Өлеңдер ✍️
Мен екiнiң бiрi емен!
Мен екiнiң бiрi емен!
Ұғына бiл,
Құлақ аспас Құдайдың құлына кiм?!
Балық барда Сырдың да суы мәлiм,
Халық барда ханның да сыры мәлiм.
... Көш ұзап,
Көз алдында көшкiн ағып,
Өмiрден қанша жандар өштi налып...
Ақылын апиынмен қоса iшпесе,
Ақынын еркелеткен естi халық.
Ақынын еркелеткен халық – дана,
Жатпайды ол тыным тауып табытта да!
Ақынның Алатаудай жүрегi бар,
Сенбесең, көкiрегiн жарып қара?!
Жалғанда жақсы кiм деп, жаман кiм деп,
Қолыма шаңқай түсте шам алғым жоқ.
Арасы қас пен көздiң көк пен жердей,
Адаспау аралықта – маған мiндет.
Көз – моншақ,
Көкiрек – кен,
Көңiл – айна,
Көңiлге қарамаймыз көп райда...
Айтатын әнiм бүгiн, амал қанша,
Ауысқан «Елiгайдан» «Елiм-айға».
Шен-шекпен,
Алтын, алқа – кiрi қолдың,
Келмейдi кеңсе iшiнде «шiрiп, өлгiм...»
Қош көрген хансарайдан жансарайын
Бүгiнгi Жиреншенiң бiрi Менмiн!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter