Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  138


Автор: Нұрила Қызықанқызы

Адаспаған көгершін

Ақ қағазға төккенімде сияны,
Қиял шіркін шарлайды сан қияны.
Әсерлендім көгершінге қанатты,
Сүйе білген түлеп ұшқан ұяны.
Туысшылап бардық алыс ауданға,
Өр Алтайға алғашқы қар жауғанда.
Қайтарымда қолқалады бір сауға,
Бала көңілі көгершінге ауғанда.
Жомарт туыс ұстап бір жұп кептерді,
Өбекке сап жиеніне өткерді.
Алып жүрдік тұмшаланған қапаспен,
Көре алмайтын күре жолды, өткелді.
Айырғандай аспаннан да, жерден де,
Шағын қапас тар шығар-ау көрден де.
Жаутаң көздер көрді дүние жарығын,
Ұзақ жолдан үйге бірақ келгенде.
Келген кезде бес жүз шақырым жол басып,
Жұп кептерді шығарып ек торды ашып,
Ерке балам тізесіне қондырып,
Ойнағанша көгершінмен болды асық.
Тиме, балам, кешке олар да дем алсын,
Дедім оған, ол да ерке құс, обалсын.
Шашқан жемді нарау шұқып жатырқай,
Қанаттарын тарай берді көгершін.
Сылап-сипап мейірлене бір еппен,
Қамап қойдық, кетпейді деп клеттен.
Сүйкімді екен көгершіндер соншама,
Баланың да балғын ойын түлеткен.


Таңертеңгі шайға отырдық ертеңі,
(Бала ұйқыда жапқан жылы көрпені).
Ұзақ жолдан келіп тұр бір телефон,
Қоңыраулап әсем күйді шертеді.
– Үай! Аман жеттіңдер ме, хал қалай?
Джип машина емес шығар арбадай.
Кептерлерің қашып кепті, міне, тұр,
Жылар ма екен, жан жиенім, қарғам-ай...
Қамағына барсақ рас қашыпты,
Алақандай боздық қана ашық-ты.
Адаспапты, қайтып тапты ұясын?
Көңілімізді толқындатты, тасытты.
Лап еткендей ойға түскен ұшқынға,
Жыли бердім ыстық сезім құштым да.
Түлеп ұшқан өз тұғырын,
Біз тұрмақ,
Қимастығы болады екен құстың да.
Бірер сағат аялдамай бұл маңға,
Шыдамады-ау жат қолында тұрғанға.
Өз ұясын санады ғой бейішке,
Өз иесі шалса-дағы құрбанға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу