Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  206


Автор: Исраил Сапарбай

АС-СУЫҢ БА ЕДI АТАҢНАН ҚАЛҒАН?!

Ұрпағың туса қағынып iштен,
Салтыңды қайтем салынып iшкен?
Өмiрдi қиып кетпедi қанша
Өкпе мен бауыр қабынып, iскен...
Қашпаған қайбiр қиюың қалды?
Ақылың азып, миың уланды.
Опасыз, арсыз жалғанның мынау
Оңайы кетiп, қиыны қалды.
Сарқылып қалған салтыңды көрдiм,
Сарғайған салқын қалпыңды көрдiм.
Қызығы кеткен қызыңды көрдiм,
Қызара бөрткен қартыңды көрдiм.
Ас-суың ба едi атаңнан қалған?
Iшпеген адам қатардан қалған?
Салбырап көктен түспеген шығар
Сарыауыз неме сақалдан алған?!.
Ағалық қайда?
Даналық қайда?
Даланың салтын балаң ұқпай ма?
Қосылса басың, басасың келiп:
«Ал, алып қой!»-ға, «Ал, алып қой!»-ға.
Мастық пен настық қатар жүредi,
Қайғырып анаң, атаң жүдедi.
Адыра қалды-ау талай жiгiттiң
Аруды сүйген атан жүрегi!..
Көңiлiмдi бүгiн қар басса, қайтем,
Өлiм мен өмiр арбасса, қайтем?
Жазықсыз қолым жағаңа келiп
Жаналғыштайын жармасса, қайтем?
Құдiреттiң құяр қуатын бойға,
Қымызың қайда?!
Шұбатың қайда?!
Қуатың барда – шұбатың барда
Есiрткiң естен шыға тұрмай ма?!
Арағын iшiп кәпiр неменiң
Азғындап кеттi-ау батыр дегенiм...
Мұныңды, қазақ, қоймасаң, аян
Құрсақта құрып, жатырда өлерiң!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу