Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  115


Автор: Тұрсын Жұмаш

ӨМІРГЕ ҒАШЫҚ ЖҮРЕК

Мен кетемін Өмірден тымық таңда,
Мені ойлауды сен бір түн ұмытқанда.
Мен кетемін...күлімдеп Күн шығады,
Күнмен бірге күрсініп үн шығады.
Мен туралы ойлама, жырақтанба,
Қара шәлі жамылып, жылап таңда,
Қабіріме келмегін, гүл екпегін...
Қабірімді құшпасын білектерің.
Саған деген Махаббат жүректегі -
Сенде қалсын, ең соңғы тілектерім.
Сенде қалсын дүние-мүліктерім,
Мен өмірде жүрмедім, күліп тегін.
Алтын, күміс жүректі жылытпайды,
Мен қашанда байлықты бүлік дедім.
Сен менің шыдай алмай, тасқыныма
Ақырында қара жер басты мына...
Жердің үсті жарқырап тұрғанымен,
Қара түнек екен-ау асты мына.
Кім періште дейсің-ау, кімдер пенде,
Нұр жаусын жанымды ұға білгендерге.
Бұл жалғанды қиналып, қимасам да,
Көзім алды таң ата түрленгенде.
Өлең жаздым... өлмеуге тырыспадым,
Құдайға қарғыс айтып ұрыспадым,
Төсегімді қайтадан жайлап салып,
Басымды құбылаға дұрыстадым.
Ақ самал тұрушы еді есіп күнде,
Ашылғанын сезбедім есіктің де...
Анамның ақ жүзіне қарайладым,
Құлағыма жетті үні бесіктің де.
Көз алдымда Балқантау теңселеді,
Неткен асқақ, айбынды, енселі еді.
Мен де солай Өмірден өтсем керек,
Өтпей тұрып, сен маған келсең еді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу