Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  100


Автор: Исраил Сапарбай

«НАЙЗАЛЫ ЖАУЫНГЕР» МЕН ҰЙҚЫДАҒЫ АДАМ

Сары маса түні бойы әндетті,
Дегбір қашты,
ұйқы ұшты,
әл кетті.
«Әніне» оның селт етпеді жүрегім,
Өйткені мен – иісалмастың бірі едім.
Жайсыз ызың жайлап алды бөлмені,
Түн ішінде тыңдасын ба ол мені:
Мықты болсаң, ал тыңда әнді, ал түсін! –
Салып қалдым құлағымның дәл тұсын.
Айлалыға, айта қойшы, бар ма амал? –
Көз ұйқыда, әрлі-берлі қарманам.
Тағы шақты –
Тағы ұрдым!
Тағы қонды –
Тағы ұрдым!
Осы шығар бір азабы тәңірдің?
Сазын естіп жатырмын
құлағымнан кетпей қойған сарынның.
О, Жаратқан, жайың бар ма халді ұғар?
Маса екеш маса да
болып шықты қанқұмар!
Сарқылғаны осы шығар сабырдың –
Өз бетімді шапалақпен сан ұрдым.
Ал, масаға – бәрібір!
Болмаған соң бөлменің
жағып қалам жарығын.
Жаңа ғана ызыңдаған ол немең
Табылсашы іздегенде бөлмеден!
Әрі іздеумен әуремін,
Бері іздеумен әуремін.
Ызың да жоқ, «ән» де жоқ.
Шынтуайтқа келгенде –
Масаға да жан керек!
Сөнген шақта тағы шам,
Басталады таныс «ән»,
Маса тынбай айтады «ән»,
Қалай ғана жай табам?
Әлгі шайқас, әлгі айқас
жалғасады қайтадан.
Ашуланам, тістенем,
Айлакерді амал не,
Ала алмайсың күшпенен.
Ызыңдайды шіркінің,
Ілінбейді кірпігім.
Аңдыған жау қоймайды,
Үшкір, улы тұмсығы
тәнге аяусыз бойлайды.
Найзалы жау жеңісін
түні бойы тойлайды.
Мен жеңілдім, ол жеңді.
Емін-еркін жалғыз «жау»
жаулап алды бөлмемді.
Масаң анық мастанды –
Тағы да айқас басталды.
Сорып жатыр аяусыз
жалаң дене, жас тәнді.
Ұйқылы-ояу таң алды,
Тауысып бар амалды,
Аша алмастан көзімді,
Салып қап ем өзімді, –
Тиген екен дәл қолым,
Тынып қалды жан-жағым.
Аяғанмен не етермін?
Қанға бөккен байғұсты
аяғынан көтердім.
Аяқталды осылай
Жекпе-жегі екі «ердің».
Алыс-жұлыс түнімен,
Біте ме айқас мұнымен?
Мен де ермін-ау тіс қаққан,
Қиын кезде шығынсыз
шығып кетер қыспақтан.
Қарсылықсыз енді мен
сары масаның қанымды
сорғанына көндігем.
Қампиғанша қарыны
сорсын, мейлі, қанымды,
Тойсын, мейлі, мәймілдеп,
Селк етпеймін «әй, кім?» деп.
Қара түнді жамыла
тойып алып қаныма,
Қанатынан қағына,
Жүрісінен жаңыла,
Бір қуысқа жайғасып,
Мамырлайды жәй басып.
Не өлі емес, тірі емес,
Мұндай кезде оларды
өлтіру де түк емес.
Тумысынан қанқұмар,
Қайтіп бөгде жанды ұғар?
Қайта-қайта сол қанды
сорсам дейді-ау сорлылар.
Мәз бола ма сорғанмен,
Қарны қанға толғанмен?
Масадайын жантәслім
Қош айтысар жалғанмен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу