Өлеңдер ✍️
Сурет
Майлы бояу...
Майлы сурет...
Майлы аспан.
Төр жайлауда малшы ауылы жайғасқан.
Мен қараймын көңіл шөлі қанбастан,
Мен қараймын көңіл көзі тоймастан,
Қарай бердім ертелі-кеш қоймастан.
Жайлау осы –
малшы ауылға мекен дүр.
Жаз ортасы бүршік жарған шетен гүл.
Ән салғандай әсер етіп сол сурет,
Қарсы алғанда әнге айналып кетем бір,
Әнге лайық сырлы сурет екен бұл.
Сурет шертіп шежірені бір-бірлеп,
Домбыраның шанағындай күмбірлеп,
Долан топшы, шырғанақ та, шәңгіш те,
Жаз ортасы болып қалсын, тұр гүлдеп,
Бұл маңайдан қашып жатыр мың бір дерт.
Сұлу дейтін сұлу емес
тартымды,
Сол суретте
сүйкімді бір жан тұрды.
Сол суреттен қарапайым келіншек
Тірі өмірге шығардай-ақ талпынды,
Көрген жанның көзқарасы әртүрлі.
Сұлу дейтін сұлу емес,
Дегенмен
Сол суретке қайта-қайта келем мен.
Көрген халық ынтық болып көрмеде,
Сол суреттің қасиетіне кенелген,
Айналсаң ғой мұны салған шеңберден!
Майлы бояу...
Майлы сурет...
Майлы аспан.
Төржайлауда малшы ауылы жайғасқан,
Мен қараймын көңіл шөлі қанбастан,
Ол қарайды от жанары таймастан,
Жанды сурет! Екенсің ғой бай дастан!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter