Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
10.09.2022
246
ҚЫСҚЫ КЕШ
Қарлы боран қасарғандай,
Алды-артыңа қарамай:
Кейде ұлып аш арландай,
Кейде жылап баладай.
Бірде жайсыз хабаршыдай
Зарлы әуенге салады.
Түн жамылған жолаушыдай
Терезені қағады.
Біздің лашық... көңіл жасық,
Әрі күңгірт, әрі мұң.
Кейуанам-ау, өңің қашып
Кетіпті ғой, жарығым?
Жер мен көктің жағаласын
Жақтырмастан желіккен,
Қалың ойға қара басың
Қамаласың неліктен?
Баяғыдан таныс едік,
Өң бе сол күн, түс пе еді...
Кесең қайда? Кәні, ішелік,
Шер тарқасын іштегі.
Ән салшы бір... аңсары не?
Қойды-ау жаным жылынбай.
Ән салшы бір... таңсәріде
Суға барған сұлудай.
Қарлы боран қасарғандай,
Алды-артына қарамай:
Кейде ұлып аш арландай,
Кейде жылап баладай.
Баяғыдан таныс едік,
Өң бе сол күн, түс пе еді?..
Кесең қайда? Кәні, ішелік,
Шер тарқасын іштегі
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter