Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  93


Автор: Исраил Сапарбай

Кеудем қуыс, iшiм бос...

Кеудем қуыс, iшiм бос,
Қайда күнiм құс үндес?
Қу заманға кез болдым
Құдай сөзiн түсiнбес!
Құдай сөзi – өлеңiм,
Қайда құның, төлемiң?
Өзi емес пе ең өмiрдiң?
Көзi емес пе ең көненiң?!
Жағдайыңа жан құрбан
Қайыршыдай қаңғырған.
Жұрт жүрегi жартас па
Жай әншейiн жаңғырған?
Қайда кезiм гүл еккен?
Қайда сөзiм дiр еткен?
Жұрт жүрегi темiр ме,
Шыбық тисе шың еткен?
Кешегi еңбек бүгiн еш,
Шiрiгенге шыбын өш...
Жұрт жүрегi мұз ба әлде,
Ерiмес те жiбiмес?!
Құп ал, мейлiң, құп алма –
Бұған куә бiр Алла:
Жазылған ғой өлеңмен
Көктен түскен Құран да!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу