Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  215


Автор: Исраил Сапарбай

ЖАҺАНДАНУ ЖАҢҒЫРЫҒЫ

Мөңiреген бiз – Сиыр, нарық – Тұлып.
Уәде – семiз, хал-қадыр – арық-тұрық.
Қалталы мен балталы Батыраштар
Қазағымды тастады қарық қылып.
«Өз күнiңдi өзiң көр!» – нақты ұраным,
Жағым талды айта-айта жаттың әнiн.
Ағылшынша ледимен лебiздесем,
Альбионның аралап ақ тұманын.
Асыраған әулетiм, үй iшiмдi
Алтын деген – Алланың қиы сынды.
«Көбiгiне сыраның тұмсық тығып,
Майшабақпен қайырам күйiсiмдi...»
Бiр басымнан асады жетiстiгiм:
Естен шықты кешегi экс–күнiм...
Тыңдайтыным – рок, шоу...(Бернард емес),
Көретiнiм – (Золя емес), сексфильм.
Батыс маған – эталон, Шығыс – аңыз,
Шайнайсыз ба? – мiнi – сөз, мiнi – сағыз!
Улап–шулап шибөрi шыға келер,
Ұлы жұртта зәуiде ұлысаңыз...
Қыз баладай бармағын қыршып түнiм,
Көкжиекке көз жасын ыршытты Күн...
Былдырлайды Бақабас тiлiн бұрап,
Шүлдiрлейдi Шүйкебас шүршiт тiлiн.
Қазақ болу – қаймана қазаққа мiн,
Әлдекiмнiң доноры азат қаным.
Жаңа көрiп жатырмыз жыртық көзбен
Ғаламшардың нешеме ғажаптарын!
Ана ел менен мына елдiң арасында
Бел байлаған бейбақпын адасуға.
Қармақ салған аумаймын қариядан
Қаңсып қалған Аралдың сағасына.
Түсер ме деп қармаққа Алтын балық
Қарайнаға қарайлап қалтылдадық.
Тағы да бiр үмiттiң туын жығып,
Көкжиекке батты Күн жалқынданып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу