Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  421


Автор: Үмітай Сәтжанқызы

Әйел жолы жіңішке

Ғажаптанам қайран қалам бір іске,
Қалауымен жаратылмақ кім іште.
Ерлер басса жалпағынан жалғанды,
Ал әйелдің жолы қылдан жіңішке.
Нәзік жіпті басып олар еппенен,
Арманының асқарына беттеген.
«Жаза баспа, жаза бар» деп ескертіп,
Еркектер аз әйеліне айбар шекпеген.
Әйел үйге, ерлер жүзге жаралған,
Әлимсақтан осылай деп қаралған.
Ерді қожа, әйелдерді құл етіп,
Өтті ұзақ қара түнек замандар.
Қыз тапқандар жаман қатын атанған,
Қыз тағдыры қысырақ болып маталған.
Жас аруды көп әйелдің үстіне,
Қақса шалға қаратыпты қатал заң.
Ханзу қызы ши аяқ боп таңылып,
Ұйғыр қызы қара перде жамылып.
Жүрген күндер кетті мүлде келмеске,
Жайнады ару нала мұңнан арылып.
Бірақ әлі әлсіз әйел теңдігі,
Нағыз шындық айтпасақ та белгілі.
Жүрек қаяу жүрер жолы тар болса,
Неге керек дүниенің кеңдігі?!
Айтарым сол балаға да, ағаға,
Әйелдерге жай көзбенен қарама.
Әр салада әр шептегі елеулі,
Әйелдердің ұлы еңбегін бағала.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу