Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  116


Автор: Науат Шантубайқызы

Бір жыл өтіп барады

Сұрама дейді қазақ жылағанды,
Жыл келгенде бар адам қуанады.
Басып тұр қуанышты жұбанышым,
Уақытты қайтып адам қия алады.
Бойыма жыл келгенде қуат қылып,
Тастадым ескілерді лақтырып.
Ойлар кешіп өзімнің от басымда,
Қоштастым өткен жылмен жылап тұрып.
Өмірдің минут, сағат шабарманы,
Секунд тынысыңның тарамдары.
Жаңа жылда жайнамай жыладың деп,
Жазғырды жарым-дағы, балам-дағы.
Өйткені, оңай емес бір жылыңның,
Солғанын сезіне алсаң бір күніңнің.
Бір күнде қоштасасың жыл құсымен,
Бір жылда бір естисің бұлбұл үнін.


Ал мен ше, не бітірдім не тындырдым,
Бала бақтым, есейттім, жетілдірдім.
Таң атса ертеңімнің күні үшін,
Ойланып ошағыма отын жидым,
Жаңаның көне болмай құны қанша,
Тұрады бір басыңда ғұмыр қанша.
Жарың да дала безер боп кетпей ме,
Бір уақ ошағыңа жылынбаса.
Ал енді өксігімді басып алып,
Думанын жаңа жылдың асыралық.
Көктеңдер, балаларым, қарғалдақтай,
Ән салайын жарымды қасыма алып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу