Өлеңдер ✍️
СӨЗ ҚҰНЫ
Бiлесiң бе қанша екенiн сөз құны?
Көрiнгеннен көрген жоқ па ол езгiнi?
Қандай күйде қара қылды қақ жарған
Ата–бабам алдаспаны, кездiгi?
Алдаспанды тот баспасы белгiлi,
Оңды сөзден от қашпасы белгiлi.
Тебiнсең де,
тектi ақалтекенiң
айдалаға ап қашпасы белгiлi.
Зергер бiлер алтын менен жез құнын.
Кез келгенге сiлтенбейдi кездiгiм.
Ерегес пен егес емес,
жiгiттiң
ел бағалар ерлiгi мен ездiгiн.
Бәзбiреулер жасап алып сөзден оқ,
Сөз оғымен жүрегiмдi көздемек.
Не амал бар,
түспей қойса мiнбеден
Көкмылжың көк малтасын езбелеп?
Сөз оғымен жүрегiмдi көздегiш
Сұр мергенше түсiрмейдi көзге күш.
Заманнан да,
қоғамнан да,
адамнан
тiлемейдi
түбегейлi өзгерiс.
Ол байғұстың бар арманы, бар мұңы –
Басындағы тақияның тарлығы.
Жүрегiнде жатпайды оның жар мұңы,
Арқасына батпайды оның нар жүгi.
Оған көктен жай түсiрер тәңiр жоқ,
Отырғаны көбiк сөзден шар үрлеп –
Жақсылықтың жағасына жармасып,
Тоқшылықтың нарттай қызыл нанын жеп.
Сөз бағасын бөз құнына түсiрiп,
Бiздiң бастан ұшты ма әлде құс–үмiт,
Қайда, ағайын, Қазыбектен қалған сөз?
Қайда, ағайын, қасиеттi кiсiлiк?
Заман басқа,
Жүректегi жүк басқа...
Мұңымды ұрпақ айналды ма ұқпасқа?
Салқын сезiм кiмге керек салбөксе?
Алтын сөзiм жезтаңдайдан шықпас па?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter