Өлеңдер ✍️
ДЕ...
Хақ тағала:
Адам едiң...
Бiрiң мақұлық,
Айналдың бiрiң малға,
Шiрiндiге қонады шыбын, қарға...
Құмығады құлқының қу молаңда,
Қу сүйегiң етiңнен сылынғанда.
Арам тамақ ағзаға ас бола ма,
Ауруыңнан айығар күнiң бар ма?
Ұрынғанға қағынған ұрын келiп,
Қашан тыным бересiң шыбын жанға?
Жақсыларың жадынан жаңылысып,
Жаһаннамға жазасыз жаның ұшып,
Жұтар ауа, iшер су жетпегендей,
Қара жердiң келесiң қанын iшiп!
Естен шығып күнәдан арылмағың,
Қара басып, неткенiң қағынғаның?
Салқын ақыл,
Сананың сары уызын..,
Саған қидым емес пе бәрiн, бәрiн?!
Адам едiң...
Иесi ең ұлы күштiң!..
Құнын, тiлiн сезiнген құбылыстың!
Балбұлақты анаңның сүтi балап,
Арғымақты аспанға мiнiп ұштың!
Алқымыңнан ағзаға аққан майды
Ауызыңнан кеткен жоқ бұрып ешкiм.
Сөйте жүрiп жерiнiп жетi атаңнан,
Жетегiне жегiлдiң Iбiлiстiң.
Жегiлгенiң – жеңiлгенiң!
Жетесiзге, тексiзге телiнгенiң.
Перiштенiң азғыны сол Әзәзiл
Арамызда әлi жүр сенiң, менiң.
Жарың болып арбайды,
Ләйләң болып,
Махаббатты мазалы майдан көрiп.
Қас қағымда,
Бiлмейсiң қапелiмде,
Қайда кетiп қалғанын, қайдан келiп!
Түсiнбейсiң сен мұны,
Түсiнгiң жоқ.
Ол бiр тәттi у,
Ал саған iшу мiндет!
Мас боласың,
Лағасың,
Ластанасың
Iбiлiстiң iндетi iшiңде өлiп...
Досың болып жүредi тап қасыңда:
«Орға, жарға түсем, – деп, – отқа, суға!»
Қағынғанға соғылған сойқан салып,
Қанша пенде сор кешiп, шоқ басуда?..
Туысың да,
Болады қандасың да,
Алыста емес,
Ол сенiң дәл қасыңда!
Бiр-бiр тантық жетедi тамашаңа,
Бiр-бiр Жантық жетедi жан басына!..
Адам едiң...
Иықтым,
Сүйiктiм ең,
Ойдың,
Бойдың,
Болмыстың биiктiгi ең!
Алпыс екi өзенiң арқырап кеп
Телегейге жататын құйып кiлең!
Тұнығына тұшынып тұма көлдiң,
Жұмырыңа жұқ iздеп, бұлақ емдiң.
Алды-артыңа ақылмен сабыр салмай,
Асып-тасып, азғындап шыға келдiң!
Асқаныңмен,
Қанаңнан тасқаныңмен,
Сен емессiң иесi бұл әлемнiң,
Бұл әлемнiң иесi – мына Менмiн!!!
Жерден неге безiндiң,
Айды қалап?
Аспан емес, аңғарсаң, қайғы – қабат!..
Жарты нанға жарымай жарлы зарлы,
Қызыл құйрық Түлкiнi бай қуалап.
Жылқы жирен болғанда, түлкi құба
Жаны жамау жалқының жыртығына.
Қу дүниенi қуалап жүрген нәкәс,
Құм құйылса қайтер ең құлқыныңа?!
Жалмауызға жұғынды жұқ бола ма?
Нар жолында, қомында жүк қала ма?!
Жұмыр жердiң, ей, жұрты, құтырынған,
Құл-құтанша құлдық ұр Құтханаңа!!!
Одан өзге Жұмақ жоқ!
Тамұқ та жоқ!
Қайғы кешiп,
Қан жұтып,
Қамықпа көп.
Жайқаларсың,
Көктерсiң Жұмағыңда,
Жай табарсың
Тамұғың – табытқа кеп...
Сол болады Қиямет Қайым күнiң,
Жан аманда жататын жайыңды бiл.
Қуарады құм жұтып қу сүйегiң,
Уанады у iшiп уайым, мұңың...
Сол болады жазмышың,
Жазаң-дағы
Қазан түбi қаспағың,
Қазаң-дағы!..
...Муһминымды жоқтайды жұма сайын
Муадзинның ғазалы азандағы...
Адам (өзiне-өзi):
– «Де!» – дедi маған Жаратқан,
«Де!» – дедi маған,
Iшiнен iрiп-шiрiдi, себебi, ғалам.
Кеудесiн кернеп кесiрлiк,
Келеге келмей,
Керi тартады екен келгенде кемелiне адам.
Кемелiне адам келгенде,
Шерменде болып,
Керiлiп шығар кеңседен,
Кердеңдеп енiп.
Май басады екен желкесiн жетi елiдейiн,
Жерден де жерiп,
Жерұйық елден де жерiп!
Жұмыры менен жұтқыншақ,
Өңешi кеңiп,
Жұтқаны жұқпай,
Жүрсе де өлесi болып..,
Жата алмайды екен төсекте,
Жадынан шықпай
Кеуiлiн кеулеп керiмсал келесi жорық.
Тақ пенен баққа қол созып қомағай неме,
Қолайы келсе..,
Қонжияр қоладай дене.
Өңiңде көрген зәнталақ түсiңе енсе,
Зәреңдi алар аршылған моладай көне.
Өзiмшiл кеуде өзгенi елемес мүлде.
Елiңдi таппай қаларсың!
Ерегестiң бе?
Көктен де түскен,
Жетi қат жерден де шыққан
Жебiр де обыр жетпегiр сен емессiң бе?..
Идея бар да, идеал жоқ. Идеал жоқ жерде ұстаным жоқ. Саясат бар да, идеология жоқ. Идеология жоқ жерде сайқали саясат салтанат құрады. Атамзаманғы аксиома...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter