Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  157


Автор: Тұрсын Жұмаш

МАХАББАТ МҰҢЫ

Сенің жазған хаттарыңды сақтағам,
Сенсіз қалай Өмір сүрем, бақ табам.
Саған арнап өлең жазып өзімше,
Бір Құдайдың алдында сол ақталам.
Біздің ауыл шетіндегі Қайыңға,
Барып қайтам Сенің туған айында.
Ол да бәрін түсінеді, сезеді -
Ол да үнсіз беріледі уайымға.
Ақ қайыңға қызығады бар Адам,
Қорғап жүрмін балтадан да, арадан.
...Сен бір қызық адамсың-ау, Досым-ай,
Ғашық жүрек жазыла ма жарадан.
Мен не дейін. Ол да маған не десін,
Бір көруге зар болып ем елесің...
Бір жалт етіп қарайды да, қайтадан
Қара жерге жасырады денесін.
Қара жерде қалмағандай ешкімім,
Қимасам да, кетіп барам, КЕШ КҮНІМ.
Ақ қайыңға барғым келмей жүр еді,
АСПАН жақтан дауысыңды естідім...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу