Осылай деп үлкендер,
Он бес отау көшірді.
Шығарып салып қалың ел,
Көз ұшына кеткенше,
Көшке қарап тесілді.
Ел-жұртын артқа қалдырып,
Көңілге алғау салдырып,
Ұзаққа тартып көш кетті,
Атанның белін талдырып.
Бірде жөн, бірде адасып,
Тас басып шықты тау асып,
Көшкелі бұлар ай болды,
Таң атса, күнмен таласып.
Күйдіріп аптап, желдетіп,
Сабалап кейде селдетіп,
Кез болып кейде шөл дала
Қаңсытты әбден меңдетіп.
Жаз ауып, күз болғанда,
Биікке қырау қонғанда,
Көрінді Алтай алыстан,
Толықша жүздер солғанда.
Жүктелген міндет – ізгілік,
Қалған жоқ үміт үзіліп.
Алтайдың жетіп тауына,
Көз тігеді қызығып.
Тапты ақыр апа-жездесін,
Қарсы алды жастар сызылып,
Ерасылды құшақтап,
Ыстық жастар бұршақтап,
Наздарын айтты құрбылар,
Көңілдері бұзылып:
– Ерасыл, сені сағындық,
Келер деп қатты сарылдық.
Мезгілі жетіп жұқарған,
Шығудай болып жарылдық.
Ағайын іші ала боп,
Бір-бірімізге тарылдық.
Сенімен бірге болуға,
Біз-дағы елден арылдық.
Бір атадан жаралдық,
Бір ауылдан таралдық.
Сағым қонған Сарыарқа,
Ауасынан нәр алдық.
Қуансаң, бірге күлісіп,
Күйінсең, бірге зар алдық.
Осылай өскен өзіңмен,
Не бетпен шыдап қала алдық.
Енді бірге боламыз,
Сауық-сайран саламыз.
Сенімен бірге Ерасыл,
Осы елде тұрып қаламыз.
Рулы ел боп кетерміз,
Өсіп-өнсе баламыз.
Жауға шықсақ қол болып,
Кегімізді аламыз...
Ұзын сызсаң, көшеміз,
Көлденең сызсаң – қонамыз.
Осылай деп құрбылар,
Құшақ жайды жайылып.
Жанарын шылап арулар,
Жүректер жиі қағылып,
Құрбыларын Ерасыл,
Қалған екен сағынып.
Жүрегі тайдай тулады,
Кететіндей жарылып.
Үн қата алмай булығып,
Көзден жасы ағылып.
Наласы ма, назы ма?
Тұр ма екен әлде шағынып?
Майдай еріп барады,
Шыдасын бұған неғылып.
Кезекпенен құшақтап,
Құрбылары қысады,
Көзінен үнсіз шығарып,
Көкірегі құсалы...
– Ел болып келген құрбылар,
Құшағыңа кірейін.
Шаңы шықпас жаяу ем,
Үні шықпас жалғыз ем,
Енді сендер – мерейім!
Бір мен деп келген ағайын,
Сендерден немді аяйын.
Қылыш шауып кеспесті,
Қылықпенен кестіңдер.
Мен үшін көрген азапты,
Қызық пен ойын депсіңдер.
Осыдан асыл ниеттің
Қарымын қайдан табамын.
Ат шаптырды, той жасап,
Апасы мен жездесі.
Төркіні тайпа ел болды.
Есенбайдан өзгесі.
Құдалар күтіп, сыйлады,
Кезекпенен шақырып,
Біреуі қой, біреуі тай сойды.
Сары қымызын сапырып,
Аппақ құрт, қызыл ірімшік,
Дастарханға төгіліп.
Шыртылдақ жент, сары май,
Кесегімен томырылып,
Жасады салтын қонақжай,
Сый-құрметі сатусыз,
Бергісіз шынға қалжыңы,
Айтса да қанша батусыз.
Біреуі келсе, Қырымнан,
Кез болса бірі Ұрымнан..
Дастархан жаю алдымен,
Тәртібі осы бұрыннан.
Найманнан келген он бес үй,
Өз алдына ауыл боп,
Біреуге – аға, біреуге –
Қадірменді бауыр боп.
Жүргені бұлар екі жыл,
Мекені Алтай-Сауыр боп.
Арғы мақсат – бүркеулі,
Көңілге осы ауыр боп.
Ел көшіп қонды жайлауға,
Көндікті құлын байлауға.
Сағымға жуып қанатын,
Машықты бұлбұл сайрауға.
Көз тұндырды тау гүлдеп,
Төгіліп тоғай тұр бүрлеп.
Жер көк торғын желпіген,
Қоңыр жел самал – ән гулеп.
Той жасап сонда Сауырбай,
Жамырай жұрт ағылды-ай.
Жорға, жүйрік арындап,
Шабанға қамшы сауырлай.
Өгіз мінген біреулер,
Біреулер жаяу сабылды-ай.
Дүйім жұрттың аузында:
«Той жасапты Сауырбай».
Қыз-келіншектер бұралып,
Әр ауылдан құралып,
Қызыл шырай, аққұба,
Тоты құстай таранып,
Иығын соғып сырғасы,
Аяғы басқан саналып.
Сәукеле, шолпы сылдырлап,
Жанары жалт-жұлт қадалып,
Олар да келді бір бөлек,
Шыққандай нұрдан жаралып.
Жүйріктің жалын тарасып,
Шекесінен қарасып.
Ат-тұрман, тонын түзескен,
Бір-бірімен таласып.
Бұлықсыған бозбала,
Жекей тұмақ жарасып.
Қас-қабақпен біліскен,
Қыз-келіншекпен жанасып.
Аттары баспен алысып,
Тартқанда қолы қарысып.
Солқылдап өңкей көкөрім,
Көк белден түсті бері асып.
Ақ боз үйлер тігіліп,
Қатары қаздай тізіліп,
Өрнегі зиын жеткісіз,
Жібектен бауы ызылып,
Дүрия жанат төселген.
Отырған қонақ қызығып,
Шай құйып отыр арулар.
Жіңішке қасы сызылып,
Сақина толы саусағы,
Құмырсқа белі үзіліп.
Көзі түскен серілер,
Ауысқан ойы бұзылып.
Үш жүз үй тұрды саппенен,
Бауырсағын төкті қаппенен.
Түйемен тасып қымызын,
Табағын тартты атпенен.
Етке бөккен есіріп,
Қымызға бөккен лепіріп,
Қызарып та көгеріп,
Жүргендер бар көпіріп.
Көкпар тартты теңге алып,
Кімнен жүрсін кем қалып.
Шой желкелі, жауырынды,
Балуандар шықты таңдалып.
Домбырасын сермесіп,
Өктем сөзбен өрлесіп,
Айтысып отыр ақындар.
Бойы қызған терлесіп.
Жал-құйрығы сүзілген,
Сағағы қылдай үзілген,
Бәйгеден келер жүйрікке,
Қызыққандар көз ілген.
Ту сырты жалпақ құлаштан,
Басы мен мойны тұтасқан,
Майданға шықты бір палуан,
Тойдағы топтан тұрқы асқан.
Бейне тұқыл теректей,
Жаралысы еректей.
Жаратқан шығар оны да,
Артықша бір күш керектей.
Білектің еті тоқпақтай,
Алақаны күректей,
Тостаған көз, қара қас,
Желпілдейді жібектей.
Кішігірім қостай боп,
Майданға келіп отырды.
Тең түсері табылса,
Шығармақшы-ау топырды.
Аты екен мұның – Арыстан,
Әкеліпті алыстан.
Сүйегі сынбай қалмапты,
Қолы тиіп алысқан.
Бес жүз тұсақ бәйгесі,
Кезі жоқ алмай қалысқан.
Жетпіс-сексен белдескен,
Айласы артық алпыстан.
Бұған ешкім шықпады,
Бие сауын өтті кез,
Мынаған ешкім жоқ па деп,
Әр жерден гулеп шықты сөз.
Ортаға шықты қария,
Керіскедей ала атты.
Жан-жағын жайқап қолымен,
Жұртты өзіне қаратты.
Ерасыл дейтін осында,
Бар дейді бала талапты.
Жақсыны көрмек деген бар,
Білесің бәрің санатты.
Бір көруге құмар ем,
Найманнан келген қонақты.
Сол бала келсін қасыма,
Батыр дейді ел жарақты.
Ерасыл сонда жаяулап,
Сабырлы басып, баяулап,
Әдеппен сәлем береді,
Қасына қарттың таяулап.
– Атыңа бала, қанықпын,
Бірі деп естіп алыптың,
Белдесіп көрсең қайтеді,
Намысы үшін халықтың?
Ұққан сөздің түйінін,
Ерасыл шешті киімін.
Майдандағы палуаннан,
Кем дейтін емес иінін.
Балуанға беттеп барады,
Таң қылып тойдың жиынын.
Тілек қып тұр әлгі қарт,
Көзінің салып қиығын.
Шаппа-шұп кетті ұстасып,
Оңды-солды тастасып,
Дөңгеленді ұршықтай,
Күш пенен айла астасып.
Аңдысады байқасып,
Бурадай қалды айқасып,
Жолбарыстай жұлысты,
Жұрт отыр басын шайқасып.
Аюдай салды шеңгелді,
Қимылдары тең келді.
Жас та болса Ерасыл,
Дәу періні меңгерді.
Іштен де, сырттан шалысты.
Ақ мамықтай денелер,
Қып-қызыл жол боп қалысты.
Бір қуанып, бір шошып,
Көппен бірге үн қосып,
Алағызып Маржан тұр,
Жықса деп, батыр, көңілі өсіп.
Ерасыл дәуді көтерді,
Айта ма халық бекерді,
Тұмақтай сілкіп ұшырды,
Алыстан келген сетерді.
Екі жүз қадақ салмақты,
Екі мысқалдан бетерді,
Арқасын жерге тигізіп,
Бәйгесін елдің әперді.
Тағы да бір топ келеді,
Жорғалап аты желеді.
Бәйшешектей түрленіп,
Ерекше көңіл бөледі.
Жарқ-жұрқ етіп көрініп,
Күміске аттар көміліп,
Қызыл күрең көк бөрітпе
Шашақтары төгіліп.
Қамшыға сым ораған,
Қамзолдың белін қынаған,
Үкілі кәмшат бөрігі,
Томағадай ұнаған.
Көңілді күлкі сыңғырлап,
Шолпы мен моншақ сылдырлап,
Көбелектің гүліндей,
Киімдер асыл судырлап.
Көзді тартып алыстан,
Қараған таң қалысқан.
Сауырбайдың қызы Анар,
Келді міне танысқан.
Әйелдер жағы қозғалып,
Несие арзан сөз қалып,
Шатырын тігіп аужардың,
Кіргізді күйеу қызды алып.
Ерасыл атын тебініп,
Маңдайы қарыс керіліп,
Аужарды бастап айтып тұр,
Жақсы бір сөздер төгіліп.
Пайғамбар қызы Пәтима,
Ерғали бабам алыпты.
Той жасап, аужар айтқызу,
Солардан мирас қалыпты.
Ақ отау тігіп үйінді,
Жасаттың ұлы жиынды.
Аузыңнан естіп қалайық,
Анаржан көңіл-күйіңді.
Буыны сонда былқылдап,
Көзден бір күміс жылтылдап,
Көңілінің күйін айтты Анар,
Дауысы қаздай сұңқылдап:
Ортаңда өскен баламын,
Ақылға әлі шаламын,
Қай жақсы көңіл-күй болар,
Жат жұртқа кетіп барамын...
Әке мен шеше қасынан,
Ұзамай өстім жасымнан.
Ығысып қалай барамын,
Туған үй, оттың басынан?
Қош, енді, туған ауылым,
Ата-ана, ел-жұрт, бауырым.
Біреудің қарап қолына,
Басталды басқа дәуірім.
Таусылмас айтар сырым бар,
Көкірек толы жырым бар.
Жат жерге бауыр басқанша,
Ат ізін салып тұрыңдар...
– Мұңлы бір қозғап сазыңды,
Құдаша айттың назыңды.
Жайнатып өмір көктемін,
Бастадың жарқын жазыңды.
Құлазып қалқа, қамықпа,
Кім түспес ұлы қалыпқа,
Адам-ұл, Хауа-қыз болып,
Жалғасқан содан халыққа.
Көп өмір бастан кешірген,
Иыққа салмақ түсірген,
Ата-енең жақсы адамдар,
Өзіңдей бала өсірген.
Ата-ене, абысын,
Сыйлай біл, жақын-алысын.
Тектіден шыққан дегізіп,
Ауылдың қорға намысын.
Отырыс, жүріс, сөз сөйлеу,
Жас келін үшін бәрі сын.
Үлкеннің алдын кесе өтпе,
Тағы да ойла тағысын...
Аужармен Анар мұң шағып,
Ерасыл айтты ақылын.
Әркімдер көзге жас алды,
Халықтың тыңдап нақылын.
Ақ отау, міне, жығылып,
Көрінді жасау құбылып.
Текемет, кілемге оралып,
Тайланып жатыр буылып.
Кілем-сырмақ тоғыздан,
Сусар ішік – тоғыз сан.
Пұшпақ ішік, тайжақы,
Тоғыздан бәрі тоғысқан.
Қызыл-ала, сары-ала,
Теңдерге теңге тағысқан.
Біркелкі тоғыз ақ інген,
Тоғызға түрлеп жабуын,
Артты, әне, жүгін Анардың,
Құдалар жағы адуын.
Жүктерге жапқан сырмаққа,
Қошқарлап мүйіз салуын,
Тоғыз түрлі арқанға,
Айтсаңшы бояу табуын.
Көш жүрді қаздай тізіліп,
Қалғанның көңілі бұзылып.
Сегіз сай түгел сарыала,
Жиылған халық қызығып.
Анардан кәмшат алынып,
Басына бөртпе салынып.
Мінгізді мақпал күреңге,
Күміске тұрған малынып.
Біреуі атын жетектеп,
Біреуі сүйеп қолтықтан.
Сыңсумен Анар бел асты,
Теңіздей мұңға малтыққан...
Жүкті інгендер маймаңдап,
Қоңыраулы бота тайраңдап,
Салтанат құрып сәнменен,
Көш кетті солай сайрандап.
Мінген адам желіккен,
Қымызын ішсе, еліткен.
Жылқы деген жануар,
Қазысы шойын еріткен.
Қаңтарда, қарлы боранда,
Қымсынбауы неліктен?
Сол жылқының сүтіне,
Жігіт көп бүгін желіккен.
Таппасам бүгін орайын,
Несіне жігіт болайын?
Деп біздің он бес жігіт те,
Асып тұр әдеп еріктен.
Арнайы іштей келісіп,
Намысты сөзді терісіп,
Сынықтан сылтау шығарып,
Бірінен-бірі көрісіп,
Тістеуік тарпаң шадырды,
Іздеп барып тебісіп,
Бұршақша жауып қамшылар,
Бір-бірін кетті керісіп.
Көпшілік жағы басынып,
Азшылық жағы ашынып,
Құдай, әруақ айтылды,
Тіл шықты беті ашылып.
Бөліне қашты ұран сап,
Су құйған өрттей басылып.
Ұрандап үйін жығысты,
Көбейді сылтау қосылып...
Ерасыл сонда бұзылып,
Жат елден үміт үзіліп,
Туыстың ерді артынан,
Ұранға қаны қызынып,
Қош айтып апа-жездеге,
Құрбылас, сыйлас, өзгеге,
Туысқа енді ермесем,
Жарамас көрер көзге де,
Мен үшін елден шығандап,
Мен үшін қалды сөзге де,
Қаңғыған Қаракерей боп,
Мен үшін болды кезде де...
Ерасыл барды бұрылып,
Ақмаржанның қасына,
Қош айтпай кету сұлуға,
Мін болар жігіт басына.
Кәмшат бөркі жалтылдап,
Інжудің асыл тасына,
Наздана Маржан сөйледі,
Жеңгесіне асыла:
Арғымақ жерін ойласа,
Артқы аяғын қағынар,
Ер жігіт елін ойласа,
Ат-тұрманын тағынар.
Есіңе батыр ел түсіп,
Келді ме кезің сағынар?
Қашанда ердің елінен,
Іздегені табылар...
Ерасыл айтты:
– Бұл да елім,
Жалғасқан бес жыл өмірге,
Іздегенім табылып,
Басталған мұнда ерлігім.
Бір мен деп келген туыстың,
Қия алмай барам көңілін,
Сау болса елдің іргесі,
Серт болсын бір келуім.
Жүзігін алтын берді ерің,
Бірі деп достық белгінің.
Қоштасты солай екі жас,
Шарқ ұрып құсы көңілінің.
Он бес отау қайырылып,
Арқаға тартып келеді,
Өз міндері өзінде,
Іштерінен күледі,
Арнайы қылық екенін,
Ерасыл да біледі.
Бұлардың көңілін жықпауды
Ойлап іштей келеді.
Қой сойып, артып қымызын,
Жасасып сауық қызығын.
Қиыспас достар елдегі,
Баса алмай достық қызуын,
Сыбырласса, сырласса,
Таусылмас сыры – күні ұзын.
Екі көш жерге шығарып,
Білдірді көңіл түзуін.
Құрбылар ойнап, күлісіп,
Әзіл сөзбен ілісіп,
Ерасылдың жабырқау
Айтқызбай ойын білісіп.
Көтерсек деп көңілін,
Әңгіме-дүкен құрысып.
Алты-жеті көш қонды,
Салқынмен көшіп, жылысып.
Ерасыл: «Бүгін түс көрдім,
Түсімде мұндай іс көрдім,
Бұл түсімді жоритын
Бар ма, ішіңде іскерің?
Қалың қол көрдім, қара нор,
Жердің жүзін жасырған,
Арқаның көк шалғыны,
Иіліп жерге бас ұрған.
Бір төбенің басында
Дәулен ағам қасында,
Өмір атам тұр екен,
Найзасына сүйеніп.
Ауылдың сөйлеп жасына.
Ішінде Қосал, Шүңет бар,
Есенаман, Сопақтар,
Қолдарына найза алып,
Дулыға киген басына.
Таяғына сүйеніп,
Қолымнан анам ұстайды.
Ақ мамықтай саусағы
Батырып қатты қыспайды.
Өңінен суық тіксіндім,
Кәрленіп, бірақ ұрыспайды.
Көтеріп биік таяғын,
Қара Нор қолды нұсқайды.
Жоңғардың қолы келгендей,
Елге қатер төнгендей,
Ер басына іс түсіп,
Арқаны шаң көмгендей.
Көш-көлігін қинамай,
Келіңдер баппен қирамай,
Ел қапыда қалды ма,
Бас-аяғын жинамай?
Мен бөгелмей кетейін,
Төтелеп көктей өтейін.
Жел болып есіп, құс болып,
Ұшсам-дағы жетейін».
Осыны айтып Ерасыл
Тақымды бір-ақ қысады.
Бабында тұрған Сұркиік,
Бұлдырық құстай ұшады.
Сағасын таудың көбелеп,
Тұяғы тасты төбелеп,
Екпінінен жел тұрды,
Жауындай тері себелеп.
Жуылып қалды теріне,
Бетеге, жусан, ебелек.
Ақ бөкендей желді ме,
Бара ма әлде дөңгелеп?
Қос құлағын тігілтіп,
Қақпандай белін бүгілтіп,
Зымырауы сондағы
Жылқы малдан бір бөлек.
Сұркиіктің үстінде,
Келеді батыр тістеніп.
Көктемнің тасқын суындай,
Денесін қалың күш керіп.
Бір кездегі өкпесін,
Ойлар емес ескеріп.
Тез жеткіз, Сұрым, жеткіз деп,
Келеді атқа дес беріп.
Жауымның мысын құртайын,
Шүберектей жыртайын,
Сұркиік, жеткіз, тез, – деді,
Өзіңе үміт артайын.
Оралып мен де Арқаға,
Не болып жатыр Арқада.
Тарта берсін Ерасыл,
Мен де кейін қайтайын.
Күзгі бұлттай түйіліп,
Нөсерлі селдей құйылып,
Жоңғардан қалың қол шығып,
Арқаға жатыр жиылып.
Арқаның елін шабам деп,
Дарғынның кегін алам деп,
Ағамды жарған баланы,
Жер бетінен табам деп.
Тірі тапсам егер де,
Қазықтай жерге қағам деп,
Басын кесіп атымның
Құйрығына тағам деп.
Долығыр солай ісінді.
Үрейін елдің ұшырды.
Қалдырмай шауып қазақтың,
Тас-ошағын шағам деп.
Дүрбелең туды – ел шошып,
Ес кетті, таппай жөн-жосық.
Еркек кіндік аттанып,
Бала-шаға жүр жосып.
Кемпір мен шал зарланды,
Жас баламен үн қосып.
Жау шапты, малды айдады,
Арулар кетті мінгесіп.
Ауылдың иті абалап,
Тұс-тұстан келді қамалап.
Қырық тесік болды туырлық,
Найзамен сұғып, сабалап.
Тақымға салып жықты үйді,
Шағылды шаңырақ, сағанақ.
Ауылдан безді адамдар,
Орман, тау-тасты сағалап.
Көкте тозаң, жерде айғай,
Басталды-ау тағы, япырмай...
Бас көтерер азамат,
Арыстан төс, қазанат,
Соларға түсіп бар салмақ
Шеру тартты, пай-пай-пай...
Арқа елі солай қам қылып,
Олар да жерді шаң қылып.
Күн-түн алашабыс боп,
Сабылды таңды-таңға ұрып.
Арғын, Найман – екі арыс
Аттандаған дауысқа,
Аспан асты жаңғырып,
Теңіз-толқын бұлар да...
Жиылды жауды таң қылып.
Ол кезде үлкен Абылай,
Ақ туын тігіп төбеге,
«Көкадайлап» тиісті,
Ұранын айтып төреге.
Батырларын шақырып,
Алқа-қотан отырып,
Найзаларың ұшталып,
Қайралсын, – деді, – селебе.
Қанаттас Уақ-Керейге,
Хабар бердік, келе ме?
Жаудың беті тым суық,
Оңайға жанын бере ме?
Үдере соққан желдей боп,
Қаптаған қара селдей боп,
Теңселіп тұрды қалың қол,
Сағым қонған белдей боп.
Қазақ-қалмақ – екі қол,
Толқып тұрған көлдей боп.
Орталары қан майдан,
Болғалы тұр қанды ойран.
Кімде-кім жаннан үміткер,
Кімге ажал келер, қандайдан?
Бұл майданда қайыр жоқ,
Шешендік жезтаңдайдан.
Тек күшке тоқтап аттайды,
Мал-мансап, қарыс маңдайдан.
Жоңғарлар бастап кезекті,
Майданға біреу келіп тұр.
Жеңіле ме, жеңе ме,
Неге де болса, көніп тұр.
Хан алдына барды да,
Бір тізелеп отырып,
Мен барам деп қол жайды,
Есенаман өтініп.
Көзінің оты жалтылдап,
Ақ найзасы жарқылдап,
Есенаман жөнелді,
Тебінгісі сартылдап.
Бара найза салысты,
Жарқ-жұрқ ете қалысты.
Қалмақты аттан түсіріп,
Қылышпен басын ұшырып,
Найзасын қандап, Есекең,
Майданнан келді табысты.
Жекпе-жек боп екі күн,
Біреуі қайтпай екінің,
Екі жақтан тең кетті,
Ішінде соғыс өртінің...
Кесілген бас, аққан қан,
Майдан толып жатты адам.
Өлемін деп ойламай,
Өлтірем деп аттанған,
Өлген жағы басылып,
Өлтірген жақ мақтанған.
Кішігірім төбедей,
Мінген аты кемедей,
Долығыр шықты майданға,
Басқызып атын жебелей.
Қабанбай сонда сұстанып,
Қомданған қыран-құстанып,
Тікірейді шаштары,
Асыл найза ұштанып.
Барамын осы қалмаққа,
Қан тілеген көмейім,
Мен толтырып келейін,
Құм-топырақ – жармаққа...
Қанжығалы Бөгенбай,
Тебініп шықты Тарланды,
Долығыр маған лайық,
Мен барайын, халайық.
Ықылас бер деп қол жайып,
Қаруын алып қамданды.
Ақтанберді айтулы,
Айқасқанда жауымен,
Білмейтін жаудан қайтуды,
Жекпе-жекке көп шығып,
Оңынан талай ай туды.
Ақ найзасын сығымдап,
Тістеніп, өзін мығымдап,
Баймұрат пен Боранбай,
Ширықты шыдап тұра алмай,
Дүр сілкінді олар да,
Томаға тартқан қырандай.
Долығырда көздері,
Кете алмай тұр бұлар да,
Өз бетімен сұранбай.
Бәсентин, Малайсары да
Ашуы терең, арыда,
Жез сағақты найзасы,
Емен еді сабы да.
Долығырға жібер деп,
Әрең тұр жаздап жарыла.
Шағалақ пен Шыңқожа,
Жастықпенен абынып,
Албырттыққа жаулары,
Қалатындай шабылып.
Тіленген батыр аз емес,
Жүрістері сабылып.
Қабанбай қайта тіленді,
«Долығырға бармасам,
Қойнына қанжар малмасам,
Өсиет-қарыз мойнымда,
Есенбай кегін алмасам.
Қамырығым тарқамас,
Жіберіңдер халайық,
Тілегімді қолдасаң».
Сонда Бұхар сыртынан,
Қабанбайға қарайды,
Дулығасы күмбездей,
Милықпен жапқан самайды,
Жолбарыс мойын, нар кеуде,
Қос-қолдың басы тоқпақтай,
Жүзінен боран борайды,
Долығырды осы алар деп,
Жыраудың көңілі тоғайды.
Бұхар айтты: Батырлар,
Әрбірі мыңға татырлар,
Дұшпанға деген бәріңнің
Қабағыңда қату бар.
Жауға шапсаң шын батыр,
Сары аяздай сақылдар.
Уа, батырлар, батырлар,
Қалмаққа қазақ кекті еді,
Долығырмен айқасу,
Қабанбайға дөп-деді.
– Әумин, – деп бет сипап,
Басталсын жекпе-жек, – деді.
Долығырға бет алды,
Рұқсат алып Қабанбай.
Тас-түйін болып барады,
Тіленіп ұшқан қырандай.
Түрлене басып Сұркиік,
Ашады аузын арандай.
Майданға шықты қос батыр,
Піл жоталы, бура сан,
Айбатынан жан шошыр,
Түстері суық орасан.
Киімдері көк темір,
Ашылмас, кілтін бұрасаң.
Қарама-қарсы жүрісті,
Бірінен-бірі сескенбей.
Тәуекелдің дариясын,
Көзді жұмып кешкендей.
Қоян-қолтық келісті,
Тебінбіні тебісті.
Жұдырық түйіп, тіс басып,
«Сені ме, бәлем» – дескендей.
Долығыр сонда тіл қатып:
– Неге келдің жас бала,
Қой іліп жерден аларлық,
Аз күшіне мас бала.
Менің теңім сен емес,
Көңілім еді басқада.
Ажалға қиып жіберген,
Батыр шықпай қазақтан,
Болып тұр ма, масқара!
Уақытты оздырып,
Ілмейін сені найзаға,
Зіл батпан шоқпар көтеріп,
Болмайын саған беймаза.
Аударысып ат үсті,
Алайын бір бой жаза.
Саусағыңды сындырып,
Көңіліңді тындырып,
Алып қайт менен, жай жаза!
Қабанбай сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Асқақтама, Долығыр,
Байқап сөйле, өй, – деді.
– Тасқын судай тасыған,
Көңіліңді басамын.
Ешкім асып көрмеген,
Биігіңнен асамын.
Жотасындай Жоңғардың
Жоныңды бүгін, Долығар,
Көк найзамен осамын.
Атыс, шабыс, найза сал,
Мейлің, алуан қырға сал
Мен де батыр өзіңдей,
Бопсаңнан неге қашамын?
Қапсыра қолдар ұстасты,
Рақым күтпес дұшпанын,
Тастай қатып қалысты.
Қысқышындай ұстаның,
Бұлшық еттер бұлтиып,
Білектерін жазбайды.
Қайысып белі аттардың,
Үзіліп кете жаздайды,
Ат үстінен дауыл күш,
Бірін-бірі қозғайды.
Құйылғандай қайнасып,
Тақымдар ерге жабысты.
Ашпастай жақтың кірісін,
Тістенісіп қалысты.
Тегеурінді қалың күш,
Саусақтарын жанышты.
Маңдайдан шыққан суық тер,
Домалап жерге тамысты.
Біріне-бірі сонда да,
Жіберер емес намысты.
Екбеттеп жерді қазғылап,
Аттар да күшін салысты.
Темір сүйек, шойын бел,
Киелі жылқы жануар,
Көтерген мұндай арысты.
Алыса алмай тартыстан,
Екі бірдей арыстан,
Тақымдағы зіл батпан,
Шойын-шоқпарды алысты.
Шоқпарға тиіп шоқпары,
Жарқылдап жайдай оттары,
Оқ өтпес болат дулыға,
Ұшып-ұшып кетісті.
Төбесіндегі шоқтары
Айқасты мұндай көрмеген,
Дүниеге бұрын келмеген,
Қайран қалып тұрысты.
Қазақ пен қалмақ топтары.
Қалмақтан шығып бір батыр,
Бурадайын зіркілдеп,
«Бұрхым, бұрхым, бұрхым» – деп,
Айғай салып қолында,
Дауылпазы дүңкілдеп.
Қазақтың шықты тобынан,
Өмір батыр ұрандап.
Ары-бері жортады,
Мінген аты бұлаңдап.
Жастығын ойлап батырдың,
Көзінің алды тұмандап.
Күркіреп күндей дауысы,
Тынысы желдей борандап.
– Батыр туған Қабанбай,
Кемеліңе келмеп ең,
Жастығыңды айтсам да,
Оған көңіл бөлмеп ең,
Бойыңдағы қайратың
Пара-пар еді селменен.
Долығырдай малғұнның,
Қарсы алдында Қабаным,
Тұрғанын-ай көлденең,
Жылаған мынау ел үшін,
Ежелден кеткен кек үшін,
Сүйегін күл ғып малғұнның,
Ұшыршы қалқам, желменен.
Қаракерей, Қаптағай,
Рухың жай жатпағай!
Қабанбайды қолдай көр,
Салып ем жауға баптамай!
Ерғали баба арыстан,
Ояншы мына дабыстан!
Қабанбайға қайрат бер,
Жарылар кеудем намыстан!
Жарылқа өзің Жаппар хақ,
Сақтасаң осы, сақтар шақ!
Қабанбайдың жастығы,
Көңіліме тұр алғау сап!
Қарт батырдың бұл үні,
Қабанбайға жетеді.
Жүректің қанын лықсытып,
Қыздырып бойын кетеді.
Үйіріп көкке шоқпарын,
Үсті-үстіне төпеді.
Омыраулап Сұркиік,
Кемедей атты теңселтіп,
Алды-артын соғып өтеді...
Тастай беріп шоқпарды,
Ұмтылды қалмақ найзаға,
Түнек боп түсі кетіпті,
Қабанбайдай батырға,
Беремін деп «жай жаза».
Уығып алған қос батыр,
Құлаштап найза сермеді.
Бірін-бірі жармақшы,
Басқаға көңіл бөлмеді.
Қабарып қалған жүзіне,
Басқа шырай келмеді.
Қызарып алған көздері,
Ешнәрсені көрмеді...
Шегінісіп барды да,
Шақырым жерден шабысты.
Түсі суық сүңгісін,
Кез-келген жерден шанышты.
Найзаларын дарытпай,
Қалқандармен қағысты.
Қапысын қалай табам деп,
Аңдысып қатты бағысты.
Жарқылдап найза сағағы,
Батырлар тең соғады.
Ұрысып өтіп айналып,
Қарсыласып шабады.
Осы жолы Қабанбай,
Найзаны төмен алады.
Қалқанын төмен түсіріп,
Долығыр қапы қалады.
Қабанбай көздеп тамақтан,
Дәлдеп найза салады.
Кемедей аттан қорқырап,
Долығыр құлап барады.
Түскенше жерге желкеден,
Қылышпенен шабады.
Кесілген басты айдардан,
Көтеріп қолға алады.
Жекпе-жектен қаймығып,
Жүректері шайлығып,
Ұйлығып тұрған қалмақтар,
Арысынан айырылып.
Ұрандап шапты қазақтар,
Қаптады селдей айдынып,
Араласты екі қол,
Аспан мен жерді шаң қылып.
Біреуі аттың бауырында,
Шалқалап бірі сауырында.
Жер құшып жатты қалмақтар,
Қадалған жебе жауырында.
Шығысқа бетін түзетіп,
Айдарын сыпыра күзетіп,
Қолға түсіп жол бойы,
Ту сырты у-дай тыз етіп.
Малайсары, Бөгенбай,
Ақтанберді, Боранбай,
Бөрідей тиді Бұхар да!
Қай батырды айтсам сөз етіп,
Баймұрат пен Қасабай,
Шыңқожа жастық жасамай,
Дәулетбай, Сопақ, Шағалақ,
Ажалын жаудың тез етіп.
Сұркиігін ойнатып,
Көк сүңгісін бойлатып,
Қылышпен қиып мойынын,
Шоқпарлап, сорын қайнатып.
Өкшелей қуып соңынан,
Садақтан жебе сайратып,
Қолға түскен аттарын,
Матастырып, байлатып,
Сыпырып, сауыт-сайманын,
Жиғызып, буып-тайлатып,
Барады солай Қабанбай,
Қызыл жайма жайратып.
Кек алар жауы табылып,
Көкіректен түтін арылып,
Қабанбай аты шығыпты,
Ерлікпен елге танылып.
Жоңғардың беті бірінші
Қайтыпты тауы шағылып.
Ерлігін бастап осыдан,
Жау жолын баққан сарылып.
Сақал-мұрты сүңгі боп,
Табаны құмда қарылып,
Өле-өлгенше «елім» деп,
Жорықта болған сабылып.
Халықтың адал тарихы,
Ұмытсын ерін неғылып,
Алтын тақтан айрылып,
Ата салттан жаңылып,
Қалған қазақ ұрпағы
Дабылы қайта қағылып.
Батырларын ұрандап,
Егемен болмақ жабылып.
Қуаныштан жүрегім,
Кетер ме екен жарылып.
Қабанбайдың кенжесі,
Әліден туған Сәнікпін.
Ақмырза, Шәумен, Қыңырбек,
Ұрпақтары алыптың.
Қамитқарыдан – Қайырғажы,
Аты-жөнге қанықпын.
Әліден құлдап батырға,
Жетінші ұрпақ анықпын.
Толғанып, талай тебірендім,
Түйінді табар данадай,
Көңілдегісі болмаған,
Дөңбекшідім баладай.
Сан қиялға шарқ ұрдым,
Шырын жиған арадай.
Талай түн таңға ширықтым,
Толғағы ашты анадай.
Еңбегің үшін, Ер Баба,
Сарғайсам да санадай,
Арнасам деп ем ескерткіш,
Мәңгілік тұрар қаладай.
Ескерткіш-жырым бола алса,
Арманым қалмас танадай.
Үш жүз жылдық тойыңда,
Шалқыды қазақ даладай!
Риза бол халқыңа,
Әруағың Баба қолдасын,
Қыла көр қабыл, я, Құдай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу