Өлеңдер ✍️
ДЕ – информация
Қоналқы iздеп қойнына қонатұғын Ай
Қозыдай қоңыр момақан мола түнiн-ай...
Күлiп те тұрып күдiкпен күнiмдi өткiзiп,
Бiлiп те тұрып бiлмеген болатыным-ай!..
Сол мола менiң iшiме енiп кеткелi
Өзiмшiл, менмен кеудемде өлiк көктедi.
Құдiретiң жетсе, Құныкер,
«Кеңсайға» емес,
Өз iшiмдегi молаға көмiп кет менi!
Амалың қанша,
Кәмiлмiн көме алмасыңа!
Iбiлiстейiн iшiме ене алмасыңа!
Кәнекей, бiрақ...
Тәңiрдiң әмiрiменен
Көкiрек көнiм сөгiлсе көк алмасыңа!!!
Жүрмей де қалғыр жүрегiм күн бата сулап,
Тiрлiктен неге түңiлiп тiл қатасың, бақ?
Көңiрсi иiсi бездiрген көгала үйрегiн
Көлiмде менiң жатады құрбақа шулап.
Тәңiрдiң бейпұл жүрсем де татып тағамын,
Әмiрiм түгiл,
Жүрмейдi Уақытқа амалым.
Сорыма менiң Сорбұлақ кезiкпесе игi
Күн өткен сайын батпаққа батып барамын...
Мысық табанды мың сойқан iшiмде өлiп,
Өзiмдi мiнсiз Пiрәдар пiшiнде көрiп..,
Ұйқымнан шошып оянам,
Бабалар мiнген
Тұлпардың дүлей дүбiрi түсiме енiп!..
Қара түнектiң сезгендей анық хабарын
Көз алдым мұнар,
Көруден қалып барамын.
Өз молам менiң өзiмде,
Құныкерсiз-ақ
Ұзамай мен де сол жаққа барып қалармын...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter