Өлеңдер ✍️

Достық
Кетпесін деп өмірдің босқа сәні,
Адам біткен өзара достасады.
Талдырмасын тамшыдай тандырыңды
Тағдырыңның қамшыдай қысқа сабы.
Табыстырып кездейсоқ нарық сапар,
Достасады саудагер, алыпсатар.
Дәрежеңді айқындар шапан барда,
Деңгей қайсы саудаға ар ұқсатар?!
Ұластырып аққудың әнін қазға,
Достасады жарамсақ, жағымпаз да.
Домбыраның тиегі саудаланбас,
Домбытумен үн бітпес дауылпазға.
Опа бермей құлшынған жас тілеуге,
Достасады қаскүнем, маскүнем де.
Тоқтың асы топырақ татығанда,
Құмартады неліктен аш кілемге?!
Көзін сатып дәнігіп жылымшыға,
Достасады нашақор, шылымшы да.
Дейтін бар ма: “ертеңім не болады?”
Дейтін бар ма: “тәуекел, бүгін шыда!”
Қасақана қойғандай қызықтауға,
Достасады момын мен бұзықтар да,
Сандығыңның түбінде сүрі барда,
Кебеженің түбінде шұжық барда.
Думан жасап тойлатып, сайрандауға,
Достасады әулие, пайғамбар да,
Қазаныңның түбінде қаспақ барда,
Шелегіңнің түбінде айран барда.
Құйылғанда ағылып дән қырманға,
Достасады адал мен антұрған да,
Талысыңның түбінде сайман барда,
Қобдишаңның түбінде алтын барда.
Тілін тапса десең де жуыр маңда,
Достасады өңсіз бен сұлулар да,
Шәугіміңнің түбінде шайың барда,
Самауырдың түбінде суың барда.
Заман қысып тарылып, қусырғанда,
Достасады танысып қу, сұмдар да,
Күбі саба түбінде қоры барда,
Торсығыңның түбінде сусын барда.
Қатпар уақыт тоңынан аршылар ма,
Достасқанда мырза мен жалшылар да,
Қиын күнге сақтаған шиша барда,
Саптыаяқтың түбінде тамшы барда.
Өкпе тарқап, реніш арылғанда,
Адам біткен достаспай дамылдар ма,
Астауыңның түбінде асың барда,
Саптыаяқтың түбінде дәмің барда.
Құлақ құрышын қандырып ұрысқанда,
Достасады қыңыр мен қырыстар да,
Аяғыңның түбінде сарқыт барда,
Табағыңның түбінде ырыс барда.
Мәмілеге келердей жиындарда,
Достасады қисық пен қиындар да,
Төс қалтаңның түбінде теңге барда,
Жан қалтаңның түбінде тиын барда.
Пешенеге жазылып бұйырғанда,
Достасады шалғайдан, қиырдан да,
Жүрегіңнің түбінде сезім барда,
Қауашақтың түбінде миың барда.
Адал достық қалдырмас сөзін дауға,
Достық жібі үзілмес төзім барда,
Ала жіптен аттатпас ақыл барда,
Бәрін болжар көкірек көзің барда.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇