Өлеңдер ✍️
Жылқы жылы
Өліп барып тірілген тілім менің,
Жөн дер “Қызыл кітапқа” тігілгенің.
Сен мемлекеттік мәртебе алғаннан соң,
Тыныстады-ау еркіндеу бүгін демім.
Бар екен ғой тілектес азаматың,
Балқып ана тілінде жазады атын.
Біздің халық – қашаннан ақын халық,
Тілі болса,
болады қазақ ақын.
Жариялап сыр-жұмбақ ашылатын,
Жоқ құпия іште өліп жасыратын.
Жатталғаны жадымда өлеңдері
Жылымықтың басында Қасым ақын.
Шарықтатты сол кезең жыр ұясын,
Жадыратса жаныңды жымиясың.
Өлкесіне оралды Сәкен ақын,
Бейімбет пен қолтықтап Ілиясын.
Тұрғандайын жадырап бар айнала,
Байқоңырдан үңілсең шар айнаға.
Жамбылды да тоқырау ұмыттырып,
Тілдің туын көтерген Абай ғана!
Өзге тілге сөзім жоқ,
шатағым жоқ,
Өз тілімнің бал дәмін татамын көп.
Ақтаңдақтан Ахмет, Мағжан келді,
Міржақып боп, Жүсіпбек, Шәкәрім боп.
Жеке тиіп наурыз бен айты, сірә,
Жетеді үнім жұртымның қай тұсына?!
Әлеуметтік биікке көтерілді,
Жаңғырығып қазақтың айтысы да.
Жамағатқа тілімнің бірдей мәні,
Жете соны түсінбей жүр бейбағы.
Қазақ қазақ болғалы,
биыл тойлап,
Өтіп жатыр өзгеше Тіл мейрамы.
Жақсылықты қонар деп күту ғажап,
Қайта құру ұшырған пікірді азат.
Ана тілін қастерлеп,
мен сенемін,
Болашақта сөйлейді бүкіл қазақ!
Шын-ақ артта қалды ма нелер сұмдық,
Кезеңдерден кезеңге келем сырғып.
Жылқы жылы – Тілімнің мерекесі,
Жылқы жылың ілгері деген шындық.
Тарқамасын мәңгілік бұл – мерекем,
Өркен жайса,
өңірім гүлдер екен.
Мүмкін емес жүруім қазақ болып
Тілім кетсе, құримын,
бірге кетем.
Жыр – тентегі қазақтың,
ән – бүлігі.
Жарқын-жарқын шығады жаңғырығы.
Азаматтың арманы – қолдайтыным,
Ойлайтыным – тілімнің мәңгілігі.
Бар мақсатым, бар ойым, бар ақылым,
Көркейсін деп тілейді ана тілім.
Тоқтамайды тілімнің әрекеті,
Алып жатсын тау таныс,
дала тыным.
Сөз айтпаймын өрнексіз, оқасыз ғып,
Шешендікпен шықпады топас үздік.
Қарсы келіп анама көрген жоқпын,
Жасамаймын тіліме опасыздық.
Тілдің қамы ойымды түршіктірген,
Кетер ме екен жоғалып қырсық бірден?!
Қазақ тілі қоғамы құрылған кез
Жарасады көктемде бүршік бүрмен.
Өліп барып тірілген тілім менің,
Жөн дер “Қызыл кітапқа” тігілгенің.
Сен – мемлекеттік мәртебе алғандықтан,
Тыныстайды еркіндеу бүгін демім.
Құлын-тайдай баптасам түзу түбін,
Құрылтайға көркем сөз тізілтуім.
Қазақтардың бәрінде жалғыз тілек:
“Қызыл кітап” көрмесін қызыл тілім.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter