Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  126


Автор: Үмітай Сәтжанқызы

Ананың көңіл толқыны

Аяулым, қарғам, өсірген баптап шынарым,
(Әз анам саған төгіп ед мейір шуағын).
Тыпырлап тулап тоғыз ай болып ішімде,
Дүниеге келіп іңгалап қатты жыладың.
Сол даусыңнан көкірек тұсым шымырлап,
Тілеп ем тілек ерінім үнсіз жыбырлап.
Есімнен кетпейд қасымда жатқан кездерің,
Көрпеңді қозғап ақырын ғана қыбырлап.
Бесікке бөлеп әлди әнімен тербеттім,
Асылын жиып алдыңа үйіп жер-көктің.
Майменен сылап, тұзбенен жуып, өс-өс деп,
Көз алдымда білінбей бойға тез жеттің.
Талабыңа да, талғамыңа да қуандым,
Жас кезде мен де өзіңдей болған шығармын.
Пендешілікпен күпірлік еткен кезімде,
Қатемді танып, ақылыңды сенің құп алдым.
Көңілің маған ұлпадай жұмсақ мақта еді,
Сенімен бірге істеген ісім сәтті еді.
Сырласып болып кеңесуменен көп жайды,
Өзіңмен бірге ішкен шайым да тәтті еді.
Тойыңда бүгін арнау өлеңімді оқыдым,
Қимас сезіммен ойдың өрмегін тоқыдым.
Алмадай пісіп, айдай боп толған кезіңде,
Құтты орныңа әкеліп салып отырмын.
Санамды бөліп баланың барлық қамына,
Көбейді қалқам шашымның қазір ағы да.
Туылып менен, ширек ғасыр бірге болсақ та,
Бұйырыпсың сен басқа ананың бағына.


Жақсы бол қызым тас түскен ауыр жеріне,
(Жандының бәрі тартады дейтін тегіне).
Жақсы болсаң да, жаман болсаң да сол анық,
Атайды халық сенімен бірге мені де.
Бақытың жанып, мерейің өссін іләйім,
Қуаныш тасып, болмасын кірбең уайым.
Тату да тәтті аман болыңдар екеуің,
Игі де ізгі тілекті берсін құдайым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу