Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  154


Автор: Исраил Сапарбай

«САЙРА», ҚАРҒА...

«Сайра», Қарға,
Сайрамасаң көңiлiң жайланар ма?
Гүлжұмағын жайнаған жаулап алып,
Бұлбұл әнiн сен айтсаң, айла бар ма?..
Әуенiңе болайын, ырғағыңа,
Мақамыңда жатқандай мың мағына!
Құрқылтай мен Сұрқылтай құлдық ұрып,
Құралайлар құпәзiр құрбаныңа!
Kөп болды ғой бұлбұлдың үнi өшкелi.
Гүлзарда да құлпырып гүл өспедi.
Мұның бәрi – бiр сенiң шарапатың,
Күллi құсты күндейтiн күнестегi.
Тоты торда, бозторғай әл үстiнде,
Аққуды аңсап сыңсиды қамыс күнде.
Жер астынан жетi қат үн шығады
Жанға жайлы, құлаққа таныс мүлде...
Зәуза зарын, iздей ме бұлбұл әнiн,
Түу алысқа, түредi түн құлағын.
Жарық күнге жабырқап қарайтындай,
Қарға «әнiнен» жалыққан мұңды бағым.
«Сайра», Қарға, сахнаң, мiнберiңнен,
Сайрау үшiн тiрлiкте тiл берiлген.
Бау–бағынан бұлбұлы көшкен жерде
Болады екен сайрауық кiм көрiнген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу