Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  106


Автор: Исраил Сапарбай

МIНЕЗ

Ешкiмге қор болмайды азат басым,
Жанымды жар аймалап,
Жаз аптасын!
Тасты ою – таңдай қаққан тамшыға сын,
Қасқаю – қасқыр қандас қазаққа сын!
Басынып басымнан сөз асырмаңдар,
Ежелден егiз ұғым – Лашын, Заңғар.
Жетесi жетi атадан әрi кеткен
Талыстай тамырымда асыл қан бар!
Арудың ақ мәмесiн езген кеуде
Жарайды жан жақұтын безбендеуге.
Көзiнде жалт ойнаған жануардай
Жалымды сипатпаймын кез келгенге!
Сақтаған сары алтындай ақыл кенiн
Сарайым – сайын дала,
Шатыр – көгiм!
Iлкiде Iбiлiстi жайпап өтер
Iшiмде жасын бұғып жатыр менiң!
Жалғыздың жаны жұмбақ,
Жолдасы – мұң.
Шырынға шыбын қонса, ол да шығын.
Сом бiлек солақайдың сойылындай
Сойқанды сап жүрмесiн сол жасыным!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу