Өлеңдер ✍️
Оқылмаған өлең
Ассалаумағалейкум,
ау, халайық!
Назарды енді өлеңге аударайық.
Жер сілкініп,
апаттан аман қалдық,
Өлеңнің сілкуінен сау қалайық.
Сілкінер өлең десе,
көңіл самғап,
Мамықтай үлбіреп тұр жеңіл салмақ.
Дайындап өз толғамын Ораш жайлы,
Сөйлеуге бусанып тұр небір саңлақ.
Бүгінгі зор жиынның мәні басқа,
Жүйкеге жоқтаған зар дарымас па,
Қадірлеп қабырғалы қаламгерді
Жиналып кеп қалғанда бәрің асқа.
Тұрлаусыз тіршілікте жоқ тиянақ,
Ізінен аңдығандай оқ қиялап.
...Себепші болғандайын ажалына
Киліккен жанамалап көп қиянат.
Пенде боп тірлігінде бақыладық:
Сыр бермес бейбіт күннің батыры анық...
...Апайын, ата-анасын, қарындасын,
қосағын
жөнелткенде қапы қалып.
Кеткендей бойдан қуат,
қолдан қауқар,
Көкірек толып кеткен шермен кемтар.
Қаралы хабар суыт жеткен кезде
Күдік пен үміт бірдей –
сергелдең хал.
Тағдырдың тәрк еткендей жайсаң мәнін,
Қиылды-ау қаймықпаған қайсар жаның.
Қайғыңды бүкіл қазақ бөліскенде,
Туған жер көтермейтін қай салмағың?!
Қазақпыз туырлықты, керегелес,
Өткерген көзімізден нелер елес.
Үзіліп Гималайдың ар жағында,
Жыл бойы жоқтасақ та,
келер емес.
Тұрған бой қасиеті әулиенің,
Тұнған ой өсиеті тәрбиенің.
Таратып айту үшін соның бәрін
Тағы да отқа жақын мен күйемін.
Туған жер – бабаң жүрген киелі аймақ,
Марал жон тау жотасы – түйе мойнақ.
Асқақ тұр Оралханның “Мұзтау” шыңы,
Жеткізбес биігіне қиял ойнап.
Жиналып келіп жатыр қалың елің,
Әкеліп күй мен сазын, әні-лебін.
Жетіпті Алматыдан ат арытып,
Қалихан, Дидахмет, Әлібегің.
Шуағы қатарыңа мол тараған,
Шақырып қызметке қолқалаған,
Түлетіп өзің тектес дос-жаранды,
Осында бастап келген Шерхан ағаң.
Пырағы Оралханның жосатындай,
Шиыршық атқан жүйке босатылмай.
Нағашың – батыр тұлға Бошай келді
Асыңда үш қарасын қосатындай.
Тамырлы тереңдетіп түсінігін,
Шалымды кемелді етіп кісілігін,
Асығып Өскеменнен ұшып жетті
Тұрғазы, Серік, Ғалым, Мүсілімің.
Ақтарып сенен қалған сан дәптерді,
Саралап қолжазбаңды...
талдап белгі...
Көзіңнің қарашығы – Айхан, Айжан,
Сөзіңнің жанашыры – Ардақ келді.
Дағдылы қамын жасап...
пенделікпен,
Дәстүрді жалғастырып елге біткен,
Қолыма қос томыңды алған шақта
Ауада тұрып қалдым...
тербеліп мен.
Сейіліп еңсені езген басқан қайғы,
Еліңнің туы биік аспандайды...
Оралхан!
Қанат байлап Алтайға жет,
Өзіңсіз мынау жиын басталмайды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter