Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  116


Автор: Сағыныш Намазшамова

Қарашаның қара суық кеші бір....

Қарашаның қара суық кеші бір,
Ойға оралтты сол бір жанның есімін.
Жауыннан ба, қауымнан ба,
Қолшатырға тығылдым,
Алға аттадым... сұрап тұрып кешірім.
Алға аттадым, аттағам жоқ ала жіп,
Күздің кеші сенбей тұр-ау сазарып.
Жыр тілейін, сілкінейін,
Жансыз жапырақтарын
Желге ұшырған ағаштай боп тазарып.
Не қылайын қарашаға өкпе артып,
Жапырағын жер ететін, жоқ тәртіп.
Ұяңдығым, қиял-мұңым
Ұрдажықтар ұқпайтын,
Үйренсемші мінезіңді сотқар, тік.
Қапсырады сансыз ойлар қамалап,
Жан сырымды жаяр едім саған-ақ.
Жемісін де, жеңісін де
Тауысып алған қарашам,
Қолшатырды жинап алдым,
Мұңымды шай, жаңбырыңа қанағат.
Қуаныш та қостан екен, жұт егіз,
Асықпағын, бастан кешіп бітеміз.
Көңіл де ояу. Қоңыр бояу
Екеумізде тым басым,
... Қайтуші едік?!
Аппақ қарды күтеміз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу