Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  103


Автор: Исраил Сапарбай

ТҰМАН

Көңiлдiң түрдiм iргесiн,
Көрiнбей үмiт сәулесi.
Түбiме жетiп жүрмесiн
«Өтпелi кезең» әуресi?
Иесiз иттей бұралып,
Аса алмай асу, кезеңнен,
Қоғамның ұрты суалып,
Заманның ернi кезерген.
Жауласа жанды дерт, бүлiк,
Жанардан қалай жас құрғар?
Азайып кеттi төрт түлiк,
Көбейiп кеттi «қасқырлар»!
Болмаса әдiл қазылар,
Бәйгеге басын кiм тiгер?
Азайып кеттi тазылар,
Көбейiп кеттi «түлкiлер»!
Тақуа, тақыр пақырмыз,
Тағдырдан қайтқан тауаны.
Алқына жұтып жатырмыз
«Уәде» деген ауаны...
Маңайды улап мас әнi,
Мазалы ұйқы бұйырмай,
Қаңтарда Күн де қашады,
Қия бiр шауып қиырлай.
Күнәдан күллi тазарып,
Шығар күн қайда?
Қайдам-ау...
Бозарып емес, сазарып
Қарайды маған Ай да анау.
Алдымыз толы күмәнға,
Алынбас «Қытай қамалдай»...
Адасып жүрмiз тұманда
Ақиқат ауылын таба алмай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу