Өлеңдер ✍️
Қыстаудағы қыс
Жер әлем теп-тегіс ағарып,
(Бұл да бір жайнаған жаңалық).
Аттанған күз құтты қонақтың,
Той жасап тоқымын қағалық.
Қыс келсе қылышын асынған,
Аспаннан ақ шашу шашылған.
Ауылдағы адамдар тағы да,
Жазғы үйден қысқы үйге тасынған.
Далаға таза аппақ түс кіріп,
Қытымыр қыс келед ысқырып.
Соғады ызғарлы үскірік,
Жылаған баладай қыстығып.
Ақ боран ақырса ышқынып,
Аяз да аңғартар күштілік.
Ондайда жылы үйден шыға алмай,
Тоңғақтар отырар түшкіріп.
Соны қар әлі аяқ баспаған,
(Құтылмас аңшыдан қашқан аң).
Қойларды ай мүйіз ақ серке,
Қар бұзып қыстауға бастаған.
Қыстау ше, қыстау ол жаңаша,
Қып-қызыл еңселі үй тамаша.
Қораның өзі бір сарайдай,
Тас үйлер жойылған аласа.
Өтуге қыс қыры қиыннан,
Қыстауда шөптен тау жиылған.
Тау кесіп тас жолдар жасалып,
Боз қырау мотолар шұбырған.
Мұздатып жылтпай-ақ бақ тілеп,
Сүріге сірелген ет кілет.
Ақ шөпті оптыға асайды,
Жылқылар қасатты тепкілеп.
Күнгейде торпақтар жайылған,
Боздайды боз інген ботасын айырған.
Дүкеннен түн қатып қайтады,
Сал жігіт қайтқандай қайыннан.
Малын ше, әкесі қайырған,
Үйінде дайын шай, дайын нан.
Қыстауда қажеттің бәрі бар,
Тек, ана, ұлына уайымдар.
Радио, дяншы жаңасы,
Жоғары таулықтар санасы.
Қыстаудан телофон алады,
Шетелде оқитын баласы.
Қыстауда таза ауа жұтасың,
Қызықтап жүргенде ботасын.
Амалсыз қиналып қайтасың,
Қия алмай жондарын, жотасын.
Беткейде қызықты сырғанақ,
Ойнаған балалар сырғанап.
Жөтелсе жазылып кетеді,
Кешкілік май ішсе бір қалақ.
Қыстауда шипалы дәрі бар,
Қымыздың, шұбаттың дәмі бал.
Ақ қаймақ, аппақ құрт, ақ қатық,
Ірімшік, сары май тағы бар.
Күн нұрын қашалап тартып ап,
Кеш кірсе төк жанад жарқырап.
Қыстауда малшылар тұрмысы,
Қаладан қалайда артық-ақ.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter