Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  97


Автор: Исраил Сапарбай

АСПАНТЫРАҚЫ

Шекпен киген шендiлер, мансаптылар
Әлi талай сабазды сан соқтырар.
«Өгiзқара күшi бар» өзiмшiлдер
Өле-өлгенше өз құлқын аңсап тұрар.
Аттан түсiп,
Мырзалар атқа мiнген
Қорқуды да қойғандай Хақ-тәңiрден.
Кiредi олар кердеңдеп кеңселерге,
Шығады олар керiлiп аппақ үйден.
Жапалақ пен үйiрсек жарға құзғын.
Қарайғанын қайтейiн қардағы iздiң…
Тарым жатыр iшiнде тар қауыздың,
Жаным жатыр iшiнде жалмауыздың!
Едiрейген, ей, аспантырақылар,
Сендерге арнап бiз жақтан жыр оқылар:
Мың жылда да мыңқ етпей тұрған мылтық
Мың бiрiншi мезетте бiр атылар!
Қапы кетпес қаңғырып қарғыс оғы –
Хақтан безген талайлар қан құсады!
Ақ пен қара аяусыз андысады,
Тiршiлiктiң сөнгенше мәңгi шамы…
Жан-денесi уланған жат тiлiмен
Айқас оңай болған ба аттылымен:
Өмiрiмнiң тұнығы лайланып,
Өзенiмнiң жылымы ақты күрең.
Жар жағалап кетпесiн мас денелер,
Хақ тағала, пендеңе бас бере гөр.
Қас дұшпаннан қашанда қауiптiрек
Мас денеге жабысқан тас кенелер!
Көкiрегiне көмбе емес, көң төгiлген
Не күтерсiң ел-жұрттың ертеңiнен?..
Бой-бойыңды босатып, бордай езiп,
«Гөй-гөйiмдi»қашанғы шертемiн мен?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу