Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  134


Автор: Сағыныш Намазшамова

Қадір түні – емес пенде әуресі...

Қадір түні – емес пенде әуресі,
Жұмақтың бар есіктерін ашты Алла.
Мұсылманның сансыз тілек-сәулесі,
Жұлдыз болып жамырайды аспанда.
Мейірімнің мекеніне айналар,
Періштеден ине шаншар жер қалмай.
Ғибадаты ғафыл болып байланар,
Келешегін кескіндейді кең маңдай.
Сүйенеді іргеңе кеп іңірі,
Таңға дейін өзгертпейді бір өңін.
Жырдай есіп күнәһарлар күбірі,
Ернім емес, сөйлеп отыр жүрегім.
«Білгенім бар, білмегенім кеш», - дедім,
Күнәлардың кіші-үлкені бар ма еді?
Құлшылық пен ілім етіп қосты емін,
Жат көрмедім жар болар деп жәрдемі.
Оқы, оқы, оқы деген ұлы ұғым,
Пайғамбарға түскен бұйрық Тәңірден.
Қалам қысқан көп пенденің бірімін,
Ақиқатсыз Хақты, Сақты таныр ма ем?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу