Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  62


Автор: Исраил Сапарбай

ДЕ – монтаж

Ауыл баласы...
Қалаға қаңғып келгелi
Қара үйде қалды өлшеулi өмiр өлмелi.
Қара балаға қатыгез тағдыр көнбедi,
Қарабазарда еш болды есiл еңбегi.
Жалмауыз кемпiр,
Қарабай қарт та осында,
Жас бала барда,
Баспана жоқта басыңда.
Жыл өтпей жатып жылауық әйел естi алып,
Ай өтпей жатып ағарып кетер шашың да!
Тағыдай тарпаң,
Жегiдей жебiр тас қала
Қиын да қимас қиналған кәрi, жасқа да.
Жанынан безген,
Жар басын кезген жарлыға
Жалғыз-ақ арман – жападай ғана баспана.
Асыға күткен,
Басына бiткен бар мәзiр:
Әрi де берi арқалап жүгiн арба жүр.
Ауылдан шыға адыра қалды кешегi
Айнамкөз әуен,
Әуезе әзiл,
Арда жыр...
Қара балаға қарамайды ендi Қарағыз,
Жалқылық, жаттық – жазылмай
жүрген жарамыз.
Осылай да осылай жан сақтайды
екен жамағат,
Осылай да осылай алшақтайды
екен арамыз...
Нәпсiнiң нәкәс ашылған сайын араны
Қарағыз қаптап қалаға симай барады.
Шымылдық жақтан шылымшыл
өңкей шибұттың
Шыңғыра шыққан дауысы жердi жарады!
Ана бiр жердi аттап та бұттап жас Төре,
Мына бiр жердi майқандап әлек мас неме.
Шала мас халде шарапқа елтiп шалжиған
Жалаңаш тәнге жабысып жатыр Таскене.
...Жамырап әуен,
Жатқанда қала жанығып,
Жаппарға емес,
Жоқ-барға ғана бағынып,
Қарабазардан кеш қайтар Қара балаңыз
Қап-қалың тұман,
Қап-қара түндi жамылып..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу