Өлеңдер ✍️
Тағы бір дос таптым
Мең-зең болып сен келердің алдында,
Отыр едім отқа қарап телміріп.
Бұлт бүркенер күні бар ғой айдың да,
Жатқан жоқ қой бұл ғажапты ел біліп.
Ал екеуіміз ежелгі бір достардай,
Көңілдегі көп сырларды ақтардық.
Айлы түнде жұлдыз жымың қаққандай,
Сен де, мен де сонша ерен шаттандық.
Жанымызда үш азамат отырды,
Олар бізге аңтарыла қарады.
Мынау сенің ару бейнең кекілді,
Қыз күнімді еске салды баяғы.
Мен де онда өзіңдей ерке едім,
Әкем де бар, анам да бар кез еді.
Сен сияқты сері едім, өрт едім,
Жылдар өтіп қызыл ерін көгерді.
Көріп тұрсың салғырт тартқан кезімді,
Сол кездердің қалмағандай жұрнағы.
Бірақ менің құдырет бар көзімде,
Қырсықтардың қызыл иті талай беттен тырнады.
Содан ба екен жасқаншақ боп барамын,
Кеудемдегі от алауым сөнгендей.
Мендей болма, ер мінез бол, қарағым,
Мен отырмын үмітімді көмгендей.
Періште ме ең маған тәңір жіберген,
Сен келгенде көтерілді иінім.
Түйір қалмай отырғанда жігерден,
Мен туралы талғамыңа сүйіндім.
Марсиғаным емес әлде мақтауға,
Жаным менің қаламайды ондайды.
Жан сырыңды тебірене ашқанда,
Түсінбесе түпсіздерің сол қайғы.
Өзіңменен қимастықпен қоштастым,
Ұмытпайсың әпекеңдей туысқан.
Құрметіне бөлейтұғын дос таптым,
Құшақтасқан дос артық қой туыстан.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter