Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  92


Автор: Исраил Сапарбай

ӨҢ

Қайран, Ақын!
Қайғыңды қабылдадым:
Тағдырыңмен тамырлас қаным, жаным...
Сен – iрiсiң!
Мен – тiрi...
Ал әзiрге
Өкiнбеудiң, өлмеудiң қамындамын.
Сен – iрiсiң!
Алыпсың!
Ұлысың да!
Ұлыменен болады ұғысуға.
Ұлы болып туғанмен,
Айтар сөздiң
Тiл ұшында тұрғаны құрысын да!..
Түсiнбесе жайыңды жамағайын,
Сарғаярсың сары ауру, санадайын...
Ғалам мұңын қондырып қабағына,
Заман жүгiн көтерген Толағайым!
Ұғынбаса жайыңды жамағайын,
Түнерерсiң түнемел моладайын.
Ождансызға қараған күнiң құрсын,
Орынтаққа қонжиған қоладайын!..
Қайран, Ақын...
Қайтейiн,
Амал бар ма,
Заманына зауықшыл адамдар да:
Ой күтулi – қайғы-мұң оранғанға,
Той күтулi – тотыдай таранғанға...
Бауырың ба iсiнген,
Заман ба, әлде?
Жүрегiң бе сыздаған,
Жараң ба, әлде?
Бақ пен таққа,
Бақилық бар мен жоққа
Басыбайлы мына жұрт бағамдар не?..
Ақын – жалғыз,
Жатырдан!
Жақыннан да!
Жалғыздықты Жаратқан мақұлдар ма?
Күннiң өзiн тiлдейдi күншiл қауым,
Қап тауына қарасын батырғанда.
Кемеңгер де аз емес «кеңес» берер,
Кеңес беру – кiсiге емес пе өнер?
«Ақыл дорба» асынып жүргендердi
Хан қасына қайымдап,
Ел ескерер...
Ал сен...
Ал сен бiрiн де көзге iлмедiң!
Тез гүлдедiң,
Тез солдың,
Тез бүрледiң...
Балқымасын жасырған жанартаудай
Не жатқанын iшiңде сездiрмедiң.
Өрттей жалап өзектi өткенде өлең,
Көкке шырқап,
Көрiстiң көктемменен!
«Күпi киген қазақтың қара өлеңiн»
Шен тақпай-ақ қайырдың шекпенменен.
Жүрекке жол бар деумен төте қандай,
Сезiктiден сен жүрдiң секем алмай.
Оң бүйiрде жатты Ажал,
Қособада
Төлегендi торыған Бекежандай...
Оң бүйiрде қауiптi мина алаңы
Бар дегенге кiм нанып, иланады?
Ақын ғана қалайды жан азабын,
Ақын ғана «минадан» қиналады.
Қиналады...
Қу заман – қуыс, өлi...
Қиналған соң су емес, «у» iшедi!
Түсiрмейдi жары оны көктен жерге,
Түсiнгiсi келмейдi туыс, елi...
Жақынға да ол жұмбақ, алысқа да,
Пақырға да ол қымбат, танысқа да...
Ақын – тағдыр,
Ақындық – Тәңiр сыйы,
Тар қапасқа тағдырын табыстама!
Сарғаймасын,
Сауықсын,
Сайран құрсын!
Жұмақжайға жұмбағын айналдырсын.
Бала ғой ол!
Алаңсыз ойнап жүрiп,
От басарын оқыстан қайдан бiлсiн?!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу