Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  105


Автор: Тұрсын Жұмаш

ШЕР

Мұқағали Мақатаевқа
Көзі мұңды, тұлғалы, иығы кең,
Қарайды да тұрады Ол Биігінен,
Шеріне шер қос қызып алды ма Ақын:
Қинала ма,
таба алмай күйігіне ем?
Алып ақын тауларға сүйенеді,
Ойланады,
Орманга жиі енеді,
Бір басына төндіріп қара аспанды,
Қара құрттар
Жүрегін күйеледі...
Тәңірге жалбарынып таң атырды,
Көз алдыңда қала емес, Дала тұрды.
Хантәңірді ойлады, Қарасазды
Шыдамады,
Ақыры қанат ұрды.
Ұшты биік, бұлттардың үстіменен,
Қарасазы жарқ етіп, түсті төмен,
Туған жерге
табанын тигізіп тұр,
Сағынышы ақынның күшті де, ерен.
Сағынышын жеткізіп көпке деген,
Құрбысына болады Ол өкпелеген...,
Тауларға
алып-ұшып бара жатты
Өміріне айналып кеткен Өлең.
Хантәңірдің толғанып тұр басында,
Бір ұқсастық бар оның тұлғасында,
Жалғыздығын
түсініп жылап тұрды,
Ұлы ақын туатын бір ғасырда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу